Зұлмат кесірінен өз елі, өз жерінде отырып, ұлт ретінде жойылып кете жаздаған халқымыздың бүгінгі жеткен жетістіктерін саралағанда өзіміз де іштей тәубе деп отыратын болдық.
Жақында ғана Елбасымыз АҚШ президенті Дональд Трамптың шақыруымен әлемдегі ең азулы мемлекетте болып қайтты. Күні кеше ғана тағдыр-талайы белгісіз болған қазақ елінің әлемдегі ең мықты мемлекеттің қатарына қосылып келе жатқанын, дүние жүзі санасатын, мақсат, мұраты айқын ел екенімізге осы сапардағы оқиғаларға баға бере отырып көзіміз жетіп, тағы да сүйсіндік, марқайдық.
Қазақстанда жақсылық жағына өте ірі өзгерістер болып жатыр.
Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауы – тарихи құжат, елдің дамуына негізделетіні мәлім. Онда жыл бойы атқарылған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы мен алдағы жылдарда шешілуге тиісті мәселелер нақтыланады. Елбасы Жолдауы жаңа мақсаттарды орындауға негізделеді.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар Оңтүстік Қазақстан облысында белсенді түрде жүзеге асып келеді. Біз осы мақаламызда Жолдау талаптары өңірде қалай орындалып жатқанына талдау жасап көрдік.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстық мәслихаттың сессиясында Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын бірлесе жүзеге асырудың жайын талқылаған еді.
Жолдаудағы он бағытқа жеке тоқталған облыс әкімі Мемлекет басшысының бұл саяси құжаты төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындап бергенін айтты.
«Бірінші бағыт. «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» деп атап көрсетті Елбасымыз. Бұл бағыттағы жұмысты Оңтүстік Қазақстан облысы барынша жеделдететін болады. Өңірімізде 11 индустриялық аймақ пен бір арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін барынша тиімді жүзеге асыруымыз керек. 2017 жылы индустриялық аймақты дамытуда 9,4 млрд теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асты. Енді бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіруге міндеттіміз. Бүгінде қолданыстағы кәсіпорындарда жаңа цифрлық технологиялар енгізіліп, өндірістер дамуда. Өндірісте заманауи технологияны пайдалану арқылы атмосфераға шығатын қалдықты азайтып, өндіріс циклінің уақыты мен энергия шығынын азайтқан дұрыс. Бұл өнімділікті еселеп, арттырады деген сөз», деді облыс әкімі.
Елбасының екінші қойып отырған міндеті – «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту». Президент бұл салада табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, энергия көздерін табу мен үнемдеуге үндеп отыр. Өңірімізде бұл бағытта да жұмыстар ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінен кейін белсенді түрде қолға алынғанын білесіздер. Өткен жылдың өзінде Сайрам, Қазығұрт аудандарында гидроэлектр стансалары іске қосылды. Сонымен бірге Шымкент қаласында кәріз су қалдықтарынан биогаз алатын Орта Азияда баламасы жоқ кешен пайдалануға берілді. Мұның бәрі мемлекеттің қолдауы арқасында жүзеге асып отыр. Қазіргі уақытта облысымыздың бірнеше ауданында шетел инвесторларымен біріккен күннен электр энергиясын өндіретін нысандардың құрылысы жүргізілуде. Жасыл экономиканы дамыту бойынша облыста жүзеге асырылатын 26 жоба енді жаңа бағытта қарқын алатын болады.
Жолдаудағы үшінші міндет «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» болып отырғанын айтқан облыс әкімі Оңтүстік Қазақстан еліміз бойынша ауыл шаруашылығы саласында озық технологияларды қолдануда көш басында тұрғанын атап өтті.
«Мәселен, тамшылатып суару әдісі қолданылатын егістік жердің жалпы көлемі 58,5 мың гектарға жетті. Бұл республикалық үлестің 72 пайызын құрап отыр. Ал қарқынды баудың көлемі 2,8 мың гектарға жетті. Интенсивті бақ, тамшылатып суару, жылыжайлар бағыттарында озық технологиялар енгізу арқылы өнімділіктің жоғарғы деңгейіне жетіп отырмыз. Биыл да жаңа технологиялар енгізу бойынша жұмыстар жүйелі түрде атқарылатын болады. Ал Мемлекет басшысы айтқан төртінші бағыт, яғни көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру міндеттемесін жүзеге асыруда өңірдің мүмкіндігі мол екені өздеріңізге аян. Мәселен, «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірі барысында Шымкент қаласында орналасқан көлік-логистикалық орталықта А + санатындағы кешен іске қосылған болатын. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралі мен темір жол желісіне жақын орналасқан жаңа көлік-логистикалық орталық географиялық тұрғыдан тиімді болды. Бұл өңірді көлік-логистикалық хаб ретінде қалыптастыруға және Қазақстанның аумағы арқылы айналымды ұлғайтуға ықпал етеді. Қазіргі кезде жалпы аумағы 92 гектарды құрайтын «Оңтүстік» көлік-логистикалық орталығында инвестиция құны 35,6 млрд теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылуда. Аумағы 242 500 шаршы метрді құрайды. Мұнда кедендік рәсімдеу, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау қызметтері бір терезе қағидасымен жүргізілсе, бұған қоса уақытша сақтау қызметі де қарастырылған», деп атап көрсетті Жансейіт Қансейітұлы.
Қазақстандықтардың ең өзекті әлеуметтік проблемасы – баспана. Сондықтан да Елбасының Жолдауда тұрғын үй құрылысы саласына ерекше назар аударып отырғанын айтқан Ж.Түймебаев биыл оңтүстікте 245 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, оның 91-і немесе 4 733 пәтер пайдалануға берілгенін жеткізді. Сондай-ақ әкім өткен жылдан өтпелі болған 154 көпқабатты тұрғын үйден бөлек, осы жылы тағы да 100 көпқабатты үй құрылысы басталатынын баяндады.
Дамудың 10 бағытын айқындаған Елбасы Жолдауы – жаңа мақсаттарға жетелейтін ең басты құжат болып табылатынын айтқан өңір басшысы оны жүзеге асыру бойынша желілік кесте, медиа-жоспар жасауды тапсырды.
Оңтүстік – аграрлы аймақ. Еңбек өнімділігі, жалпы түсімді арттыру үшін жаңа технология шаруашылықтарға кірігуі керек. Аграрлық секторды игеру мен инновациялық ізденістерді нығайту барысында оңтүстік ғалымдарымен тығыз жұмыс жасалып келеді. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы болашақта ел экономикасының драйверіне айналатындығын айтқан болатын. Жуырда облысқа іссапармен келген Премьер-Министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев шаруаларға берілген субсидиялардың көлемі айтарлықтай өскенімен, өнімділіктің күткендегідей өспегендігіне алаңдаушылығын білдірген.
Өмірзақ Естайұлы ендігі жерде субсидияға жаңа роботтанған, компьютерленген технология әдістерін енгізудің жайын айтты.
Алдыңғы қатарлы елдермен бәсекеге қабілетті болу үшін бұл шаруашылықтарға өте қажет. Елбасы Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімін сыртқа шығарып сату мәселесі айтылады. Бұл мақсат оңтүстікте оңтайлы орындалып келеді.
Облыс әкімі алдағы уақытта интенсивті бақ, тамшылатып суару, жылыжай көлемін ұлғайту бағыттарында жаңа технологиялар енгізу арқылы өнімділікті арттыруға болатынын үнемі айтып келеді.
«Қазіргі таңда Сауд Арабиясы, БАӘ мен Ирак мемлекеттеріне қой етін экспорттау бойынша алдын ала келісімдер жасалып отыр. Жалпы 2021 жылға ауыл шаруашылығы тауарлары экспортын кем дегенде 3 есеге арттыруымыз қажет. Еліміздің Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі арасында түзілген үшжақты іс-шаралар жоспарында бекітілген 75 индикаторлық көрсеткіш 158 бірлікке немесе 2,1 есеге орындалды. Биылғы жылы 3000-нан кем емес үй шаруашылықтарынан біріктірілген 102 кооператив құрылады». Облыс әкімі мәселеге байланысты ойын осылай тұжырды.
Бүгінде облысымыздағы 21 мекеме өздерінің азық-түлік өнімдерін тұрақты түрде экспортқа шығарып келеді.
Қазақта «үйі жоқтың күйі жоқ» деген сөз бар. Биыл облыста тұрғын үй мәселесі айтарлықтай шешілді. Еңселі, көпқабатты үйлер тек облыс орталығында ғана салынып жатқан жоқ, аудан, қалаларда да бой көтеруде. Мәселен, негізінен жеке үйлер салынып, үлкен ауылға айналып кете жаздаған Түркістан қаласында «Отырар» атты шағын аудан салынып жатыр. Көршілес Отырар ауданында жаңа көпқабатты үйлер пайда болды.
Сонымен қатар облыс әкімінің бастамасымен қызметтік пәтерлер салу қолға алынды. Бұл мұғалімдер, дәрігерлер мен мемлекеттік қызметкерлердің тұрғын үйге деген сұранысын өтейтін игі жобаға айналды.
Елбасының Жолдаудағы талаптарын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне инвестиция тартуды қадап тапсырған болатын. Соның нәтижесінде облысқа 417 млрд теңге инвестиция тартылып, облыс бұл жөнінен республикада бірінші орынға шықты.
Осыдан аттай бес жыл бұрын шағын және орта бизнеспен айналысатындардың саны 120 мың болса, бүгінде 180 мыңға жетіп отыр. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті қолдау арқылы құны 208 млрд теңгеге жететін 162 жоба іске қосылды. Бұл он мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осы жұмыстарға қарап Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттер облыста жақсы деңгейде орындалып жатыр деп кәміл сеніммен айтуға болады.
Қайрат БАЛАБИЕВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы, заң ғылымдарының докторы
Оңтүстік Қазақстан облысы