Аймақтар • 26 Қаңтар, 2018

Сақылдаған сары аяздағы сауапты іс

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алтай мен Алатаудың арасын кезіп, сақ-сақ күлген сары аяз бір жағы­нан талай жанды әуре­ге салып, қыспаққа алғаны­мен, екінші жағы­нан адам­дардың жүр­егіне мейі­рімділік, қайы­рым­ды­лық сезімдерін ұялатқандай. 

 

Сақылдаған сары аяздағы сауапты іс

Кеше ғана бұқаралық ақпа­рат құралдарынан аялдамада тұрып шыңылтыр аяздың шырмауы­на түскен елорда тұрғындары­на ыстық шай таратылғанын оқып едік. Мұндай ізгі істер біздің өңірде де бастау алды. 23 қаңтар күні Өскемендегі Халифа Алтай мешіті, Өскемен орталық мешіті, Мұхамади және Защита мешіттері бастаған қаладағы барлық мешіттерден 20-дан астам такси шығып, аялдамада автобус күтіп аяз қарыған тұрғындарды қалаған жерлеріне дейін жеткізіп салды. «Имамдарымыз күндіз және кешкі мезгілдерде кісі көп жиналатын жерлерге арнайы барды. Игі іске атсалысуға мешіт жамағаттарымен қатар, көлігі бар қала тұрғындары да қосылып жатыр. Бүгін амандық болса 53 орындық үлкен автобус шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл автобус «Өзен вокзалы» аялдамасынан Ахмер ауылына дейінгі бағытта жүретін болады. Сонымен қатар қалалық ішкі саясат бөлімімен бірлесіп аялдамаларға барып, адамдар­ға ыстық шай тараттық», дейді Өскемендегі Халифа Алтай меші­тінің наиб-имамы Дәулет Қабиболдин.

 Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкері Әлібек Тұрсымбетов «имам-такси» жобасы 23 қаңтар күні түскі сағат 1-ден бастап ұйымдастырылып, «Өзен вокзалы» – Ахмер ауылы, облыстық мешіт – ЖМК (Жібек маталар шағын ауданы), орталық базар – Аблакет шағын ауданы секілді үш бағытта жүргенін айтады. «Таксилер көшеде қол көтерген кісілерді де отырғы­зып алып, қалаған жерлеріне жеткізді. Кешкі сағат бес жарымнан бастап Өскемендегі жастар ресурстық орталығының еріктілері облыстық мешіттің имамдарымен бірге қаладағы ең үлкен аялдамаларда ыстық шай таратты. Бұл акция аяздың беті қайтқанша жалғасатын болады», дейді ол. 

Реті келгенде айта кетейік, «имам-такси» жобасын облыс­тық мешіт қызметкерлері бұ­ған дейін Рамазан айында ұйым­дастырған болатын. 

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН