– Иә, қалай, қарт коммунист? Капитализмнің жетістіктері таңдай қақтырды ма? – дедім күліп.
Әкем жымиды. Оның да көңілінде бір әзілдің тұтана кеткені сезілді. Бірақ, үн қатпады. Сабыр сақтады. Бәлкім, кейінге қалдырды.
Тек, түс кезінде ғана ептеп көңілі жадырап:
– Сендер бізді кінәламаңдар, – деді маған. – Жүйе – жүйесімен, кие – киесімен жалғасады. Бірақ... ол кезде де жұрттың нан жеп, жамбас мүжігенін ұмытпаңдар. Біз сияқты қара шаруа қай кезде де егінін егіп, малын бағып жүре берген. Содан басқа жазығымыз жоқ...
Бұл, әрине, даусыз шындық қой.
* * *
Екі күннен соң әкемнің іші пысып, зеріге бастады. Себебі, мұнда екеумізден басқа қазақша сөйлейтін тірі жан жоқ. Қонақ үйдегі демалушылардың тоқсан тоғыз пайызы еуропалықтар.
«Тең теңімен, тезек қабымен» дегендей, әкеме емін-еркін отырып, емен-жарқын әңгімелесетін өзі қатарлы бір ақсақал керек-ақ.
Кешкілік жағажайда бір неміс шалмен «тілдесіп» көрмек болып еді. Онысынан түк шықпады. Себебі әлгі шал «ымды түсінбеген – дымды түсінбейдінің» керін келтіріп, әкеміздің қолына, қимылына қарап, ыржалақтап күле берді.
Сонсоң теңіз жағасындағы сәкіге келіп жайғасып, ақ бас толқындары тербетіліп, аунақшып жатқан көгілдір айдынның бір қиырына қарап, ұзақ ойға шомып қалды.
Жағажайдағы алтын құмды табаныммен сызып, әрі-бері жүрдім де, бір кезде қасына қайтып оралып:
– Не ойлап отырсыз? – деп сұрадым.
– Е-е, шырағым-ай, – деді әкем ақырын ғана күрсініп. – Теңіз де біздің даламыз сияқты кең екен ғой!..
Нұрғали Ораз,
«Егемен Қазақстан»