Өз жерімізде өзіміз саны аз ұлт атанып, рухымыз да, тіліміз де, дініміз де жетімсірегені күні кеше ғана емес пе еді. «Жалғыз баласы бардың шығар-шықпас жаны бар, төрт баласы бардың төбеден салған жолы бар» деген бабалар өсиетін ұмытып, Қазақстан демографиясының болар-болмас жетістігіне марқая бастаған сыңайымыз бар. «Қазақстандықтардың саны 18 миллионнан асты» деп бөркімізді аспанға лақтырып жүргенде, халқымыздың табиғи өсімі тағы да төмендеп барады.
Ұлттық экономика министрлігінің өткен жылы таратқан мәліметінде, «2017 жылғы қаңтар-қыркүйекте республика халқының табиғи өсімі 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда 18 мың адамға немесе 8,5 пайызға кеміп, 194,9 мың адамды құрады», деп атап көрсетілген. Қазір еліміздегі бала туудың жалпы коэффициенті 1000 тұрғынға шаққанда 2,5 нәрестеден келеді. Дәл осы көрсеткіш 2006 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 8,3 (8,1) адамнан келген еді. Осы бір елеусіз деректерден-ақ жері үлкен, халқы аз Қазақстан үшін депопуляция қатері бас көтере бастағанын көруге болады.
Әлі есімде, бала кезде ауылымызда ақ сақалы белуарына түскен, алып тұлғалы Байбөрік есімді қарт болатын. Ауылдың қара сирақ бар баласы сол ақсақалға сәлем бергенді қызық көретінбіз. Жарыса шапқылап келіп, аузымызды толтыра «Ассалаумағалейкум» деп, атамызға қос қолымызды ұсынамыз. Ол кісі істеп жатқан шаруасын тастай салып, тарамыс қолдарымен барлығымыздың қолымызды алып, «Үрім-бұтағың өссін, айналайындар!» дер еді. Күніне неше рет келіп, неше рет сәлем берсек те ол осы сөзінен бір жаңылмайды. Тіпті Байбөрік атамыздың барлық реніші мен қуанышының өлшемі де осы үш ауыз сөзбен шектелетін. Ерекше риза болып қуанғанда, «Үрім-бұтағың өссін, айналайыңдар!» десе, қатты ренжіп, күйзелген сәтте «Үрім-бұтағың өскір-ай!» деп кейір еді. Үлкендердің айтуынша, сексеннен асып, жарық дүниеден өтер алдындағы Байбөрік қарттың соңғы демі «Үрім-бұтағың өссін, айналайыңдар!» деген ақ тілекпен бірге үзіліпті. Енді ойлап қарасам, екі ғасырдың барлық дүрбелеңін басынан өткеріп, халқы көрген бүкіл зұлматты ішіне түйген абыз қарттың жарық дүниеге арнаған аманаты, ұрпаққа берген ақ батасы осы үш ауыз сөзден құралған ұлы тілекке сыйған екен-ау!
Әсіресе, Байбөрік атам бел ортасынан кешкен ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ халқының басына түскен нәубет зауалы бұрын-соңды тарихта болып көрмеген сұмдық еді. Тіпті теңдесі жоқ зарлы ән – «Елім-айды» туғызған сонау «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында да халқымыз мұндай қырғынға ұшырап көрген жоқ. Тарихшылардың зерттеуі бойынша, 1723 жылғы жоңғардың сұрапыл шапқыншылығында қазақ халқының жалпы саны 40 пайызға кемісе, жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысындағы аштық, саяси қуғын-сүргін және соғыс қырғындарында қазақ халқы 74 пайызынан айырылған.
Кең сахараны ен жайлап келген халқымыз 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі зұлматында, 1917-1918, 1920-1921 жылдардағы аштық пен дүрбелеңде қатты күйзеліп, үлкен шығынға ұшырады. Ал 1932 жылғы қолдан жасалған ақсирақ аштықта, әлі де толық нақтыланбаған дерек бойынша, 2 миллиондай адамынан айырылған. 1936-1938 жылдарындағы жаппай қуғын-сүргінге ұшыратқан қызыл қырғында елдің бетке шығар қаймағы – 135 мың арыстай азаматтарынан тағы айырылды. Марқұм Мақаш Тәтімовтің деректері бойынша, қазақ халқының Ұлы Отан соғысындағы тікелей және жанама шығындары 1миллионға жуық болған екен. Ешқашан орны толмас осындай құрбандыққа тап болған қазақ халқының атамекендегі жалпы саны 1945 жылы 1 миллион 975 мың адамға дейін құлдырады.
1926 жылы өткізілген халық санағы бойынша республикамыздағы қазақ ұлтының саны 3627612 адамды құраған екен. Бас-аяғы 20 жыл ішінде халқымыз жартысынан астамынан айырылып, ұландары сиреген Ұлы дала күңіреніп қалды. Тусыраған кең дала келімсектермен толтырыла бастады. Тағдыр тәлкегіне тап болып, қайта-қайта зор нәубетке ұрынған халқының осы бір ауыр халін көзімен көрген Байбөрік қарт ақ батасын аманатқа айналдырып, ақ тілегін ұрпаққа арнаған үмітіне жалғаған екен-ау! Абыз қарт туған халқының толысар ертеңгі күніне кәміл сеніп, асыл арманын анттай қайталаумен өтіпті-ау!?
Абыз қарттың ақ батасы қабыл болды. Ғасырлармен жасасқан қазақ халқы қатал заман соққысы қаншама есеңгіретсе де құламады. Сүрініп барып, қайта тұрып, өзінің мәңгілігін тағы да паш етті. Ұлы Жеңістен кейін бас-аяғы 20 жыл өткенде, 3,5 миллиондық межеге қайта көтерілді. Ал 1979 жылғы халық санағында республикамыздағы қазақ ұлтының саны 5 миллион 289 мың 349 адамға жетті.
Осы ретте ерекше атап өтетін бір мәселе, соғыстан кейінгі жылдардағы қазақтардың табиғи өсу деңгейі өте жоғары болды. Мәселен, 1940 жылы Одақ бойынша табиғи өсім әрбір 1000 адамға шаққанда, 13,2 промил, Қазақстанда 19,4 промил болса, 1957 жылы республикамыздағы табиғи өсім 31,4 промилге жетті. Ал 1958 жылы республикамыздағы қазақ ұлтының табиғи өсімі әрбір мың адамға шаққанда 42 промилді құрап, 1960 жылдардағы «демографиялық дүмпудің» негізі болды. Сол кезеңде қазақтың демографиялық жағдайының жақсаруына игі ықпал еткен тағы бір үлкен құбылыс, 1950-1960 жылдары «Кеңес азаматтары» деп аталатын контингент есебінен Қытайдағы қазақтардың елге оралу толқыны болды. Ғалымдардың дерегі бойынша, 1954-1965 жылдары ҚХР-дан Қазақстанға 259,4 мың репатриант келіп, қоныстаныпты. Олар негізінен қазақтар еді.
Сөйтіп 1989 жылғы халық санағының қорытындысында республикамыздағы қазақтардың саны 6 миллион 535 мың, одақтас республикаларда 1 миллион 670 мың, шетелдерде 1 миллион 535 мың адамды құрап, қазақ халқы өзінің өсу тарихында тұңғыш рет 10 миллиондық межеге жетті. Көп ұзамай азаттықтың арайлы ақ таңы атып, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізді. Енді мемлекетіміздің демографиялық саясатында түбегейлі бетбұрыс жасалып, егемен елімізде, төл жерімізде ұлтымыздың табиғи өсімінің еселей өсетінін күткен-ақ едік. Әттең, ширек ғасырдан асқан тәуелсіздік кезеңінде бірде-бір рет 1960-шы жылдардағыдай «демографиялық дүмпу» болмады.
Қазақстан әлемдегі халық ең аз орналасқан ел болып саналады. Қазір еліміздегі бір шаршы шақырым жерде тұратындар саны орта есеппен сегіз адамнан айналады екен. Ендеше Қазақ елі үшін демографиялық өсімнің үлкен геосаяси мәні бар. Халқы сирек Ұлы далаға көз алартушылар төрт бұрышымызда да аз емес. Сондықтан өз қолымыз өз аузымызға жеткен тәуелсіздік жылдардағы халқымыздың табиғи өсімі тоқмейілсуге негіз бола алмайды.
Тағы да нақты цифрға жүгінейік. Тәуелсіздігімізге қол жеткізген 1991 жылы республикамыздағы халық саны 16 миллионның үстінде болатын (1989 жылғы санақ бойынша 16 464 464 адамды құраған). 2017 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы халқының саны 18 074 100 адамға жетті. Яғни 26 жылдың ішінде ел халқының өсімі 2 миллионның айналасында. Рас, осы жылдарда республикамыздан өздерінің тарихи отандарына қоныс аударған өзге ұлт өкілдері аз болған жоқ. Оның есесін атамекеніне оралған қандастарымыздың ұлы көші толықтырды емес пе?! Сонда табиғи өсім қайда?
Бұл орайда тарихи көршіміз өзбек халқының табиғи өсіміне қызыға да, қызғана қарауға мәжбүрміз. Өткен ғасырдың басындағы демографиялық деректер бойынша, қазақ халқынан үш есе аз болған өзбек бауырлар 1970 жылдары сан жағынан теңесті. Туысқан халықтар жаппай тәуелсіздік алған 1991 жылы 20 миллионның үстінде болған өзбек халқы 2013 жылы, яғни тәуелсіздігінің 22 жылында 10 миллионға көбейіп, 30 миллионнан асты.
Енді осы жылдар ішіндегі қазақ халқының табиғи өсімін саралап көрейік. Тәуелсіздік алған жылы республикамызда жеті миллионның үстінде болған қазақ ұлты 2012 жылғы дерек бойынша 10 979 511 адамды құраған екен. Яғни тәуелсіздігіміздің 21 жылында республикамыздағы қазақтардың саны 2 980 мың адамға өскен. Дәл осы мерзімде шетелдерден атамекеніне оралған қазақтардың саны 950 мың адамнан асып жығылыпты.
Халықтың табиғи өсімін арттырудың жолы біреу – ол бала тууды көбейту және сол үшін мемлекет тарапынан аналарға барынша қолдау көрсетіп, жеңілдіктер жасау.
Халқының саны жағынан қазақты он орап алатын орыстың бала тууды ынталандыруға арнаған мемлекеттік қаржысының қасында біздікі қасқалдақтың қанындай. Мәселен, Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірінші, екінші және үшінші бала туғанда төленетін бір реттік жәрдемақы 91 390 теңгеге (275 АҚШ доллары мөлшерінде) дейін арттырылды (бұрын – 62 255 теңге көлемінде болатын). Ал Ресейде екінші және одан кейінгі бала туғанда төленетін бір реттік жәрдемақы – 453026 рубль (8 мың АҚШ доллары мөлшерінде). Жаңа жылдан бастап Ресейде бірінші бала туған отбасыларына президенттік 10 700 рубль мөлшерінде (бізше 60 мың теңгеден астам) ай сайынғы жәрдемақы төленетін болды.
Өткен жылы еліміздің БАҚ-тары 7 баласын жетектеп, көше кезген алматылық ана Шынар Сәрсенбаева, не баспанаға, не ішер асқа жарымай отырған шымкенттік 8 баланың анасы Нағима Өскенбаева, 4 баланың анасы маңғыстаулық Күнсұлу Жұмашева, 8 баланың анасы алматылық Толқын Нәметқұловалардың ауыр халі туралы ашына жазды. Сонда «Батыр ана» Шынар Сәрсенбаева «Жергілікті әкім қаралар ай сайын балаларға алатын 14 мың теңгені көзіме түрткі қылады. Ол 14 мың балалардың күнделікті жейтін нанына да жетпейді», деп күңіренген еді.
«Алты ұл тапқан ананы ханым десе болады», деп алтын құрсақ аналарды ханнан артық қадірлеген қазақ едік қой. Енді не көрінді?! Үкіметке алақан жаймаңдар, мемлекет сауын сиыр емес қой» деп көп балалы аналардан мемлекет мүддесін қорғағыш шенеуніктер оффшор асқан қазақстандық миллиардтарды солай қорғамай ма?! Ақиқатында жаһандану доңғалағының тас диірменіне жұтылып кетпеуіміз де халқымыздың табиғи өсіміне тікелей байланысты. Қазақтың қатарын көбейту үшін ешкім бізге балшықтан бала жасап бере алмайды. Қазақтың болашағын баянды ететін – көпбалалы алтын құрсақ аналар.
«Өз күніңді өзің көр» ұраны ортаға тасталған кешегі тоқсаныншы жылдары қазақ халқының табиғи өсімі тоқырауға түсті. Мамандардың болжамы бойынша, 90-жылдардағы бала туудың күрт кеміп кетуі, 2020 жылдары халқымыздың демографиялық өсімін тежейді. Оның үстіне бүгінде елімізде тұрғындар санының динамикасы стационарлық деңгейге жетіп, балалар мен қариялар саны теңесуге айналды. Яғни регрессивті өсу сальдосының қаупі төнді. Қазақ ұлтын жаһандық бұл тығырықтан алып шығатын да алтын құрсақ көп балалы аналар. Сондықтан халқымыздың алдында тұрған демографиялық ауыртпалықтардың салмағын жеңілдету үшін көп балалы аналардың қатарын көбейту парыз. Ол үшін қоғамымызда қалыптасқан көп балалы анаға деген мейірімсіз көзқарасты өзгерту қажет. Бір бала тапқан мен он бала тапқанның бейнеті бірдей емес. Сондықтан «Батыр аналарға» ай сайын тұрақты түрде төленетін толыққанды жалақы тағайындау керек. Қазақ жерінің қазынасын ұлт игілігіне жаратып, мұнай долларларынан көп балалы отбасыларға арналған «ана капиталын» жасақтау қажет. Көп балалы отбасыларына, алтын құрсақ аналарға мемлекет тарапынан берілетін әрбір теңге – ұлт болашағы үшін салынған инвестиция.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»