Өзінің сауалында сенатор осы күнге дейін мемлекеттік «Қазтелерадио» АҚ меншігі болып келген «Отау ТВ»-ны дамытуға республикалық бюджеттен 53,4 млрд теңге бөлінгенін, 2016 жылдың желтоқсанына дейінгі мерзімде еліміздің 77,5 пайыз тұрғындарын қамтыған 356 станса салынғанын, абонементтерінің саны 1 млн-нан асқанын және т.б. айта келіп, енді соның бәрін жекеменшікке берудің қаншалықты тиімділігі барын сұраған. Сонымен бірге сауалда компанияны жекеменшікке берудің кесірінен «Қазтелерадио» АҚ бойынша бұрын ақы-пұлсыз таратылып келген 55 арнаны көрсетпеуге тура келетініне де алаңдаушылық білдірілген.
Осы сауалға айдың басында Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың атынан жауап келді. Онда «ОТАУ ТВ» арқылы «негізгі» және «толық» деп аталатын екі түрлі арналар пакеті спутниктік телерадиохабарлары таратылып келгені айтыла отырып, соның ішінде «негізгі» пакет арқылы отандық 45 телеарна мен 17 радиоарнаның хабарлары тұрғындарымызға республикалық бюджеттің есебінен тегін ұсынылып келгені жеткізілген. Ал «толық» пакет арқылы шетелдік 74 телеарнаның хабарларын абонементтер ақылы негізде тұтынады екен.
Жауапқа қарағанда мәселенің бәрі осыған келіп тірелетін сияқты. Осы арналардың хабарларын тарату тиімді еместігі анықталған, өйткені шетелдік контенттердің өнімдерін сатып алу қымбатқа түскен. Осы үшін «Қазтелерадио» АҚ «Отау ТВ»-ның ақылы спутниктік телерадиохабарларын сырттан келген оператормен бірлесіп таратуын мақұл көріпті. Жасалған сараптама бойынша «Тв-Соммерс» ЖШС-нің «Саspio HD» сауда маркасы жеңімпаз болып танылыпты. 2017 жылдың 30 қарашасында «Қазтелерадио» АҚ басқармасының шешімімен осы компаниямен ынтымақтасу шарты жасалған. Бұл компанияның иелері қатарында Г.Нұрбаев, Э.Исабаев, Т.Шәкенов және «Modern Nomads Entertainment» атты АҚ (оның қожайындары кім екендігі көрсетілмеген) аталады.
Сонымен бірге жауап «Саspio HD» абонементтік ақыны бұрынғы деңгейде ұстау үшін абонементтердің спутниктік қабылдағыштарын ауыстырмайтынын, қосымша жарақтар алмайтынын және қосымша монтаждық жұмыстар жүргізбейтінін айтады.
Жауапқа қарағанда «Отау ТВ» жекеменшік фирманың меншігіне толық берілмейді, жұмыс онымен бірлесе жүргізіледі.
Дайындаған Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»