Қазақстан • 26 Қаңтар, 2018

Қазақстандық авторлар ұжымы бериллий өндіру технологиясы бойынша АҚШ патентін алды

186 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық авторлар ұжымы қысқа уақыт аралығында бериллий өндірудің бірегей технологиясы бойынша үш АҚШ патентіне ие болды. Мұндай бір ғылыми-технологиялық бағытта үш патентті бірінен соң бірін растау жетістігіне Қазақстанның ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістіктің бірде-бір зерттеу тобы бұрын-соңды қол жеткізбеген. Бұл кезекті рет отандық ғалымдардың халықаралық деңгейде жүргізіп жатқан зерттеулерінің жоғары басымдығын көрсетеді. 

Қазақстандық авторлар ұжымы бериллий өндіру технологиясы бойынша АҚШ патентін алды

Қазақстан ғалымдары Мемлекет басшысының ғылымды көп қажет­сінетін, экспортқа бағдарланған өнер­кәсібі бар инновациялық экономика қалыптастыру бойынша тапсырмасын іске асыру аясында елдің дамуына және отандық ғылымның әлемде алдыңғы қатарға шығуына өз үлестерін қосуда.

Осылайша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалым­дары ректор, академик Ғ.М.Мұтановтың басшылығымен бериллий өндірудің жаңа технологиясын әзірледі. Ол ең тиімді, экологиялық және бірегей технология ретінде халықаралық мойындауға – АҚШ патентіне ие болды.
Алынған патент авторлар ұжымы үшін үшінші халықаралық АҚШ патенті болып табылады. Алдыңғы екі патент Өскемен қаласындағы Үлбі металлургиялық зауыты жанындағы бериллий зертханасының қызметкерлері және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ғалымдарымен бірге алынған болатын. Жалпы, авторлық ұжымның инновациялық зерттемелері әлемдік деңгейдегі 2 жаңалық, 10 технология, 18 патент, 4 алдын-ала патент және 9 енгізу актісі материалдарымен дәлелденген.

Авторлар ұжымы әзірлеген бериллийді алу, қайта өңдеу және дайын өнімді шығару технологиясы өнеркәсіптік деңгейде өндіріске енгізілді. Жаңа технологияларды ен­гізу негізінде авторлар бериллий то­тығынан бірегей электрофизико-хи­миялық қасиеттерге ие, экспортқа бағ­дарланған өнімнің 150-ден астам жаңа түрлерін алуға қол жеткізді. Бұл өнім Ресей, Украина, Беларусь, Польша мен Израиль елдері әскери-өнеркәсіптік кешендерінің қорғаныс орындарына экспортталады.

Қазіргі кезде осы өңдеуді өз кәсіп­орындарында енгізуге әлемнің жетекші елдері – АҚШ, Қытай, Израиль, Үндістан және т.б. асқан қызығушылық танытуда.

Алынған жетістіктер ұжымның көп жылдық ынтымақтастығының нәтижесі әрі ғылым-білім-өндірістің нақты ықпалдастығының көрсеткіші болып табылады және отандық ғылымның жаңа даму белесіне шығуына мүмкіндік береді.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан