Осыған орай, бүгін Маңғыстау облысында мемлекеттік кірістер департаментінің 2017 жылғы қызметінің қорытындысы мен 2018 жылға салық салу базасын кеңейту бойынша міндеттері туралы, ҚР Салық және Кеден кодекстерінің негізгі өзгерістерін түсіндіру бойынша семинар жиналыс өтті.
2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыста барлығы 632 914 салық төлеуші тіркелді. 2017 жылы ішкі сауда айналымы, импорттық-экспорттық операцияларды қоса алғанда, 4 711 млн. АҚШ долл. құрады.
-2017 жылдың қорытындысы бойынша ҚР ҚМ МКК құзырындағы шоғырландырылған бюджеттің жеткізілген жылдық жоспары 147,0%-ға орындалып, бекітілген жоспар 486,6 млрд.теңге болса, нақты 715,3 млрд.теңге түсті. Жергілікті бюджет – 97,3 % (жоспар 127,9 млрд.теңге болса, нақты 124,4 млрд.теңге түсті) орындалды. Маңғыстау облысы бойынша жалпы борышкерлер ішінде ең ірі және қиындық тудырып отырған 2 борышкер бар, олардың негізгі берешек сомасы 9,7 млрд. теңге көлемінде болып, облыс бойынша жалпы бересі сомасының 67,8% құрайды.
- «Казполмунай» ЖШС негізгі бересі 6,1 млрд. теңге;
- «Толкыннефтегаз» ЖШС негізгі бересі 3,6 млрд. теңге.
Бүгінгі таңда аталған борышкерлерге қатысты Салық кодексінде көзделген барлық мәжбүрлеп өндіру шаралары толықтай қолданылған. Сонымен қатар, бұл борышкерлер мәселесі қазіргі кезде 2010 жылдан бері Арбитраждық сотта (Стокгольм,Швеция) және де Англия жоғары сотында (Лондон) қаралуда» деді өз баяндамасында Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов.
- Аудандар мен қалалар әкімдері салық төлеушілердің жауапкершілігін арттыру үшін облыстың салық салу базасын кеңейтуге, жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін ұлғайтуға барлық қажетті шараларды қолдана отырып, күш салу керек. Мемлекеттік сатып алу басқармасына тендер өткізу кезінде әлеуетті мердігерлерге техникалық талаптарға және салық ауыртпалығы мен жұмыс орындарын құру шарттарына сәйкес қойылатын талаптарды енгізу туралы мәселені қарастыруды тапсырамын. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамытудың маңыздылығын үнемі атап өтеді. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын кеңейтудің арқасында кәсіпкерлік белсенділік жеткілікті деңгейде өсті, деген Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов бюджет түсімдерінің бүгінгі жағдайы, осы бағытта алға қойылған шаралар, 1 қаңтардан бастап күшіне енген Салық кодексінің жаңашылдықтары туралы айтып, салықтық базаны күшейту мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді.
2017 жылы шағын және орта бизнестің субъектілеріне 1,4 млрд. теңге көлемінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қаржы бөлінді. 2017 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 200-ден астам кәсіпкер осы қаражатқа ие болды. Бұл 4 036 жұмыс орнын сақтауға және қосымша 1,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Жиын соңында 2017 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік салық төлеуші» мен «Үздік сыртқы экономикалық қызметке қатысушы» үздіктер марапатталды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы