Суретті салған Айдарбек Ғазиз, "Егемен Қазақстан"
Ағылшынша жазылған бір-екі ауыз сөз туралы ештеңе айта алмадық. «Алдымен өз ана тіліміздегі сөздің сауатты жазылуына көңіл бөліп алайық» дедік. Орыс тілінде жазылған сөздер мен сөз тіркестерін жазуда мін жоқ, ал мемлекеттік тілдегі жазу сауатсыз, қалай болса солай жазылған.
Тасымалдаушының атауы да «ТОО ТУРКСИБ АСТАНА» екен. Бұл тасымалдаушы серіктестік өз атауын мемлекеттік тілде жазуға болмас па еді? Көптің көзіне жиі түсетін және ел аузында жүретін мемлекеттік тілдегі атаулардың өзге тіл орфографиясы негізінде жазылуы – ұрпақ тәрбиесіне зиянын тигізіп-ақ келеді. Бір кездері ұн қабынан «УЛАН» ЖШС-і деген сөзді де көргенбіз. Енді «Улы дала» халқы болмай тұрғанда есімізді жисақ қайтеді?
Орыс тілінің орфографиясымен жазғысы келсе, орысша атауларды таңдамай ма? Қазақ сөздерін орыс тілі ережесімен жазғаннан не ұтамыз? Мәселен, еліміздің футбол командаларының ресми тіркелген атаулары: «Тобол», «Иртыш», «Есиль», т.т. екен. Оларды «Тобыл», «Ертіс», «Есіл» деп өзімізді өзіміз алдап жүрміз, өзге жұртқа күлкі болдық. Бұл елдің алдында үнемі «жалт-жұлт» етіп жүрген атаулар болғандықтан, өзге тіл ережесімен жазылған қазақ атаулары жас ұрпаққа мемлекеттік тілге деген теріс көзқарас қалыптастырмай ма? Халқымыздың ана тілін менсінбеуге, тіл тағдырына немқұрайлы қарауға «шақырып» тұрған жоқ па?
Терминал арқылы билет сату мәселесіне қайта оралсақ. Бұл іске жауапты азамдар билеттегі қазақша сөздердің, сөйлемдердің жазылуына жүрдім-бардым қарағаны соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр. Тіпті қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне де пысқырмаған ба дерсіз. Қазақ тіліндегі сөздерді, сөйлемдерді, мәтіндерді сауатсыз жазу – мемлекеттік тілдің қадірін кетіру үшін қасақана жасалған іс сияқты көрінеді екен. Еліміз бойынша осындай сауатсыз жазулар өте көп. Әр қалада, аудан орталықтарында, әр ауыл мен кәсіпорында, көшелерде, сауда орындарында т.б. бар. Ол туралы жазып та жүрміз, сынап та жүрміз, бірақ түпкілікті өзгеріс байқалмайды.
Тіл қолданысына салдыр-салақ қарайтындардың беті қалың ба, әлде «мейлі, күл болмасаң, бүл бол» деп, өз бетімізбен жүрмей, қайта-қайта осы мәселені көтере беретін біздің бетіміз қалың ба, білмедік. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қардайдының» кебі. Қазақстанның мемлекеттік тілін құрметтеген жандар осындай өрескел қателерге жол берер ме еді? Әрине, жоқ! Ешқашан сауатсыз жазбас еді! Соңғы мысалдағы сөйлемді әрі бері оқып, түк түсінбедік. «Соңдай-ақ» деп қате жазғаны былай тұрсын, «Является» дегенді қазақша «табылады» деп аударған болған. «Бұл билет фискальды чек орнына жүреді (қолданылады)» деп қазаққа түсінікті жазуға болмас па еді?
Кейбір кеңселерде: «Мемлекеттік тілге аудара сал. Прокуратура тексергенде, «қазақша нұсқасы жоқ» демесе болды» дейді, бірақ: «Қазақша нұсқасы сауатты жазылған болсын!» деген талап қоймайды. Қазақ тілі – кеңседегі аудармашының тілі ғана болғандықтан, мәтіннің қазақша түсінікті болуына көңіл бөлінбейді. Мәтінді сөзбе-сөз аудару талабы қойылады. Құжатты тек прокуратураның тексерісіне арнап, қазақ тіліне аударған кеңселерде мемлекеттік тілдегі құжаттар папкасы тексеріске дейін ашылмайды да, сол күйі тап-таза болып жата береді.
Енді қайттік? Парламенттен пәрмен, не Үкіметтен қаулы күтеміз. Қазақ халқының ана тілінде сауатсыз жазу елдің намысына тию, мемлекеттік тілді қорлау! Кирилицамен жиырма бес жылдан бері сауатты жаза алмасақ, латын әрпіне қалай көшеміз? Сауатсыз жазудың «көкесін» сонда көреміз бе?
Төлен РАМАЗАНҰЛЫ
Қостанай облысы,
Қарабалық ауданы