Мақпал Жұмабай «Balapan» арнасының директоры қызметіне келді. Ал, осы арнаны басқарып келген Жанар Шәмел «Қазақстан» РТРК АҚ төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
Әзімхан Аусатов «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директорының орынбасары қызметіне, «Қазақ радиосының» директоры лауазымына Нәзира Бердалы, «Шалқар» радиосының директоры болып Қалқаман Сарин тағайындалды.
Жанар Шәмел «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасындағы таңғы бағдарламалардың жүргізуші қызметінен бастаған. Ұзақ жылдар «Таңшолпан» хабарының тікелей эфирін жүргізіп, шеф - редактор, продюсер қызметтерін атқарды. 2010 жылы Елбасының бастамасымен ашылған тұңғыш «Balapan» телеарнаcының негізін қалаушылардың бірі, алғашқы директоры болды. Ана тілімен қоса ағылшын, урду, хинди тілдерін меңгерген.
Мақпал Жұмабай алғашқы еңбек жолын республикалық «Ана тілі» ұлт газетінің тілшісі болып бастаған. Әр жылдары «Qazaqstan» телеарнасы таңғы бағдарламалар бірлестігінің редакторы, шеф-редакторы, сондай-ақ, «Balapan» арнасының шеф-редакторы, продюсері қызметтерін атқарған. Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының, ҚР Президент қоры грантының иегері.
Әзімхан Аусатов әр жылдары «Қазақ радиосында» редактор, ақпаратты-сараптамалық және таңғы бағдарламалар редакциясы жетекшісінің орынбасары, аймақтар редакциясының жетекшісі, шеф редакторы қызметтерін атқарып келді.
Назира Бердалы еңбек жолын «Qazaqstan» телеарнасында таңғы бағдарламалардың редакторы болып бастаған. Әр жылдары телевизия саласында жүргізушісі, шығармашылық топтың жетекшісі, бас редактордың орынбасары болып қызмет етті. ҚР Президентінің әдебиет саласындағы сыйлығының иегері.
Қалқаман Сарин 2013 жылы «Астана» телеарнасында «Кеш емес» саяси-әлеуметтік ток-шоуының және 2016 жылы «Qazaqstan» арнасында «Ой-толғау» бағдарламасының жүргізушісі болды. Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының, ҚР Президент қоры грантының иегері.