Әлем • 29 Қаңтар, 2018

Ikea дүкендер желісінің негізін қалаушы қайтыс болды

395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Швецияның әйлемге танымал Ikea жиһаздар дүкенінің желісін құрған Ингвар Кампард қайтыс болды. 91 жастағы кәсіпкер Смоланд провинциясындағы үйінде көз жұмды. Бұл туралы BBC хабарлады.

Ikea дүкендер желісінің негізін қалаушы қайтыс болды

Ikea компаниясының ресми хабарламасында Кампард өткен ғасырдағы үздік кәсіпкерлердің бірі болғаны туралы айтылған.

«Ингвар Кампрад өмірінің соңына дейін өз саласында тынбай еңбектеніп келді. Ол білікті кәсіпкер ретінде есте қалады. Өмірінде үлкен жетістіктерге жеткенмен, «жұмысымның басым бөлігі әлі алда» деген мақсатпен өмір сүрді», деп жазылған Ikea хабарламасында.

Кампард 2013 жылы 87 жасында директорлар кеңесіндегі қызметінен өз еркімен кеткен.

Ол оқушы күнінен көршілеріне сіріңке сатып, кәсіппен айналысқан. Осылай тәжірибе жинаған ол небәрі 17 жасында Ikea дүкендер желісін құрды.

Компанияға жетекшілік еткен жылдары ол Еуропадағы дәулетті адамдардың тізімінде біраз уақыт көш бастап тұрды. Дегенмен Кампрад үнемшілігімен де көпшілікті таңғалдыратын. Саяхатқа ол ылғи экономикалық класпен шығуды, жұмысына тек автобуспен қатынауды әрі арзандау киім киюді жөн көретін.

Кампрадтың мұндай үнемшілдігі Ikea-дің негізгі ұстанымдарының бірі болды. Компания тұтынушылардың арзан бағада жиһаздар сатып алуына жағдай жасауымен әлемге танылған.

«Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Егер арзан бағада сапалы тауар сатқыңыз келсе, шығын көлемін азайтуыңыз керек, яғни бәріне үнемшілік еткеніңіз жөн. Компания басшысы ретінде үлгі көрсетпесем қызметкерлерімнен үнемшілікті қалай талап етемін? Сондықтан айып ете көрмеңіздер, соңғы бір жылда галстукты бірінші рет тағып отырмын», деп 2007 жылы кезекті рет қарапайым мінезімен көзге түскен.

1980 жылы сұхбаттарының бірінде ол жиһаз өндірісімен айналысуының бірнеше себебін барын айтқан.

«Олар диструбиция саласында жетекшілік етіп тұр. Әсіресе, қазіргідей супермаркеттер өз қызметін түбегейлі жаңғыртуға мәжбүр болған кезде маңыздылығы жоғары», деген Ингвар Кампрад.

Ikea 1943 жылы құрылған. Қазіргі уақытта әлемде компанияның 389 дүкені бар.

Ал Ikea мағынасы былайша құрылған: Ингвар Кампрад (IK), өзі өскен ферманың атауы – Елмтарид (Е) және көршілес Агуннарюд (А) ауылының атауы.