Қазақстан • 26 Қаңтар, 2018

«Астана» қаржы орталығы Дүниежүзілік экономикалық форумда панельдік талқылау өткізді

409 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана» халықаралық қаржы орталығы делегациясы Щвейцарияның Давос қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форумға (ДЭФ) қатысуда, деп хабарлайды АХҚО баспасөз қызметі.

«Астана» қаржы орталығы Дүниежүзілік экономикалық форумда панельдік талқылау өткізді

Форум аясында АХҚО Тhomson Reuters халықаралық агенттігімен бірлесе отырып, «Those who dare win: exploring new frontiers» («Жеңіске жетуден қорықпау: жаңа белестерді бағындыру») тақырыбында панельдік талқылау жиынын өткізді. Сессияның негізгі мақсаты - дамып жатқан нарықтардың инвестициялық тартымдылығын талқылау болатын. Одан бөлек, халықаралық бизнес ортаның өкілдеріне АХҚО мүмкіндіктері таныстырылды.

Панельдік сессияда спикер ретінде IHS Markit ғылыми-талдау компаниясының жаһандық энергетикалық және халықаралық мәселелер жөніндегі аға вице-президенті Карлос Паскуаль, Abraaj Group басқарушы серіктесі Мустафа Абдель-Вадуд, Abraaj Group өңірлік бас директоры және Standard Chartered коммерциялық және жеке банктік бизнес жөніндегі бас директоры Анна Марс, Руанданың қаржы және экономикалық жоспарлау министрі Клавер Гатете сөз сөйледі.

Талқылау алдында панельдік сессияның қатысушылары мен қонақтары үшін арнайы жазылған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнежолдауы тыңдалды. Өз сөзінде Елбасы тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның экономикалық дамуындағы негізгі кезеңдерді атап өтіп, әлеуетті инвесторларды Астанада шілде айында өтетін АХҚО-ның халықаралық тұсаукесер рәсіміне шақырды. Панельдік талқылауға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаев, ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов және Швейцариядағы ҚР Елшісі Жанар Айтжанова және жетекші инвесторлар мен бизнес алпауыттар қатысты.

«Бизнес өкілдерін дамушы нарықтарға баса назар аударуға, жаңа мүмкіндіктерді зерттеуге және жұмыс істеп жатқан қаржылық жүйелерге жаңа серпін беруге көмектесуге шақырамын. Өз кезегінде АХҚО ынтымақтастық үшін бірегей мүмкіндіктер бере алады және бүкіл Еуразия кеңістігіндегі жолбасшы бола алады», - деп атап өтті АХҚО басшысы Қайрат Келімбетов. Бүгін АХҚО өкілдері қаржылық технологияларға арналған Caspian Week секциясына қатысады. Сонымен қатар, АХҚО делегациясы қазіргі таңда жұмыс істеп жатқан және ықтимал серіктестерімен бірқатар іскерлік кездесулер өткізеді.