Аймақтар • 27 Қаңтар, 2018

Абай ауданында допты хоккейден жарыс өтті

620 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

12-13 қаңтар аралығында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына және Абай ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай аудан әкімінің жүлдесі үшін допты хоккейден ересектер арасында жарыс өтті.

Абай ауданында допты хоккейден жарыс өтті

Сайыстың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров бүгінде ауданда допты хоккей спортын дамытуға көңіл бөлініп жатқанын атап өтіп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Осылайша мұз үстіндегі жарыс қызып сала берген. Додаға қатысушылар өзара үш топқа бөлініп, шеберлік байқасты. 13 команда қатысқан бәсекеде Электр жүйесі мекемесі, Өрт сөндіру мекемесі, Өнер мектебі, жастар командасы және барлық ауылдық округтер  өнер көрсетті. Екі күнге созылған жарыс өте тартысты өтті. Командаларын қолдауға келген жанкүйерлер де мол болды. Сайыс нәтижесінде үздік ойын өрнегін көрсеткен командалар жүлделі орындарды иеленді. I орынды Қарауыл ауылының командасы иеленсе, II орынды Кеңгірбай би ауылының жігіттер еншіледі. Ал жүлделі III орынды Электр жүйесі мекемесіне бұйырды.

Сонымен қатар ойын барысында ерекше өнерімен көзге түскен спортшылар да арнайы тағайындалған марапаттарға ие болды. Сырым Мамажаев «Үздік қақпашы» (Қарауыл ауылы), Бауыржан Асқаров «Үздік ойыншы» атағын (Электр жүйесі мекемесі) иеленсе, Құтанбек Әділ «Үздік қорғаушы» (Қарауыл ауылы), Серік Әділханов «Үздік шабуылшы» (Кеңгірбай би ауылы) деп танылды. Жарыс жеңімпаздары аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің мадақтама грамоталармен және медальдарымен марапатталды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Абай ауданы