Бүгінде әлемде дамудың экстенсивті ресурстары негізінен сарқылған. Сондықтан даму тек қана қарқынды факторлар, яғни ғылым жетістіктерін мейлінше пайдалану арқылы ғана болатыны өмір шындығына айналып отыр.
Мемлекет Басшысы өз Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенге тоқтала отырып, оны инновациялық технологиялармен дамыту қажеттігін атап өтті. Себебі де түсінікті. Біздің еліміздің егістік жерлердің 93% ауа райына тәуелді аймақтарда орналасқан, яғни егіншіліктің өнімділігі толықтай жауын-шашынның көлеміне тікелей байланысты. Сондықтан да ғылыми тәсілдерге жүгінбесек, заманауи агротехнологияларды қолданбасақ, әлемдік дамудың көшіне ілесе алмай қалуымыз айдан анық. Қазіргі таңда біздің экономикамыздың аграрлық секторы дамыған елдерден әлдеқайда артта қалғаны жасырын емес. Мәселен, табиғи-климаттық жағдайы Солтүстік Қазақстан өңірінен де қатал болып табылатын Австралияда астық дақылдарының өнімділігі бізге қарағанда 2 есе жоғары. Ал табиғи-климаттық жағдайы бізбен ұқсас келетін Канадада өсімдік шаруашылығының өнімділігі 14 есе артық. Жер көлемі Қазақстаннан 66 есе кіші Голландияда ауылшаруашылық өнімдерінің әр жыл сайынғы экспорты 100 млрд. АҚШ долларын құрайды, немесе бізден 50 есе көп!
Олардың осындай табысқа жетуінің негізгі құпиясы – ол білім тарату мен кадрлар даярлаудың тиімді жүйесін құру арқылы өндіріске ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін дер кезінде енгізе білгендігінде. Біз де осындай жолмен жүруіміз керек. Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту жолында артта қалғанымызды ескере отырып, алдағы уақытта Мемлекет Басшысының айтып жүргеніндей, ең қысқа жолмен, яғни үздік ғылыми білім мен нәтижелі агротехнологияларды трансферттеу жұмыстарымен жедел түрде айналысуымыз қажет.
Өкінішке қарай осы бір маңызды істе бүгінге дейін нақты нәтижелер жоқ.
Мұның себебіне келер болсақ – ол аталған мәселені шешудің барлық аспектілерін қамтитын нақты жүйенің жоқтығы және де оны құрудағы салғырттығымыз. Шынайы келгенде технологияларды трансферттеудің өзі – ол осыған қатысты көптеген алдын-ала атқарылатын кешенді іс-шаралардың қорытынды нәтиже болып табылады. Өкінішке орай бізде осы бір маңызды мәселе назардан тыс қалып, трансферттеуге біржақты қарау кеңінен жол алған.
Осыдан бес жыл бұрын біз дамыған елдердің тәжірибесін мұқият сараптай отырып, өзіміздің С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде талқылап, әуелі нақты жүйесін жасап алмайынша технологиялар трансферті мәселесін жүзеге асырудың мүмкін емес екендігін ескере отырып, сондай жүйені құруға кірістік. Осы бағыттағы алғашқы қадамымыз ғылыми білімді трансферттеу болды. Себебі онсыз жаңа кезеңнің ғылыми кадрларын қалыптастыру және жаңа құзыреттерге ие мамандарды даярлау мүмкін емес екені айтпаса да белгілі. Ал оларсыз технологияларды трансферттеу мәселесін жүзеге асыру мүмкін емес. Қазіргі таңда бізде ондай ғылыми кадрлар мен мамандар тапшы. Осы мәселелерді шешу бағытында біз алдымен өзіміздің стратегиялық іс-қимылдарымызды заман талабына сай өзгертуге кірістік. Ауылшаруашылық бағытында білім беру және ғылым саласында әлемдік көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі болып табылатын, дүние жүзінің бірқатар елдерінде (атап айтқанда Чили, Малайзия, ҚХР және т.б.) білім және ғылым жүйесін реформалауда бай тәжірибесі бар Дэвистегі Калифорния университетімен (АҚШ) әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Осы университеттің ғалымдарының ұсынысымен және тікелей қатысуымен университетімізді батыстық үлгідегі зерттеу университетіне көшіру бағдарламасын жасадық. Идеямыздың түпқазығы ретінде 2010 жылы жасалып, Мемлекет Басшысына таныстырылған Шортандыда орналасқан Бараев атындағы егін шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының негізінде зерттеу университетін құру жобасын басшылыққа алдық. Осы ретте; «Неге зерттеу университеті?» деген орынды сауал туындауы мүмкін. Жауабы өте қарапайым. Біріншіден, бұл – әлем бойынша сынақтан өткен, дамыған елдерде өте жоғары нәтижелерге қол жеткізген, дамудың ең қысқа жолы. Екіншіден, зерттеу университеті моделінде оқу үдерісі, ғылыми зерттеулер, білім беру мен оны тарату мәселелері бір жүйеге біріктірілген және онда ғалым барлық жұмыстардың негізгі тұлғасы болып табылады. Өкінішке орай, осы уақытқа дейін біздегі осы үдерістердің басының бірікпегендігі аграрлық ғылым саласына жас мамандардың көптеп келуіне, ғылыми мектеп дәстүрі жалғастығына, білім тарату мен енгізу жүйесінің дамуына кедергі болып келгені жасырын емес. Осы мәселелерді шешу мақсатында құрылған ғылым саласындағы басқарушы құрылымдардың талпыныстары тиісті нәтиже бермеді. Өйткені олар ведомствоаралық кедергілерді жеңе алмай негізінен әкімшілік құрылымға тән істерді атқарумен ғана шектелді. Сондықтан біз де дамыған елдердегідей ғылымды дамытып, білімді мамандарды даярлағымыз келсе, онда олардың осы істерді ұйымдастыру жүйесінің үлгісін қабылдауымыз қажет.
Қазіргі таңдағы біздің барлық іс-қимылымыз жоғарыда көрсетілген бағдарламаны жүзеге асыруға толығымен бағытталған. Білімді трансферттеу аясында, ең алдымен, ғалымдарымыз бен оқытушыларымыздың әлемнің алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтарында білім алып, біліктіліктерін көтеруін қамтамасыз еттік. Осылайша, біздің көптеген ғалымдарымыз білім беру үдерісі мен ғылыми зерттеулерді жаңаша қалыптастырып, ұйымдастыруға мүмкіндік беретін жаңа білімге қол жеткізді.
Біздің қолданыстағы оқу бағдарламаларымыздың уақыт талабына сәйкес білімді және өндіріске қажетті жаңа құзыреттерге ие білікті мамандар даярлауға мүмкіндік бере алмайтынын ескере отырып, оларды жаңартуға кірістік. Дэвистегі (АҚШ) Калифорния университеті профессорларының және сол университетте білімін жетілдіріп келген кадрларымыздың күшімен жаңадан 6 оқу бағдарламасын жасап, қолданысқа енгіздік. Жақын уақытта тағы да 62 осы тектес оқу бағдарламаларын жасап, білім беру үдерісіне енгізу жоспарланып отыр. Оқу үдерісін жаңғырту аясында оқытудың тәжірибелік бағытын күшейту жүзеге асырылды. Атап айтқанда, студенттердің тәжірибеден өту уақыты 3 айдан 7 айға дейін ұзартылды. Ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алу уақыты мерзімдік ауылшаруашылық жұмыстары уақытымен сәйкестендірілді. Университет аумағында ет, сүт, дәнді мен майлы дақылдарды қайта өңдеуге арналған заманауи құрылғылармен жабдықталған 4 технологиялық платформа, сонымен қатар, робототехника, Геоақпараттық жүйе (ГИС) технология бойынша зертхана мен жылыжай ұйымдастырдық. Бұлардың барлығы да шетелдік әріптестеріміздің ұсынысымен жасалған және олардың оқу базаларының тікелей көшірмесі болып табылады. Олар студенттермен тәжірибелік сабақтар өткізу үшін ғана емес, сонымен қатар, ғалымдарымыздың өз ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін де қызмет етеді.
Сондай-ақ, біз оқу үдерісін үштілділікке көшіру жұмысын әрі қарай жалғастырдық. Қазіргі таңда студенттердің 58% көптілді топтарда білім алып жатса, университет оқытушыларының 14% сабақтарын ағылшын тілінде өткізеді.
Оқу үдерісін реформалау бойынша жоспарланған іс-шаралар толықтай жүзеге асырылған кезде, біздің түлектеріміз заманауи технологиялар бойынша терең білімді, тәжірибелік менеджмент пен кәсіби ағылшын тілін игеріп шығатын болады. Тек қана осындай жаңашыл кадрлар, қазіргі ескі біліммен қаруланған мамандардың орнын басып, бүгінгі таңдағы алдымызда тұрған технологиялар трансферттеу мәселелерін толығымен шешетін күш болмақ.
Біздің көңіл аударып отырған екінші бағытымыз – университеттік ғылым жүйесін жаңғырту. Ең алдымен, біз жас ғалымдарымызға әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында біліктілігін арттыруға мүмкіндік беріп, ғылыми зерттеулердің заманауи әдістерін меңгертуге баса назар аударып отырмыз. Осы жылдар аралығында «Болашақ» бағдарламасы бойынша 42 адамды, гендік және молекулалық деңгейде ғылыми зерттеу жүргізе алатын жаңа көзқарастағы ондаған жас ғалымдарды оқыттық. Қазіргі уақытта аталған ғалымдардың бірқатары Австралиядағы әріптестерімен бірлесіп, гендік инженерия әдістерін қолдану арқылы бидай, арпа және нұттың жергілікті сорттарының сапасын қуаңшылық пен күйзеліске төзімділігін арттыру бағытында ғылыми жобаларды жүзеге асыруда.
Ал жас биотехнологтарымыз жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларын диагностикалау үшін, биологиялық тест-жүйесін жасаудың заманауи әдістемесін толық меңгерді. Мұның өзі осы салада импорт алмастыру мәселесін шешуге мүмкіндік бере отырып, қыруар қаражаттың елден сыртқа кетпеуіне жағдай туғызады және де осы әдістемелерді біз отандық өндірушілерге ұсынуға дайынбыз.
Сондай-ақ, әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарының тәжірибесі бойынша, ғалымдар арасында бәсекелестік жүйесін, мансаптық өсу үлгісін әзірледік және қолданудамыз, ғалымдарға еңбекақы төлеудің жаңа салыстырмалы жүйесін енгіздік. Күні бүгінге дейін ғалымдар арасындағы бәсекелестіктің жоқтығы біздің аграрлық саланың ғылымын дамытуда тежеуші факторлардың бірі болып отырғанын жасыруға болмайды.
Үшінші бағыт – технология трансферті жүйесін құру. Бұл бағытта біз, ең алдымен, трансферттеудің дұрыс жүйесін құруды басты назарда ұстадық және оны кейін трансферттеу мәселесін практикалық жағынан шешуде база ретінде пайдалануға бағыттауды мақсат еттік. Осындай ұстаным негізінде технологиялық жаңалықтарды игерген шетелдік серіктестермен бірлесе отырып, үздік технологияларды бейімдеу мен трансферттеудің 5 халықаралық орталығын құрдық. Аталған жаңа бастамаларды бюджет қаражатын жұмсамай, шамамен 1,2 млрд. теңге көлемінде болатын шетелдік инвестицияны тарту арқылы жүзеге асырдық. Бүгінде дәл осы орталықтар базасында өндіріске енгізу үшін, дайын шешімдерді бере алатын жаңа технологияларды бейімдеу бойынша ғылыми жұмыстар жүргізілуде. Аталған базаларда біздің студенттер де білім алуда. Сонымен қатар, Белорусс технологиясын бейімдеу мен трансферттеу орталығын құруды инвестициялаған біздің серіктесіміз университеттің 50-ге жуық студентінің белорусс университеттері мен машина жасау зауыттарында білім алуы үшін жыл сайын жұмсалатын шығындарды өз тараптарына алды.
Қазірдің өзінде бұл орталықтар нақты нәтижелер бере бастады. Атап айтқанда, Оңтүстік Кореямен бірлесіп құрылған Геоақпараттық жүйе технология орталығы өткен жылы Қазақстанның негізгі астық егетін аймақтарында егін жинаудың ғарыштық мониторингі бойынша мемлекеттік тапсырысты бірлесіп орындаушы ретінде қатысты. Бүгінде оны Қазақстанның барлық аймағында табиғи ресурстардың ғарыштық мониторингі бойынша зерттеулерді бірлесіп орындаушысы ретінде енгізуге шешім қабылданды.
Сонымен қатар, осы орталықтың мүмкіндіктері мен өз қаражаты есебінен Ақмола облысы Целиноград ауданының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерін сандық форматқа көшіру жұмыстары жүргізілді. Оны ғарыштық суреттермен салыстыра отырып жер пайдалану процесстеріне толығымен бақылау жүргізу үшін қолдануға болады. Мәселен, бұл технология аудандағы әрбір жер пайдаланушылардың жер учаскелерін мақсатты пайдалануын, ауыспалы егістерді сақтауын, егістіктің аурулар мен зиянкестерге ұшырауын, егін егу және астық жинау науқандарының барысын бақылап отыруға мүмкіндік береді.
Біздің қытайлық серіктестеріміздің қаражаты есебінен құрылған заманауи қытай технологиясын бейімдеу мен трансферттеудің халықаралық орталығында да біршама жұмыстар жүргізілуде. Тұзға және қуаңшылыққа төзімді қытай селекциясының ағаштарының 40 түрі мен картоп, басқа да дақылдардың әртүрлі тұқымдарын өзіміздің жағдайымызға бейімдеу бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға кірістік. Мәселен, қытай ағаштарының «Астананың жасыл аймағының » одан ары көркеюіне өз үлесін қосады деген сенімдеміз, ал картоптары болса өзінің жоғары өнімділігімен республикамыздың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше орын алмақ. Себебі, ұсынылған технологияны сақтаған жағдайда, сыналып жатқан картоп сортының өнімділігі Қазақстанның оңтүстік облыстарының үздік шаруашылықтарының көрсеткішіне қарағанда 5 есе көп. Бірінші жылы алынған нәтижелер осы жобалардың болашағының зор екендігін көрсетті. Енді біз Қазақстанның солтүстігінде осы картоптың элиталық тұқымын өнеркәсіптік негізде ауқымды көлемде өндіруге бағыт алып отырмыз. Сонымен қатар биылғы жылы суарылмайтын егіншілік жағдайында жоғары өнім беруге қабілетті шет елдердің соя сұрыпын біздің жағдайға бейімдеу жобасын қолға алмақпыз.
Бүгін біз дәл егіншілік технологиясының зор мүмкіндігін көрудеміз. Оны енгізген жағдайда шаруашылықтар материалдық-техникалық, еңбек және қаржы қорларын молынан үнемдеп қана қоймай, өндірілген өнімнің жоғары өнімділігі мен экологиялық тазалығына қол жеткізеді. Бізде германиялық серіктестер қаражаты есебінен құрылған дәл егіншілік орталығының базасында ғалымдарымызбен аталған технологияның элементтері толығымен пысықталды және бүгінгі күні оларды бүкіл республика ауқымында таратуға дайынбыз.
Ауыл шаруашылығын қарқынды дамытудың тағы бір маңызды, әрі жетекші аспектісі білімді тарату болып табылады. Дамыған елдер тәжірибесі бойынша, оның айқын жүйесін әзірлеуіміз қажет. Өткен жылы біздің университетте шетелдік серіктестердің қолдауы және көмегі арқылы білімді тарату кеңсесін құрдық.
Фермерлерге қысқа дәрістік сабақтар арқылы білім беруге бағытталған басқа білім тарату орталықтарынан біздің айырмашылығымыз: білім алушыларды «өз қолыңмен жаса» ұстанымы арқылы оқытып, тәжірибелік дағдысын қалыптастыруға, сондай-ақ, кешенді инновациялық шешімдерді қабылдауға үйретеміз. Осы қысқа уақыт аралығында (БҰҰДБ) Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы мен «Астана Эко Стандарт» серіктестігімен жылыжай шаруашылығы мектебін ұйымдастырдық, онда 200-ден астам бастауыш және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер білім алды.
Сондай-ақ, балық шаруашылығы саласындағы мектебіміз іске қосылып, оқыту барысында «hand-on» режимінде 100-ге жуық балық шаруашылығы субъектілері қамтылды. Бүгінде мұндай оқыту түріне бизнес-құрылымдар тарапынан сұраныс күрт өсіп отыр және оны әрі қарай дамытпақпыз.
Жүріп өткен жолымызды саралай отырып, бүгінде аграрлық университеттерді жүйелі қайта құру қолға алынса, технологиялар трансферті міндеттерін шешуде маңызды күш болады деп сеніммен айта аламыз. Және біз мұны сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдеудеміз. Алайда, біз қазір осы игілік істердің тек қана бастапқы кезеңінде екенімізді толығымен түсінеміз.
Барлық негізгі бағыттарымыз бойынша әзірленген түбегейлі жаңа көзқарастар мен құрылған платформалар алдағы жұмысымыз үшін жақсы база болып табылады. Және бұл жаңашыл қадамдар, шын мәнінде, еңбек ұжымының ынтасымен қолдағы қаржы көлемі аясында жасалды. Ал оларды әрі қарай ілгерілету қосымша шығындарды талап ететіні түсінікті. Бұл мәселені ауылшаруашылық мамандықтары бойынша мемлекеттік грант құнын ұлттық университеттер деңгейіне дейін арттыру арқылы шешуге болады және осы жөніндегі ұсынысымызды Үкіметке енгіздік. Бірақ, өкінішке орай, бұл мәселенің шешімі созылуда. «2017-2021 жылдарға арналған АӨК дамытудың Мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес 2018-2022 жж. арналған біздің университеттің даму бағдарламасы әзірленді. Біз оны қарастыруға ұсындық және көп ұзамай Үкіметте бекітіледі деген үміттеміз.
Мемлекеттен қажетті деңгейде қолдау болса, біз дамыған елдердегідей АӨК-ге кадрларды дайындау және ғылыми қамтамасыз ету жүйесін еш күмәнсыз жасай аламыз. Болашақ дамуымызды шешетін бұл мәселелердің маңыздылығын біздің қаржыгерлер түсінсе деген тілегіміз бар (!).
Елбасының биылғы Жолдауындағы АӨК-ні және аграрлық ғылымды дамытуға қатысты және одан туындайтын міндеттердің білім беру және ғылыми-зерттеу үдерісін жүйелі қайта құруға бағытталған соңғы жылдардағы біздің атқарып жұмыстарымызбен үндес болғанын университетіміздің ұжымы мақтан тұтады. Осы үндестік бізге зор сенім жүктейді және алға қойған жоспарларымызды ойдағыдай іске асыруға ынталандырады.