Аймақтар • 26 Қаңтар, 2018

Алматы келбеті айрықша өзгереді

527 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алматыда Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыруға арналған қалалық актив жиналысында Бауыржан Байбек «Алматыны дамытудың 50 драйвер жобасы» бастамасының қолға алынғандығын мәлімдеді.  

Алматы келбеті айрықша өзгереді

Қала әкімі Жолдаудағы экономи­калық өсім мен азаматтар­дың тұ­р­мыстық жағдайын жақсарту, адами капиталды дамыту, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру сынды үш маңызды мәселені шешуді алға міндет етіп қойғанын атап өтті. 

«Елбасының биылғы Жол­дауын­да белгіленген 10 нақты мін­дет еліміздің әлемдік төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде жаңа технологиялық дамудан қалыс қалмаудың негізгі тетіктері саналады. Жаһанданудың түрлі сын-қатерлерін ұтымды еңсеріп қана қоймай, жаңа технологияларды қоғам өмірінде тиімді пайдалана білу жеңімпаздар қатарынан табылудың даңғыл жолы. Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асырудың жобалық қағидасы бойынша біз эконономиканың одан әрі дамуын және қала келбетінің оң өзгерісін қамтамасыз ететін «Алматыны дамытудың 50 драйвер жобасы» туралы бастаманы қолға алдық. Әрбір жоба бойынша нақтылы мерзімдер, орындаушылар мен ресурстар анықталды. Әлеуметтік саладағы жобалар саны –30%, көлік саласында – төрттен бірі, энергетика мен абаттандыру бойынша 10% болып отыр. Бұлардың барлығы жобаның мақсаттары мен міндеттеріне сай келеді, сондықтан оларды міндетті түрде жүзеге асыру қажет», деген Б.Байбек 50 драйвердің ішіндегі маңыздысы – құны 180 миллиард теңгелік 41 жоба іске асырылып жатқан Индустриялық аймақты дамыту екеніне тоқталды. Жобаларды жүзеге асыру барысында экспортқа бейімделу, импортты алмастыру, қала экологиясы мен қауіпсіздігі үшін өндірісті қала сыртына шығару мәселелеріне жете назар аударылатынын айтқан қала басшысы Елбасы тапсырмасы бойынша қала меншігіне берілген соң «Алматы» АЭА болып қайта құрылатын «Алатау» инновациялық технологиялар паркі де бір драйверге айналатынын жеткізді. Әлеуетті салалар тізімін кеңейту жоспарланып, фармацевтика, өндірістік қорғаныс, машина жасау салалары бойынша жобалар қолға алынбақ.

«Мемлекет басшысы кәсіпорын­дардың энергияны тиімді әрі үнемді жұмсауына, қуат өндірушілердің экологиялық тұрғыда таза әрі тиім­ді жұмыс істеуіне қатысты та­лап­­­тарды күшейтуді тапсырды. Сон­дай-ақ шағын және орта биз­несті көптеп тарта отырып, тұр­мыс­­тық қатты қалдықтарды жою және қай­та өңдеудің заманға сай әдіс­тері бо­йынша нақты шешімдер қа­был­дауға қатысты нақты тапсырма­лар берілді. Біз қазірден-ақ «жасыл энер­гетикаға» көшу бойынша жұ­мыс­тар жүргізе бастадық», деді қала әкімі. 

Ол бүгінде жеке сектордың 96 пайызы газға көшірілгенін, жыл аяғына дейін толық газбен қамтамасыз етілетінін, 2021 жылы Алматы агломерациясы айма­ғын­дағы 4 мың жеке үй газдандырылатынын айта келіп, ЖЭО-1 жаңғыртылып жатқанын, тозығы жеткен қазандықтардың орнына құны 35 млрд теңгеден асатын жаңа газ қазандықтары орнатылатынын, қазіргі уақытта «Самұрық-Энергомен» бірге ЖЭО-2 газға көшіруге қатысты техникалық эко­­но­микалық негіздеме жасалып жат­қанын мәлімдеді. 

Қала тұрғындарын қуантатын тағы бір жаңалық – экологиялық қоғамдық көліктердің көбейетіндігі. Қала әкімінің айтуынша, қазірдің өзінде автопарктердің 60 пайызы газбен жүретін автобустар мен троллейбустарға көшкен, 30 пайызы жаңартылған, 2 жаңа метро бекеті салынуда. Биыл мемлекет-жекеменшік әріптестігі қағидасы бойынша жеңіл рельсті көліктер құрылысы жобасын қолға алу жос­парланыпты. 

Мегаполис басшысы қала эко­но­микасын дамытуда көлік-ло­гис­­тикалық инфрақұрылымды одан әрі жаңғыртудың маңызы зор еке­ніне тоқталды. Жүзеге асырылып жатқан ауқымды БАКАД жо­басы Алматыны «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жүйесіне енгізіп, қаланың көлік жүктемесін 10 па­йыз­ға азайтады. Әуежайды жаңғыр­ту да осы бағытты дамытуға ықпал етеді. 

Қаладағы 38 жоғары оқу орны­ның ғылыми және білім беру әлеуеті инновация мен жаңа технологиялар мәселелерін шешуге жұмсалуы тиіс екенін де баса айтқан әкім «Алматыны дамытудың 50 драйвер жобасы» бастамасына екі жаңа халықаралық мектеп құрылысы да енгенін, Оқушылар сарайы базасында кәсіпкерлік негіздеріне үйре­тетін бизнес-инкубатор құры­латынын мәлімдеді. 

 «Адами капиталды дамытудың басты көрінісі – ұлт денсаулығы. Сондықтан аурудың алдын алуға жете назар аударылуы тиіс. Бұл ең алдымен, бастапқы диагностиканы дамыту және саламатты өмір салтын насихаттау. Межелеп отырған драйверлерді іске асыру үшін алдағы үш жылда онкологиялық орталық, қазақ-жапон диагностикалық орталығы, ЭКО орталығы бар перзентхана, MountSinai халықаралық госпиталі сияқты 4 ірі медициналық нысан салынады», деген қала әкімі Жолдау­ды жүзеге асыруда цифр­лан­­дыру көріністері мен Smartcity жобас­ы­ның маңызына да тоқталып өтті. 

Бүгінде Алматы – цифрландыру бойынша Қазақстан қалалары арасында көшбасшы, IT-өнімдер бойынша қала үлесі 50 пайызға жеткен. Smartcity аясында қауіпсіздік, селдің алдын алу мониторингі, қоғам­дық көлік, білім беру және ден­сау­лық сақтау салаларында циф­р­лы жобалар жүзеге асырыла бастаған.

Актив жиналысында Алматыны дамыту орталығының басшысы Жанна Төлегенова Индустрия 4.0 мен қазірдің өзінде жүзеге аса бастаған Смарт-Алматы жобалары туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, қанатқақты режімде CISCO халықаралық компаниясымен бірігіп интеллектуалдық көлік жүйесі қолға алынып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қоғамдық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік қызмет көрсету салаларында смарт-жобалар сәтті түрде іске асырыла бастаған.

Өз кезегінде №71 мектеп-лицей директоры С.Кулик Президенттің халыққа арнаған Жолдауындағы басты міндеттің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру екенін тілге тиек ете келе, «Әрине басқа графикаға көшкен кезде міндетті түрде тіл жаңарады. Ең алдымен, бұл заманауи технологиялар мен коммуникацияларды енгізуге, ХХІ ғасырдағы ғылым мен білім жүйелеріне қатысты болмақ. Латын графикасы барлық қолданыста мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырады. Лингвистердің айтуынша, осы жағдайда жаңа терминдерді, өзге сөздерді қазақ тіліне енгізу проблемасы жойылып, біз өз фонетикамызға барынша жақындайтын боламыз. Ал бұл «Рухани жаңғы­ру» бағдарламасында айқын көр­сетіліп, Президент Жол­дауын­да айтылғандай, Қазақ­стан­ның әлемдік білім кеңістігіне енуі болып табылады», деді.

Мира БАЙБЕК, 
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ