Қазақстан Республикасының бюджеттік жүйесі дамуының заманауи кезеңі бағдарламалық-мақсаттық жүйесін енгізу арқылы бюджеттік шығыстардың тиімділігін арттыру болып табылатын «шығыстарды басқару» үлгісінен «нәтижені басқару» үлгісіне ауысуымен сипатталады.
Аталған әдіс бюджеттік ресурстарды қоғамдық маңызды нәтижелерге жетуге бағытталған қажеттілік қана емес, мониторинг жүргізе отырып, белгіленген соңғы мақсаттарға жетуді бақылауға да мүмкіндік береді.
Мақсатты бағдарламаларды іске асыру үшін бюджеттік шығыстардың тиімділігін үнемі бағалау Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына қойылған міндеттерді орындау, бюджеттік үрдістің айқындық деңгейін жақсарту, сондай-ақ жұмсалған бюджеттік ресурстардың мақсатын, көлемі мен нәтижелердің ақпараттық қолжетімділігін (әрбір адамға түсінікті түрде) қамтамасыз ету үшін қажет.
Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауына сәйкес тиімділіктің басты критерийі – біздің салымымыздың қайтарым деңгейі.
Бүгінде мемлекеттік қаржыға басты талап – бюджеттік шығыстардың тиімділігі. Өз кезіндегі мемлекеттік шығыстардың қауырт өсуі еліміздің бұрынғы көптеген маңызды салаларының қызметін жеткіліксіз қаржыландыруды өтеу қажеттілігімен дәлелденді. Бірақ қазіргі кезде туындаған мәселелердің орнын бюджеттік қаражатты бөлу ағынымен толтыруға болмайды. Еліміздің барлық қызмет саласында бірінші орында тиімді, әрбір бюджет теңгесінің нәтижелі жұмсалу критерийі болуы тиіс.
Дебиторлық берешектерді қысқарту бойынша жұмыстар бюджет шығыстарының тиімділігін арттыруға бағытталуы тиіс. Әр жылда басталған бюджеттік-инвестициялық жобалар әртүрлі себептермен тоқтатылған немесе қаржыландыру толық бөлінбеген, тіпті одан кейінгі жылдарда аталған объектілер бойынша қаражат бюджетке салынбаған.
Осының барлығы дебиторлық немесе кредиторлық берешектің пайда болуына, объектінің консервациялануына, жобалау-сметалық құжаттаманың қымбаттауына, объектіні пайдалануға беру мерзімінің бұзылуына, соңғы нәтижеге жете алмауға, сайып келгенде, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкеліп соғады.
Табыстың басты критерийі жобаларды уақытында аяқтау болып табылады. Күн сайынғы кідіріс кірістің алынбаған белгілі бір сомасына қосылып, нәтижеге бағытталған бюджеттеуге жете алмауға, тіпті аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға да әсер етеді.
Тағы да маңызды сәттің бірі – бюджетті жоспарлау және сараптаманы, қаржылық-экономикалық негіздемені (ҚЭН), техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) қалыптастыру сапасына әртүрлі деңгейдегі басшылардың тікелей жауапкершілігі қолданыстағы заңнамамен қарастырылмаған.
Елбасымыз экономикада мемлекеттің қатысуын неғұрлым азайтуға шақырған болатын. Ведомствоға қарасты ұйымдар көрсететін консалтингтік, сараптамалық қызметтер өздері беретін кеңестер мен қорытындылардың тиімділігіне байланысты тексерілуі тиіс. Қаржылық-экономикалық есептеулер дұрыс жасалмаса, еліміз бен мемлекет бюджетіне келтірілетін зиян орасан болмақ. Оны бюджетті атқарудағы, атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу тәртібі бойынша анықталған бұзушылықтармен салыстыру мүмкін емес. Ал негіздеменің басты мақсаты – Үкіметке инвестициялық жобаларды басқаратын кірістер өлшемімен орны толтырылатын бюджет шығыстарын көрсету.
Заңнамада есептеулер мен басқа негіздемелердің дұрыс жасалуына, сондай-ақ нақты негіздемелерге сай құрылыс бойынша жобалар, ұқсас жобалардың іске асырылуына барлық қатысушыларға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған жауапкершілік болуы тиіс. Бұл ретте декларациялар мен бастамалар емес, бюджеттік инвестициялардың нәтижесі мен қорытындысы маңызды болуы қажет.
Заманауи мемлекетіміздің «100 нақты қадам» бес институттық реформасының «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» V тарауын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасында барлық азаматтар үшін қолжетімділігі заңнамамен қорғалатын, мемлекеттік құпия және ақпараттан басқа, мемлекеттік органдардың иелігіндегі әртүрлі ақпаратты алуға мүмкіндік беретін «Ашық үкімет» құру қарастырылған.
Бүгінде бюджеттік инвестицияның нәтижесі бойынша бюджеттік несиелендіруде, мемлекет қарызы мен мемлекеттік кепілдіктерде тікелей де, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталына қатысу түрінде де жеткілікті айқындылық жоқ.
Барлық мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін бюджеттік инвестиция санының нәтижесін, мәселен керует-орындардың, оқушылардың, зейнеткерлердің, автожолдардың ұзақтығын, тамақтану шығыстарының нормасын, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және т.б. сандық және сапалық көрсеткіштерімен жариялау үшін бірыңғай ақпараттық жүйе құру қажет.
Бюджеттің ашық болуы еліміздің экономикалық дамуына бірден-бір әсер ететін көптеген факторлардың бірі, осы орайда процестер мен ақпараттардың жасырын болуы мемлекеттік органдарда жемқорлықты тудырады деп есептейміз.
Рахат ТОҚБАЕВ,
Астана қаласы бойынша қазынашылық департаментінің басшысы