Енді Ақсай қалалық №8 жалпы орта білім беретін мектебі аталатын бұл білім ғимаратына өткен жылы ғана пайда болған 100 үйлік Аралтал шағын ауданының балалары барады. Мектеп ғимараты толықтай заманауи үлгіде салынып, қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етілген. Мұнда спорт залдары, асхана, зертхана кабинеттері мен шеберхана, сондай-ақ шағын орталық жұмысына арналған арнайы орындар ашылған.
Мектеп ғимаратының ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысып, барлық ата-аналар мен мұғалімдерді, оқушыларды айтулы оқиғамен құттықтады.
- Елбасы биылғы Жолдауының «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші бағытында еліміздегі білім беру саласына ерекше көңіл бөліп, бұл істе озық жүйені қалыптастыру керектігін айтқанына тоқталды. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да мемлекеттің алға дамуы тек білімнің салтанат құруы арқылы ғана мүмкін деп айтылған. Бұл орайда облыс көлемінде атқарылған ауқымды істер көп. Жыл сайын білім сапасын көтеру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағытында тынбай жұмыс жасалып, жаңа білім беру нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр, - деді Ғабидолла Оспанқұлов.
Өткен жылы батыс Қазақстан облысында 24 білім беру нысаны салынса, биыл қаңтар айының өзінде жаңадан 2 мектеп пайдалануға берілді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген Айбатыр НҰРАШ
Батыс Қазақстан