Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарайтын Азғыр өңірі Ресей Федерациясымен шекаралас жерде орналасқан. Бұл өңірде үш ауылдық округтің құрамына кіретін 9 елді мекен бар. Олар облыс орталығынан 600, аудан орталығынан 300 шақырым қашықтықта. Автомобиль немесе темір жол жоқ, қатынас қиын. Азғыр өңірі сусыз, табиғаты қатал. Мұнда Кеңес Одағы жылдарында 17 рет жерасты ядролық сынағы өткізілген.
Осы жердің тұрғындары үшін ең өзекті мәселесінің бірі – Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы шекарадан өту болып отыр. Бұл аймақ Ресейдің Астрахань облысының Қарабайлы қаласынан бар-жоғы 60 шақырым жерде. Бұрынғы кезде ауданға барып-келу, сауда-саттық, басқа да шаруаларға байланысты қарым-қатынас Қарабайлы қаласымен тығыз болған.
Бірақ, бүгінгі күнгі қалыптасқан жағдай ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігін қиындатып тұр. Өйткені Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Келісім шекара маңындағы тұрғындардың еркін араласуын шектеп, қолдан қиындық туғызуда.
Келісім бойынша Азғыр өңірінде шекараны кесіп өту орны ретінде «Балқұдық-Қарабайлы» және «Жалғызапан-Басқұншақ» ықшамдалған өткізу пункттері белгіленген. Тұрғындар осы пункттер арқылы Ресей Федерациясының көрші ауданына тек 3 тәулікке дейінгі мерзімге бара алады және әр адамға 35 килодан артық жүк алып өтуге рұқсат берілмейді. Сонымен қатар шекарадан өткен соң Қазақстанға немесе Ресейдің басқа өңірлеріне бара алмайды.
Бұл шалғайдағы ауыл адамдарына үлкен қиындықтар туғызып отыр. Азғыр өңірінде жеті мыңнан астам адам тұрады. Елуге жуық кәсіпкер, 106 шаруа қожалығы және асыл тұқымды қой өсіретін «Сүйіндік» ЖШС жұмыс жасайды. Барлығын қосқанда 91568 қой, 15254 сиыр, 10465 жылқы және 875 түйе өсірілуде. Тұрғындарға 27 дүкен және 2 базар қызмет көрсетеді.
Шекаралық тәртіптің шектеулері кәсіпкерліктің дамуына, шаруа қожалықтарының жұмысына да кері әсерін тигізуде. Жеке тұрғын үй құрылысын, кәсіпкерлік объектілерін салуға қажетті құрылыс материалдарын қасында тұрған 60 шақырым жерден ала алмай, тұрғындар алыстан тасуға мәжбүр. Осындай шектеулер Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі қағидаттарына қайшы екені көрініп тұр.
Аталған мәселе туралы мен 2012 жылғы 5 қазанда Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне депутаттық сауал жолдап, Азғыр өңіріндегі «Балқұдық-Қарабайлы» шекараны кесіп өту орнын шекарадан өткізу пунктіне өзгерту туралы ұсыныс бергенмін. Өйткені бұл өткізулердің құқықтық нормаларының айырмасы үлкен.
Аталған ұсыныс Үкімет тарапынан қолдау тауып, Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық комиссияның отырысында қаралды. Екі мемлекеттің тиісті орталық органдарына тапсырма да берілді. Сол ұсынысқа орай еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің төрағасы және орынбасары екі рет Азғыр өңірінде де болды. Дегенмен мәселе нақты шешімін таппай тұр.
Осыған байланысты мен Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына тағы да депутаттық сауал жолдап, 2012 жылдан бері екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа сападағы деңгейге шыққанын ескертіп, Еуразиялық экономикалық одақтың капитал, тауар айналымының еркіндігі қағидаттарын басшылыққа ала отырып, Азғыр өңіріндегі шекарадан өту мәселесін шешу жолдарын қарастыруды қайталап өтіндім. Осы мәселе оң шешілсе полигоннан азап шеккен Азғыр аймағы тұрғындарының экономикалық дамуына үлкен септігін тигізер еді.
Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,
Сенат депутаты