Кеңес Төрағасы, Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Сергей Громов Кеңестің негізгі міндеті жергілікті мемлекеттік және өзін өзі басқару мен аймақтарды дамыту саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстар әзірлеу екенін еске салды. С.Громов атап өткендей, Мемлекет басшысының конституциялық реформаларын іске асыру аясында Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихаттар алдына биліктің әр тармағына жауапкершілік пен өкілеттікті толық көлемде іске асыру туралы маңызды міндет қойылып отыр.
Отырыс барысында Кеңестің 2018 жылғы жұмыс жоспары бекітілді. Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыруға арналған Кеңес мүшелерінің отырысы, сондай-ақ Қарағанды облысында өтетін көшпелі отырысы жоспардағы негізгі шаралар қатарында көрсетілген. Көшпелі отырыста аймақтағы жергілікті мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланбақ.
Отырыста ұйымдық мәселелер де қаралды. Сенатор Асқар Бейсенбаев Кеңес төрағасының орынбасары, ал сенатор Төлеубек Мұқашев хатшысы болып сайланды.