Ал әлемде қос елдің арасындағы ең ұзын шекаралардың бірі болғандықтан, бұл проблема орын алған өңірлер бізде, өкінішке қарай, өте көп. Оған күншығыстағы Өскеменнен Новосібір мен Барнаулға, Павлодардан Омбы мен Томға, солтүстіктегі Қызылжардан Түмен мен Екатеринбургқа, Қостанайдан Челябі мен Уфаға, батыстағы Ақтөбеден Орынбор мен Самараға, Оралдан Саратов пен Волгоградқа, Атыраудан Астраханьға бет алатындарды мысал ретінде көптеп айтуға болады.
Олар Ресей Федерациясының субъектілерінде оқығаннан кейін көбінесе туған еліне орала бермей, қалып қояды. Яғни Қазақстан тарапы басқа мемлекеттің экономикасы мен әлеуметі үшін қаржы шығындап, орта білім берген болып шығады. Бұл – ақыл-ой көші. Экономикаға пайдалы жастық қуаттың, жұмыс әлеуетінің кетуі. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Осы орайда біз өз өңірімізде өссе де, өзектен ешкім теппесе де өзгеге телініп бара жатқан бүгінгі буынның бұл бет алысын таразылаған едік.
Облыстық білім басқармасы берген мәліметтер бойынша, былтыр 3614 оқушы мектепті аяқтап, 2094-і ғана ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Бар-жоғы 60 пайыз! Жыл өткен сайын бұл көрсеткіш құлдырап барады. Оның бір ұшығы түлектердің өз елінің оқу орнынан гөрі шетелдің білім ордасын таңдауына келіп тіреледі. 2011 жылы 2638 жас өз тағдырларын Қазақстанның жоғары оқу орындарымен байланыстырса, былтыр бұл деңгей 2 есеге дейін төмендеген. Керісінше, осы мерзім аралығында Ресейге білім іздеп кеткендердің саны 8 есеге жуық көбейген.
– Облыс көрші елдің үш өңірімен шектеседі. Ежелден ауылымыз аралас, қойымыз қоралас тарихи дәстүріміз бар. Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде құжаттық ресімдеу мәселелері оңтайландырылғаннан кейін қарым-қатынас тіпті көбейді. Шекаралас аймақтарға қатысты қабылданған меморандумдар шеңберінде білім саласына қатысты бірқатар жеңілдікті келісімдер қарастырылған. Осы жағын ескермей болмайды. Екіншіден, жастардың таңдау еркіне, талап-тілектеріне шектеу қоя алмаймыз. Әрине, олардың өзге елдерге жаппай кету толқыны бізді де толғандырады. Оған барынша тосқауыл қою, алдын алу мақсатымен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен бірлесіп, кәсіптік бағдар берудің кешенді жоспары қабылданды. Түрлі кездесулер өткізіліп, еңбек нарығына қажетті салалар мен болашақ мамандықтарды таңдау бойынша ақыл-кеңестер беріледі. ЖОО-ның кәсіби бағдарламалары таныстырылады. Назарбаев университетінен, КИМЭП-тен өкілдер келіп, мектеп ұжымдарымен, оқушылармен кездесті, – деді әңгімелескенімізде білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожина.
Десек те, шаралардың атқарылып жатқанына қарамастан, олардың жеткіліксіз екендігі, көбіне науқандық сипатпен шектелетіні байқалмай қалмайды.
Жұртшылық арасында «облыс орталығында орналасқан элиталы орыс мектептері түлектерінің көпшілігі ҰБТ тапсыруға құлықсыз, өйткені оның тәртіп-ережелерін қиынсынады. Оған қарағанда Ресей жағы көптеген жеңілдіктер, артықшылықтар ұсынатындықтан, жастарымыз көбіне сол жаққа қарай ұмтылады. Ең керегі – ақысыз оқуға түсу. Қазақстанда оқу ақысы қымбат, сондықтан шекара асуға мәжбүр. Бәрі жайлы, көңілдегідей болса, өскен ортасын, туған-туыстарын қиып кетпес еді», деген пікірлерер жиі айтылатындықтан «ЛОРД» дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-лицейдің директоры Гүлжан Жақановаға жолығып, сөйлескен едік. Өйткені бұл мектеп – облыстағы маңдайалды ұжымдардың бірі. Физика-математика, жаратылыстану-математика және лингвистикалық бағыттарға бейімделгендіктен, көршілеріміз ат басын жиі бұрып, жан-жақты байланыс орнатуға пейіл.
– Осы қызметке кіріскеніме үш ай ғана. 1993 жылдан бері лицейді 445 түлек бітірген екен. Қазір олардың қандай оқу орындарын аяқтап, қайда жұмыс істейтіндері жайлы толық мағлұматты жинастырып жатырмыз. Түлектеріміздің арасында шетелдерде білім алып жатқандарының үлесі басым. Мәселен, былтыр 18 түлектің 14-і Ресейдің жоғары оқу орындарын таңдап, 11-і тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. Қазақстандағы оқу орындарының базасы да, кадрлық құрамы да осал емес. Білімге қаржы жеткілікті бөлінеді. Демек, сапалы мамандарды өзімізде де дайындауға болады деген сөз. Менің ойымша, ресейліктер, ең алдымен, теріскейлік жастардың алғырлығын, зейінділігін, білсем-оқысам деген құштарлығын ерекше бағалайтын сияқты.
Дмитрий Должников қазір АҚШ-тың Чикаго университетінде ұлттық зертхананың меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы. Қарындасы Алена химия философиясының докторы, Голландияда қызмет атқарады. Екеуі де оқуды Ресейде бітірген. Осындай талантты жастарды тарту үшін небір әлеуметтік жеңілдіктер ұсынып, алып кетуге тырысады. Тегін білімнің қайтарымы болатынын олар жақсы түсінеді, – деді Гүлжан Шәмілқызы.
Қазірдің өзінде мұнда ресейлік ЖОО-лар тарапынан ғаламтор арқылы кәсіби бағдарға арналған жарнамалық-ақпараттар толассыз түсіп жатқан көрінеді. Жуық арада өкілдер келіп, жүзбе-жүз кездесулер өткізетіндерін хабарлапты. Қазақстан жағы... әзірге үнсіз.
Талантты жастардың шетелге жаппай кетуі қалалық «БЭСТ» гимназиясында да қалыпты үрдіске айналған. Гимназия директоры Надежда Заиченконың айтуынша, шетелде білімі мен біліктілігін жетілдіріп келгеннің еш айыбы жоқ. Мәселе туған жерге оралудан қашқақтайтыны. Өйткені, жұмыспен қамту, тұрғын үй жайы шешімін таппай ма деп жүрексінеді. Қаншама дипломды жастар бос сенделіп жүр. Қазақстанда жолы болмағандардың бірсыпырасы сыртта тегін біліп алып жүргендері сондықтан. Мысалы, Омбының кез келген жоғары оқу орны теріскейліктерге тегін біліммен қатар жұмыс та ұсынады екен. Ақылы оқудың өзі қолжетімді. Омбы, Том, Қорған, Түмен ЖОО-ның байланысы мықты. Жастарды тартудың небір амалдарын қолданады. Баланың қарым-қабілетін таныса, емтихан алудың орнына әңгімелесумен ғана шектелетін жағдайлар да кездеседі. Оқушыларымыз СҚМУ-ге экскурсия жасап, овсерваторияны тамашалайтын. Қазір осы байланыстар үзіліп қалды. Былтыр мектеп бітірген 52 түлектің 31-і Ресейде бағын сынап, 22-і тегін оқуға қабылданды. Қазақстан бойынша 12 үміткерден 2-уі ғана грант иеленді. Ащы шындық болса да мойындауға тура келеді, деген Надежда Васильевна тағы бір проблеманың ұшығын шығарды. Ол жергілікті жерлерде сұранысқа ие мамандардың дайындалмайтынын, оның ішінде орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі тапшы екенін қынжыла жеткізді. Қазақстанда кей мамандықтарға басымдық беріліп, грант молынан бөлінетін көзқарасты өзгерту керек, дейді.
Осы жерде мемлекеттен жұмсалған орасан қаржы осылай сұраусыз кете бере ме деген ой туады. Мәселен, биыл «ЛОРД» лицейіне 91 миллион, «БЭСТ» гимназиясына 231 миллион теңге бөлінген. Ал бір оқушыға жылына шамамен 250-300 мың теңге қарастырылатынын есептесек, бейне-бір бөгде ел үшін кадрлар әзірлеп жатқандай әсерде қалады екенсің. Өйткені, елге қайтару жайы да мүлдем көңіл көншітпейді. Оған талдау жасап жатқан бірде-бір мекеме көрінбейді.
Иә, дәл сол деңгейде білім беретін ЖОО-лар елімізде көптеп саналса, өңірде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ғана. Оның атына сын айтушылар да аз емес. Бұрын мұнда 12-14 мыңға дейін студент дәріс алса, бүгінгі күні үш есеге дейін азайған. Оқу ақысын кез келгеннің қалтасы көтере бермейтіні өз алдына бөлек әңгіме.
Осындайда «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген сөз де еріксіз еске оралады екен.
Бізге биыл мектеп бітіргелі отырған бір оқушымен телефон арқылы тілдесудің сәті түсті. Аты-жөнін атамауды қалаған өзіміздің жасөспірім Қазақстанда емес, Ресейде білім алуға ниеттілігін ашық айтты. Оған қазақстандық ҰБТ сертификатын талап етпейтінін, тілдік кедергінің жоқтығын, оқу ақысының төмендігін көлденең тартты. Осыған қарағанда жас талапкерлер үшін шетелде білім алу тиімді болып тұрған секілді.
СҚМУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ербол Исақаев гимназия директорының кейбір сындарын жоққа шығарғанымен бәсекеге қабілеттілік қарымымыздың төмендігін, оған бірқатар факторлар әсер етіп отырғанын мойындады. Білім басқармасымен бірлесіп жасалған кәсіптік бағдар беруге арналған кешенді жоспар аясында жүргізілген шаралар барысында М.Жұмабаев ауданындағы мектеп түлектерінің 70-80 пайызы оқу іздеп Ресей асып кететінін, бұл мәселе шекара аймағында түйінді мәселе болып табылатын алға тартты. Келіспеске шара жоқ..
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы