Мен жақында журналист-публицист, жазушы, марқұм Серік Әбдірайымұлының «Бес мүшел белесінде» атты естелік кітабын оқып шықтым. Кітапты құрастырған Сансызбай Мәдиев, Қайсар Қадырқұлов, Зернебек Шілдебайұлы бұл туындыға белгілі қаламгер, баспагер жайлы көзкөргендер естеліктерін жинастырған екен. Кітап екі бөлімнен, «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жақсылармен жанаса жүр» топтамасынан бастау алады.
Сонымен бұл кітап несімен құнды? Бастысы – тіл құнары бөлек. Көлемі 500 беттен асады, 35 баспа табақ. Өз ұлтын шексіз сүйетін Серік қазақтың біртуар перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың басына қара бұлт үйірілген сәтте жанына жалау болған інілерінің бірі болды. Сондай-ақ, Асанбай Асқаров, Нұрғиса Тілендиев, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Қадыр Мырза Әлі жайында эсселері мен деректі повестері көкірекке нұр құяды, сусынды қандырады. «Қазақ ғылымның Геркулесі» атты тарауда ғалым Өмірбек Жолдасбеков сөз болады. Зейнолла Қабдоловша айтқанда, «Не айта беретіні бар, ол от еді, бықсуды, түтіндеуді білмейтін, қала ішінен ғажап КазГУ-град салынды. Төңірегіне тек шуақ шашатын».
Кітапты бас алмай оқып отырғанда, Қалдарбек Найманбаев: «Димекең дүниеден өткеннен кейін де оның аруағы алдындағы парызын Серік адалдықпен, азаматтықпен атқарып келеді» десе, Бексұлтан Нұржекеев: «Серіктің Қонаев пен Нұрғиса туралы жазғандары» айрықша бағалы» дейді. Ал Сансызбай Мәдиев: «Жамандықты кешіру, жауласқан жауының өзіне де рақым жасау, пенденің жай бір қылығы ретінде қарапайымдылықпен қарау – ол да Серікке тән» деп ой толғайды.
Серіктің туған ағасы Жарылқасын қазір зейнеткер, осы кітаптағы «Сол бір күндер есімде» атты естелігін оқырман толқымай оқуы мүмкін емес.
Кітаптағы Серіктің Димекеңнен алған «Ізгілікпен мәңгілікке аты қалған» атты сұхбаты ғибраты мол дүние. Бұл сұхбатта Серік Димекеңе 108 сұрақ әзірлеп барғаны баяндалады. Димекең сұрақты оқып шығып:
– Інішек, өзіңе қызық көрінген сұрақтар маған қиын болып тұр. Жатқан жыланның құйрығын басып кетіп жүрмейміз бе? – депті Серікке ә дегеннен.
Бірде Серік Димекеңе: «Ел басында отырғанда ең басты қателігіңіз неде?» деп сұрағанда Димекең мырс етіп күліп: – Мінсіздік Аллаға ғана жарасқан. Жалпы ел билеген адам тізесінен қан ішеді, кіндігінен май ішеді. Ең кемі жылына бір кемшілік жібергенде 44 жылда 44 қателікке ұрынады екенмін, – деп уәж айтыпты.
– Димеке, ата-анадан не қалды деп ойлайсыз? – дегенде:
– Ерлік пен елдік қалды. Бүгінгі ұрпақ алғырлығымен ұнайды. Мен Зуһра жеңгеңмен елу жыл алты ай өмір сүрдім. «Ердің асылы күшінен білінеді, әйелдің асылы ісінен білінеді» демекші, иманы жолдас болсын, шебер аспаз, тігінші еді. Зуһра Колбин тұсында үкімет тарапынан берілетін азық-түлік, жеміс-жидек, күнделікті тұтынуға алынған заттардың есебін жүргізіп отырған екен. Не алса да ақшасын төлеп, түбіртекті сақтап келіпті. Сатып алынған затының бағасын, әкелген адамның аты-жөнін жазып, қолын қойдырып отырыпты. Маған араша түскен құжаттар осы болды!
Кітаптағы «Димаш ата мен Зуһра бибі» атты тарауда әр отбасына ой саларлық сөз құнары жатыр. – Дағдарыс деп жатырсыңдар, – деді бірде Димекең. – Қазақ бұдан аман өтеді, өйткені қазақтың іші майлы. Қандай дуалы сөз! Қазақ дағдарыстан мүдірмей өтуде. Зуһра анамыздың «Колбиннің жараған бурадай аузы көпіріп, аттанға ұран қосқан күндері бітер. Жазықсызды жазғырып, жала жапқандарды құдай табады!..» деген дана сөзі бас игізеді.
Серік Асанбай Асқаров ағамызға:
– Денсаулығыңыз қалай, аға? дегенде берген жауабы:
– Орташа. Екі метр биік дуалдан еркін секіріп өтпеген соң, пәлен деп мақтауға болмайды. Жетпіс бесің оңай емес екен. Айнадай асфальт жолмен келе жатып аяғыңды санап басасың.
Асанбай аға сүйікті жары Фатимаға:
– Кітап – сен үшін бірінші Асанбай, бірақ оқығаныңды маған әңгімелеуді ұмытпағай, – деп қанаттандырып отыратын болған көрінеді. Ағадан қалғанды іні киіп өседі, ападан қалғанды сіңлі киіп өседі, көргендерін бойына түйіп өседі, – дейді екен жарықтық.
Қалың кітапты оқып отырғанда «Өмірге өкпе жүрмейді» атты тараудағы Асанәлі Әшімов, «Дана-дидардағы» З.Қабдолов, «Аққуын әлдилеген ән мен күйдегі» Н.Тілендиев туралы толғаныс сұхбатта Серіктің терең білімдарлығына, адамды баурай түсу арқылы ішкі жан-дүниесін еріксіз қозғайтын қасиетіне таңырқайсың.
Димаш ата Серіктің еңбектенуімен жарық көрген «Ақиқаттан аттауға болмайды», «Елу жыл ел ағасы» атты кітапқа кезінде ризалық білдіре келіп: «Осы бір қарапайым еңбегімнің дүниеге келуіне, сөйтіп қалың елдің кәдесіне жарарлықтай деңгейге жеткізуіне көп үлес қосқан Серік Әбдірайымұлына ризашылығымды білдіремін» деп ағынан жарылуы көп жәйттің бетін ашқандай.
Кітаптағы әр тарау, ондағы асыл сөздер ойға құйыла түседі. Қайталанбас композитор Нұрғиса жетпіске шығар сәтінде:
«Асау өзендей буырқанған өмірден алыстап бара жатқанымды көріп, жүрегім сыздап қоя береді. Ұрланып өтіп жатқан уақытқа не дауа! Барына береке. Тәубе дейсің. Иншалла, елім аман, жерім тұтас, бауырым бүтін. Мен коммунист емеспін, композитормын. Ақты қара дейтіндерден сақтану керек. Жақсылықты құдайдан, сосын өзіңнен күт», депті.
Мен елу жылдан астам баспасөзге еңбек еттім. Журналист Серік Әбдірайымұлының «Бес мүшел белесінде» атты кітабын оқи отырып, жаныма ләззат, бойыма қуат алғандай сергідім.
«Қазір кітап оқитындар азайды», деп көп айтатын болдық. Оқитындар бар. Бірақ, жақсы кітап қолға тие бермейді. Міне, осы жағын ұмытпаған жөн. Ал бүгінгі әңгімелеп отырған Серік Әбдірайымұлының «Бес мүшел белесінде» атты кітабы тағылымы мол, әр отбасы жата-жастана оқитын дүние десек, артық айтқандық емес. Оқыңыздар, қалың оқырман. Мен өзім оқып шыққан бұл кітаптан көп ғибрат аларлық сөз құдіретін, ел құдіретін ұқтым, алдыңғы толқын ағалар өміріне тағы да тағзым еткендей болдым.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.
Қызылорда.