03 Ақпан, 2010

КЕЛЕШЕКТІ БОЛЖАҒАН КЕМЕЛ ЖОЛДАУ

1225 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін
ТӨРАҒАЛЫҚ ЖОЛДАУМЕНЕН ҮНДЕСТІ Биылғы жыл ақжарылқап жақсылықты ала кеп, Ел ішіне нұрын шашты шапағатты жаңа леп. Қазақстан абыройын, асқақтатып айбынын Төрағаға таңдап алды қазағымды әділ деп. Бұл мақтаныш, бұл мәртебе Қазақстан елі үшін, Татулықты берік сақтап, өркенді еткен өрісін. Елу алты ел басшысы бір мүддеге жүгініп, Саясатта жасалады тұғырнама келісім. Қазақстан елі бейбіт, жері жомарт, бағы гүл, Өркенді елмен терезесі тең түсетін шағы бұл. Тәуелсіздік туын биік нық ұстаған шағында Бар әлемге шуақ шашар келді кезең тағы бір. Бар тілегі – ақ ниетті қалмаса деу тот басып, Бұл заманда жүргендер бар елден елге оқ тасып. Бабалардың ақ арманы – азаттықты ардақтап, Қандай жақсы, халық үшін жүрсек дәйім бақ шашып. Қазақстан қолға ұстады төрағалық тізгінін, Бұл дегенің жария ету – татулықтың ізгі үнін. Бір-біріне сыйлағанды, ұсынғанды қалайды ол Соғыс-өрттің түтін иісі дарымаған түз гүлін. Барша әлем ел-жұртының білдіретін мұратын, Төрағаның нысанасы – төрт “Т” бастап тұратын: Траст – сенім беріктік пен үлкен бірлік бастауы, Традишн – дәстүр-салтын ұстансын деп жұратым. Транспаренси – ашықтықтың даңғыл жолы ұраны, Теңдік пенен ынтымақтық танытудың құралы. Толеранс – төзімділік жол нұсқаудан тұрады, Міне, осы түйіні көп төрт тұғырлы сұрағы. Бұл төрт тұғыр ұлағатты ұстанымдар адамға, Аса қажет татулықты ту ететін қоғамға. Тыныштықтың тетіктерін мықты ұстасаң тұрақты, Сенімділік арттырады жұмыр жерлі ғаламға. Жұрт қашпасын, бұлт баспасын барша әлем аспанын, Тек жырлайық татулық пен ұлы достық дастанын. Еркіндіктің  ақ бесігін тербетейік бар үйде, Шарықтасын, қалықтасын шаттық толы асқақ үн. Елбасының жұртқа арнаған жігер берер Жолдауын, Қалың қауым бірауыздан білдіруде қолдауын. ЕҚЫҰ-ға  төрағалық Жолдауменен үндесіп, Жер шарының шешері анық көкейкесті арманын. Әли ЫСҚАБАЙ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Алматы облысының құрметті азаматы. АУЫР ДА ЖАУАПТЫ МІНДЕТ Болашаққа тың серпін беретін, тарихи құжаттардың ішінде маңызы айтарлықтай салмақты болып та­бы­латын Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауы биыл бұрын­ғы­сынан ертерек жолданды. Ел да­муын­дағы басым бағыттарды ай­қын­дап берген Мемлекет басшы­сы­ның Жолдауын тезірек әрі өнімді етіп жүзеге асыру үшін құзырлы құ­рылымдар іске кірісіп те кетті. Осы жолғы Жолдауда көтерілген аса маңызды мәселелердің бірі ­– білім беру жүйесін жетілдіру, жастардың білімділігін арттыру, жас кадр­лар­дың кәсіби біліктілігін тереңдету, еліміздің жоғары оқу орындарын әлемдік деңгейге жеткізу. Осыған бай­ланысты Елбасының биылғы халыққа Жолдауы республиканың барлық телеарналарында тікелей эфирде көрсетіле салысымен, ел Прези­денті жанындағы Мемле­кет­тік басқару академиясында Жол­дау­ға үнқату мақсатында кеңей­тіл­ген отырыс болып өтті. Аталмыш академияның ректоры Арын Өрсариев Президенттің “Жаңа онжылдық ­– жаңа эко­но­ми­калық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жол­дауына үн қосу отырыстың күн тәр­тібінде тұрған бірінші мәселе екенін айтты. Осы орайда білім беру сапасын жақсарту, мамандар даярлау жүйе­сін же­тілдіру, сондай-ақ Елбасы атап көрсеткеніндей, қазақстандық жо­ға­ры оқу орындарының әлемдік дең­гейдегі беделін арттыру кезек күт­тірмейтін міндет екеніне екпін түсірді. – Елбасының бұл тапсырмасы біз үшін өте өзекті, сондықтан әлем­нің жетекші оқу орындарымен ынтымақтастықты одан әрмен да­мы­та береміз. Академия ректоры ретінде мұны жауапты мін­дет деп білемін. Дегенмен де бұл дамудың жаңа кезеңіне ұм­тыл­ған Қазақ­стан үшін аса қажет. Мен жедел жоспарда бір жыл­ға арналған стретегияны жасау міндетін алға қойып отырмын. Мем­лекеттік аппараттың кадрлық әлеуетін арттыру мақсатында оқу үдерістерін жаңғырту стратегиясы еуразиялық кеңістік, ТМД, ШЫҰ-дағы таң­даулы ғылым-білім ұйым­дарының бестігіне кіруді көздейді. Сонымен қатар, академияның кадр­ларды қайта даярлау және бі­лік­тілігін арттыру курстарында жы­лына 3000 мемлекеттік қызметкер оқы­тылатын, орта және жоғары бу­ын­дағы 250 мемлекеттік басқарушы даярланатын болады, – деді А.Өрсариев. Ректор келесі кезекте акаде­мия­ның өз түлектерімен тұрақты бай­ланыс жасап тұратынын, олардың арасында 20 саяси басшы, 5 елші бар екенін айтты. Түлектердің 33 пайы­зы еліміздің аймақтарында судья болып жұмыс жасайтын бо­ла­тынын да атап көрсетті.  Соны­мен қатар академия өз түлектеріне екі диплом беру жүйесін енгізуге байланысты жұмыстарды бастап кет­кендігін де атады. Мәселен, ағым­дағы жылы академияның 20 түлегі осы оқу орнының дипломы­мен қатар мемлекеттік басқару са­ла­сында әлемдік үздік 10 жоо қата­рына енген Сингапур мемлекеттік саясат мектебінің дипломын алып шы­ғады екен. Ал 2010 жылы ака­демияның 116 тыңдаушысы шетел­дік беделді университеттерден тәжі­рибеден өтпек. Осылайша, Президенттің жүк­те­ген міндеттерін жүзеге асыру үшін академия нақты іс-шараларға кі­ріспек. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ, Астана. МАҚТАНСАҚ ТА МАСТАНБАСПЫЗ Нұрмахан ОРАЗБЕК, журналист. Биылғы Жолдау бұрын­ғы­лары­нан өзгешелеу – бір немесе екі-үш жылға арналған емес. Тұтас он жылдықты күйттейді. Бұл – ер­те­ңің­ді ертерек қамдау үлгісі. Деген­мен, бұрыннан да бар, қолданылып келе жатқан қарекет. Жолдаудың өзі алғашқы онжылдығының қоры­тындыларын шығарып, екінші он­жыл­дығының міндеттерін белгіле­ген “Қазақстан-2030” Даму стра­те­гия­сы соның жарқын үлгісі болса керек. Ондай қарекет бұрын бол­маса, біздің ел, Елбасы айтқандай, мақ­тануға татитын көрсет­кіш­тер­мен, нәтижелермен әлемнің апшы­сын қуырған экономикалық дағда­рыс­тан арыла бастамас еді. Ол көр­сеткіштерді, ол нәтижелерді қайта­лап жату міндет болмас. Дегенмен, мастанарлық жағдайдың ауылы да қыр астында жатпағандай. Менің назарымды бір тақырыпқа келті­ріл­ген екі мысал аударды. Біріншіден – “Қазақстанда... бір қызметкер жылына 17 мың доллардың өнімін өн­діреді. Дамыған елдерде бұл көр­сеткіш 90 мың доллардан асып тү­седі”. Екіншісі – “Ауыл шаруашы­лы­ғындағы еңбек өнімділігі ең тө­ме­ні және жылына бір жұмыс істеушіге 3 мың доллар шамасында келеді. Ал дамыған елдерде бұл көр­сеткіш 50-70 мың долларды құ­райды екен”. Жалпы, экономикада “еңбек өнімділігі” дегеніңіз қолға үйретілмеген хайуандай ұғым, қо­лыңа түссе, ырқыңа көне қоймайды. Кетпен ұстаған бір адам күніне жүз шаршы метр жердің топырағын аударды екен деп, ертеңіне 150 не­ме­се 200 шаршы метр жер аудара­мын дегізіп міндеттеме қабылдата­тын “социалистік жарыспен” еңбек өнімділігі артпайды. Діттегенге же­ту­дің бірден-бір жолы ғылым жа­ңалығын, яғни ғылым жасаған жаңа техниканы, жаңа техноло­гия­ларды кеңінен қолдану. Экономи­ка­ның қай саласында болсын. Әзірге біз шетелдік (алысы бар, жа­қыны бар) техника мен техноло­гия­ны қолданып, көңіл тоғайтар табыстарға жеткендейміз. Бірақ өзгеге ғұмыр бойы ауыз ашып оты­ра беру әсте де кісілік емес, масыл­дық болса керек. Ендеше, өз ғалым­дарымызға, өз өнертапқыш­тары­мыз­ға, өз ізденгіштерімізге көңілдің көбірек ілтипаты жөн. Рас, Елбасы өмір туралы ғылымдар орталығы, энергетикалық зерттеулер орталы­ғы, тақырыптық аспаптық орталық секілді жаңа ғылыми орталықтар құ­рылатынын тілге тиек етті. Орын­­ды. Бірақ біздегі ғылыми әлеует солармен тәмамдалмаса ке­рек. Баяғыда қалыптасқан ғылым­дарымыз мен ғалымдарымызды былай қойғанда, соны жаңалықтар ашып жатқан жас таланттарымыз бен талаптыларымыз бар екенін баспасөзден оқып жүреміз. Солар ұсынған жаңалықтар, әсіресе жаңа техника байқауын мезгіл-мезгіл өткізіп тұрсақ, шетелдік үлгілермен салыстырғанда, мойны озықтарын таң­дай білсек, соларын жетілдіре тү­суге шын жәрдемдессек, ұтары­мыз да көбейе түсер еді деп ойлаймын. Осы орайда өткеннен бір мысал келтіре кетуге болады. Сол өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында Қаныш Сәтбаев Жезқазған өңіріне сапарында кен қазуда жаңа техникаға жол ашуды талап етеді. Талап алпысыншы жылдардың ба­сын­да жүзеге асты. Және ол техни­ка шетелдік емес, отандық техника болатын. Әрі ол сол за­манда әлем­дегі осы саладағы ең озық техника еді. Оның шет жағасын журна­лис­тік сапарда өзіміз де көрдік. Жал­пы, Елбасы алға қойған міндет­тер­дің үдесінен шығу үшін бұл орайда тындырғаныңды қомсыну бас­шы­ның да, қосшының да, қатардағы қарапайым міскіннің де кісілік, азаматтық қасиетінің бір қыры бо­луға тиіс деп білем. Жолдауда қарапайым азамат ретінде менің назарымды аударған тағы бір жәйт бар. Елбасы саяси жаңғыру, яғни қоғамдық қаты­нас­тар­ды сауықтыра түсу мәселесін қадап айтты. Әсіресе, құқық қорғау органдарының жұмысына сындар­лы сын естілді. “Ішкі саяси сала мен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жыл­ға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту бо­лып қала береді” деген сөзді Елба­сы қадап айтты. Алайда, өз басым “ұлттық қауіпсіздік”, “мемлекеттік қауіпсіздік” деген аса бір салмақты ұғымдарды осы біз үстірттеу түсі­не­міз бе деп секем алам. Кейде тын­дырғанымызға, тындыра алма­ға­нымызға сын айтылып (бәлкім, қатқыл да болар) жатса, соны әл­гін­дей ұғымдарға орайлас нәрсе деп ұғатын сыңайлымыз. Сын мем­ле­кетіміздің қауіпсіздігіне қатер емес, қайта сол қауіпсіздікке қорғаныш. Бір ғана шарт – сынға бет көріс­пес­тей болып қаһарланудан, ата жау санаудан сақ болған абзал, ақ-қа­расын әділ салмақтаған жөн. Әри­не, сынның да әділ болғаны орын­ды. Оппозиция – тек өкімет (билік) үшін күрес емес, қоғамдық өмірдегі олқылықтарды жоюдың құралы екенін ұмытпағанымыз ма­құл. Бітіспес болып бөлшектенген қоғамда ғана оппозиция өкіметті жеңіп алу (“Барлық билік – Совет­терге!”) құралы. Ал елімізде ондай бөлшектену жоқ екені әркімге аян. Осы орайда оппозициямыздың да “ойбай, біздің идеямызды иемденіп кетті” деп аттандай бермегені жөн. Тағы бір мәселені ортаға салған артық болмас. Бізде “ауыл жыл­дары”, “мәдениет жылдары” секілді ен салынған бірталай жылдар өтті. Солардың қорытындылары жоғары деңгейде шығарылған да болар, бірақ қалың көпшілікке қаратып насихаттала қойған жоқ. Демек, он жылдың әрбір жылы қорытын­дылан­ғанда нені тындырдық, нені тындыра алмадық, оның себебі не, ол себептерді қалай, қашан жоя аламыз деген сұрақтар көпшілікке баспасөз арқылы егжей-тегжейлі түсіндірілгені мақұл. ОРТАҚ ІСТЕ ОЛҚЫЛЫҚ БОЛМАСЫН ДЕСЕК... Мұхит ІЗБАНОВ, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Атырау облысы бойынша басқарма бастығы – тәртіптік кеңес төрағасы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қа­зақ­стан халқына биылғы Жолдауын біздің ұжым қызметкерлері де тікелей желіден тың­дап, қанағаттанғандық сезіммен қарсы алды. “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауы шын мәнінде еліміздің осынау бір күрделі кезеңдегі атқарған істерімен бірге, алдағы ауқымды міндеттерін де айқындап берді. Ға­ламдық қаржылық дағдарыс зардаптарын ба­рын­ша айналып өткен республикамызда эко­но­микамызды одан әрі өркендетудің маңызды алғышарттары жасалды. “Дағдарысқа дейінгі кезеңде біз Қытай, Үндістан және де өзге де экономикасы қарыштап алға басқан мемле­кет­тер қатарында дамудың жоғары деңгейіне көте­рілдік. Өйткені, біз оған қалай қол жеткізуге бола­тынын білдік. Бәрін дұрыс жоспарлап, сауатты іске асырған­дықтан, біздің дамуымыз сәтті болды”, – деп атап көрсетті Елбасы өз Жолдауында. Болашағымыз үшін өзі де тыны­мсыз еңбек етіп, өзгелерді де осынау ортақ мақ­сат жолына жұмылдырып жүрген Елба­сы­ саяса­тының арқасында Қазақстанды әлем жұртшылығы таныса, бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Жақында ғана Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың төрағалығымен өткен кеңес­те Үкіметтің есебі тыңдалып, Елбасы тарапы­нан өткен жылдың қорытындысына нақты баға берілгені баршамызға мәлім. Осынау алқалы жиында Нұрсұлтан Әбішұлы атқарылған істер­мен қатар, алдағы міндеттерді де атап көрсетіп, өз ойын былайша түйіндеді: “Өткен жыл бәрі­міз үшін үлкен сынақ жылы болғаны белгілі. Дағдарысты жеңу үшін біз аса зор ауқымды ша­ралар атқардық. Осы орайда Үкіметтің істе­ген жұмысы бәріңізге белгілі, ай сайын менің алдымда есеп беріп отырды. Үкімет басшылы­ғы, министрлер мен әкімдер бірігіп істеген нәтижелі жұмыстың арқасында біз дағдарыстан абыроймен өттік. Қазір экономикамыздың даму қарқыны оң нәтижелер көрсетіп отыр. Ол – біз үшін үлкен жеңіс”. Елбасы осылай дей ке­ліп, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дай­ларын жақсарту, ұлттық кадрларды дайындау, әкімшілік реформаларды іскерлікпен жүзеге асыру мәселелеріне айрықша тоқталды. Әсіре­се, маман тапшылығы, кадр мәселесі, банк са­ласындағы түйткілдерді бірігіп шешіп, еліміздің стратегиялық өркендеуіне залал келтіретін кез келген келеңсіз құбылыстарға батыл тосқауыл қою қажеттігіне баса назар аударды. Сонымен қатар, Елбасы кейбір лауазым ие­лерінің жауапты жұмыстарға тәжірибесі аз, біліктілігі төмен, жауапкершілік жүгін жете се­зін­бейтін жастарды тартып отырғанына келіс­пей­тіндігін білдірді. “...Аппаратты балабақшаға айналдырып жібердіңдер. Бүгін біздің ведом­ство­лардағы айтарлықтай биік лауазымдарда өздерінің не үшін сонда отырғанын түсінбейтін жас балалар отыр”,­ – деп жас мамандарға қатыс­ты кадрлық жұмысты қатаң сынға алды. Жоғары оқу орындарын бітіріп келген жастарды ең әуелі өмір мектебінен өткізіп, мол тә­жірибе жинақтағаннан кейін ғана мүм­кін­дігіне сай қызметке тағайындауды ұсынды. Елбасының алдымызға қойып отырған осынау міндеттерді іскерлікпен жүзеге асыруға атсалысу – әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті. Соның ішінде мемлекеттік қызмет­ші­лерге жүктелер жауапкершілік жүгі өте жоғары. Қазірде мемлекеттік қызметке жастар өте көп келуде. Менің ойымша, мемлекеттік қызмет оларға мемлекеттік қызметтегі тұрақтылықты, құқықтық жағынан, әсіресе, заңсыз жұмыстан босатулардан қорғалатындығына кепілдік бере­ді. Сонымен қатар, жеке компанияларға қара­ғанда мемлекеттік қызмет азаматтардың тең қолжетімділігімен ерекшеленеді. Бүгінгі таңда Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агент­тіктің Атырау облысы бойынша басқармасында 10 тәжірибелі қызметкер жұмыс жасайды. Ба­сым бөлігін заңгерлер құрайтын басқарма қыз­меткерлерінің жұмысының басты бағыты – мемлекеттік қызметшілермен жұмыс істеу. Бұл күндері халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мемлекеттік қызметті рефор­малау деңгейі жөнінен ТМД мемлекеттері ішінде жетекші рөл атқарып отырған мемлекет деп саналады. Бұл істе Елбасымыз Н.Назар­баевтың ерекше қолдауының арқасында өмірге келіп, жүйелі де мақсатты қызмет атқарып отыр­ған Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің рөлін атап айтуға болады. Мем­ле­кеттік қызметті саяси және әкімшілік қызмет­тер ретінде бөлу, қызметке қабылданатын адам­дарды конкурстық тәртіп бойынша іріктеу, еңбекақы төлеу жүйесіндегі ашықтық, мем­ле­кеттік қызметкерлердің білімдері мен кәсіптік шеберлігін және біліктілігін ұдайы арттырып отыру, мемлекеттік аппаратта сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы ашық күрес – осының бәрі қазіргі таяу шетел­дер­дегі мемлекеттік қыз­меттің ең басты ерек­ше сипаты болып отыр. Яғни, барлық дең­гейде де тұр­ғын­дарға қызмет көр­сетуді мейлінше жетілдіріп, міндетті түрде белгілі бір лауа­зымдық нұс­қау­лар шең­бе­рінде бо­лудан гөрі, дер­бес­тік пен жеделдікті, жаңа­ша ойлау жүйесін қа­лыптас­тыруды орнық­тыру үлкен маңызға ие бола бастады. Осыдан келіп шенеуніктерге қойылатын талаптар да күшейе түсетінін түсіну қиын емес. Бұл ұзақ мер­зім­дерді көздейтін жос­парларды жүзеге асыруда, бюджеттік бағдарламаларды орын­дауда халық­тың талабы мен тілегін толық қана­ғаттан­дыра­тын мақсаттармен ғана астасатын міндет бол­мақ­шы. Яғни, бюджеттің қаржысы тек өз мақ­саттарына ғана жұмсалып, шенеу­ніктердің сы­байлас жем­қорлықтан ада болуы Үкімет та­рапы­нан қатаң бақыланатын жүйеге қатты мән беріліп отыр. Облыстағы мемлекеттік органдардың құры­лымын жетілдіру, сол арқылы мемлекеттік қыз­мет көрсетудің жоғары сапасына қол жеткізу, сы­байлас жемқорлықтың алдын алып, мем­ле­кет­тің оң имиджін қалыптастыру мәселесі күн тәртібіне қай кездегіден де өткір қойылуда. Бұл орайда мемлекеттік қызметке ұсынылатын кадрларды дұрыс таңдай білудің маңыздылығы жоғары. Ол — мемлекеттік қызмет тестісін өткізіп, қадрлық резервке конкурстық таңдау арқылы жүзеге асырылады. Онда үміткерлердің кәсіби біліктілігі (заңнамаларды, таңдаған мамандығы бойынша саланы білуі және т.б. қабілеттері) анықталып, олардың мемлекеттік қызметке қабылдануы үшін қажетті дәйектер мен мәліметтердің бірыңғай базасы жасақ­талады. Ата Заңымыз, “Мемлекеттік қызмет туралы” “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” заңдар мен Мемлекеттік тіл, Ар-намыс кодексі бойынша сынақтан өткеннен кейін келесі кезекте тиісті мемелекеттік орган бел­гі­лен­ген конкурстық ресімдер негізінде кон­курс­қа қатысқандарды кәсіби біліктілігіне қарап таңдайды. Бұл үдерістердің барлығы бейне­ба­қылау жүйесі арқылы қадағаланып, тестіден, конкурстан өту кезінде басқарма қызмет­кер­ле­рінің, мүдделі мемлекеттік орган адамдарының ықпал жасап, араласуына жол берілмейді. Елбасы Н.Назарбаевтың 2009 жылғы 22 сәуірдегі №793 Жарлығымен мемлекеттік органдардың, мемлекеттік және мемлекеттің қатысты үлесі бар ұйымдардың басшыларына сыбайластыққа қарсы әрекет ету мәселесінде дербес жауапкершілік сол мекеме, кәсіпорын, орган басшысының тікелей міндеті ретінде жүктелген. Осыған орай мемлекеттік қызметте жұмыс жасайтын және бұрын жасаған адамдардың адамгершілік, кәсіби қабілеттері, олардың тарапынан жіберілген кемшіліктер мен түрлі жауапкершілікке тартылу фактілері, мемлекеттік қызметтен кету себептері туралы барлық мәліметтерді бірыңғай электронды де­рекқорға жинақтауды қамтамасыз ету бағытын­да жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы белгілеп берген әкім­шілік реформаның басты бағыттары – мем­ле­кеттік органдардың құрылымын жетілдіру, сол арқылы мемлекеттік қызмет көрсетудің сапа­лылығын қамтамасыз ету, мемлекеттік аппарат­тың тұрақтылығын, басқару шеберлігін жетіл­діру, мемлекеттік қызметкерлердің еңбегіне сай жалақы төлеуді жүзеге асыру болып табылады. Жоғары білікті кадрларды мемлекеттік қызметке тартуда үлкен проблемаға айналып отырған ең басты мәселе – жұмыстың өте көп­тігіне қарамастан, жалақының төмендігі. Со­ның салдарынан білікті мамандардың басым бө­лігі ақшасы көптеу басқа құрылымдарда жұмыс жасауға мүдделі. Соңғы бір-екі жылдың көлемінде Елбасымыз атап өткен “Болашақ” стипендиясымен шетелдерде оқып білім алып келгендердің бірде-біреуінің облысымыздың мемлекеттік органдарында жұмыс жасауға ынталары жоқ екендігі көп жайтты аңғартады. 2008 жылғы маусымда өткен “Еліміздің бәсекеге қабілеттігін көтерудегі мемлекеттік қыз­меттің рөлі” атты халықаралық ғылыми-прак­тикалық конференцияда сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаев: “Қазіргі теңдей төлеуге негізделген еңбекақы төлеу жүйесі едәуір өзгер­тіледі. Әркімнің еңбегі жұмыстың күрделілігіне, на­рықтың құнына және жеке үлесіне бай­ланысты ақырғы нәтижелерге сай бағаланатын болады”, – деген болатын. Сананы тұрмыс билеген қазіргідей заманда аталмыш мәселенің оңтайлы шешілуі мемлекеттік қызметке келушілердің ынтасымен бірге, жауапкершілігін де анағұрлым арттыра түсетіні сөзсіз. Үстіміздегі жылы Атырау облысы бойынша мемлекеттік қызметкерлердің саны 3881 бір­лік­ке, соның ішінде жергілікті атқарушы орган­дарда 1585-ке дейін қысқартылды. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметтер тізіліміне 37 қызмет көрсету түрі енгізілді. Мемлекеттік қызметтің кадр резервіне де сұраныс жылдан жылға артып келеді. Оған дәлел 2008 жылы мемлекеттік қызметтің кадр резервінен 94 адам мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындалған болса, 2009 жылы 143 адам жұмысқа қабылданды. Түрлі құрылыс нысандары мен әлеуметтік нысандарды салуға, қызмет саласының басқа да түрлерімен айналысу үшін келісім беретін құзырлы органдардың тарапынан кездесетін әкімшілік кедергілер, сөзбұйдаға салушылық, шектен тыс тексерулер сыбайлас жемқорлыққа кең жол ашып отыр десем, еш қателеспеймін. Сондықтан да еліміз экономикасының өркен­деуіне, ел азаматтарының тұрмыстық жағдай­лары­ның жақсаруына кедергі келтіріп, мем­лекетіміздің қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп отырған осынау қатерлі дертпен ымырасыз күрес жүргізу мәселесі тәртіптік кеңестің әрбір отырысында басты назарға алынады. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агент­тіктің Атырау облысы бойынша басқармасы тәртіптік кеңесінің тарапынан болған ұсыныс негізінде облыс әкімі аппараты жанынан мем­лекеттік қызметтерді көрсету сапасының сақ­талуын бақылау жөніндегі бөлім құрылды. Қа­зіргі күні аталған бөлімдегі қызметкерлер бекі­тілген ережеге сәйкес барлық мемлекеттік қыз­меттерді көрсету құзыретіне кіретін мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, облыс тұрғындарына мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын көтеру мақсатында Атырау қаласы мен аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарла­ма­лар, білім беру бөлімдерінде, ауылдық округ­терде мемлекеттік қызмет көрсету орталықтары ашылды. Сонымен қатар, ел Үкіметінің 2008 жылғы қаулысына сәйкес, Атырау облысы бойынша рұқсат беру құжаттары нақтыланып, облыс әкімдігінің 2009 жылғы “Атырау облы­сында мемлекеттік қызмет көрсетудің стан­дарттары мен регламенттерін бекіту туралы” қаулысы қабылданды. Осыған сәйкес жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын басқарма­лар­дың және Атырау қаласы мен аудандар әкім­де­рі көрсететін рұқсат беру құжаттарына сарап­тама жасалып, барлығы облыс бойынша 31 рұқсат беру құжаттары бар екендігі айқын­дал­ды. Облыс әкімдігінің ғимаратының кіре бері­сін­де тұрғындардың арыз-шағымдары мен ұсы­ныс-пікірлерін салатын арнайы жәшік орна­тылды. Сенім телефоны жұмыс жасайды. Оған түсетін түрлі шағымдар мен ұсыныстардың барлығы назардан тыс қалмайды. Мемлекет беделі – мемлекеттік қызмет­ші­нің беделіне тікелей қатысты. Сондықтан да күн­делікті жұмысымызда облыс тұрғындары­мен жанды байланыс орнатып, атқарылған істерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихаттап отыруға айрықша назар аударудамыз. Өткен жыл ішінде жергілікті, облыстық, республикалық газет-журналдар, теле және радио арналар арқылы 833 мақала мен сұхбат жарияланды. 86 семинар-кеңес пен дөңгелек үстел өткізілді. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар өзінің заңды жалға­сын табатын болады. Елбасы Жолдауында атап көрсетілген маңыз­ды мәселелерді, әкімшілік реформаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік қызметшілер ғана емес, бүкіл құқық қорғау органдары, барша жұртшылық бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жұмыс жасағанда ғана олар өз нәти­жесін беретіні сөзсіз. Сондықтан да ортақ істе олқылық болмауы үшін мемлекеттік қызметтің мәртебесі мен жауапкершілігін күшейтуге бір кісідей атсалысқанымыз жөн. ЖАСТАРҒА ЖІГЕР ҚОСТЫ Байбол ТҮСІПОВ, “Жастар кадрлық резерві” жобасының түлегі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы он жылда атқарылатын ауқымды жұмыстар мен өрелі іс­терді арқау еткен Жолдауын “Жаңа онжылдық – жаңа эко­но­микалық өрлеу – Қа­зақ­станның жаңа мүмкіндіктері” деп атады. Негізінен алғанда 2010 жыл Қазақстан үшін табыс жылы болып басталғанын тілге тиек еткен Президент Н.На­­зар­баев еліміз үшін қиын ке­зеңдер артта қалып, алда эко­номикалық өр­леу, индустриялық даму тұрға­нын баса айтты. Бірақ оны жү­зе­ге асыру үшін 2020 жылға дейін­гі стратегияны қабылдап, соның үдесінен шыға білу керектігін ескертті. Елбасы саясаты арқасында артта қалған қиын кезеңдердегі шешімін тапқан, алдағы уақытта жастардың жасампаз істерін кү­те­тін басты мәселелерге тоқ­тал­сақ: әлеуметтік бағыт бойынша өткен 10 жылдықта 250 мың от­басы баспаналы болып, бұл көр­сеткіш еліміздің 1 млн. 200 мың адамын құраған. Көңіл қуан­тар­лығы, баспаналы болғандардың көпшілігі жас отбасылар. Жастар үшін өздерінің бағын сынап, бәсекеге түсетін сала Жол­дауда айтылған ауыл шаруа­шылығы саласындағы еңбек өнімділігін арттыру, коммер­ция­лық қызмет көрсету сапасын көтеру болмақ. “Нұр Отан” ХДП бастамасымен қолға алынған “Дипломмен – ауылға” жобасы аясында техникалық немесе ауыл шаруашылығы  мамандықтарын игерген жас мамандарымыз бұл мәселенің түйінін шешіп, тасын өрге домалатады деп ойлаймын. Жолдаудағы қадау-қадау тап­сыр­малардың ішінде білім беру жүйесі мен мектепке дейінгі тәр­бие де ой елегінен өткізілді. Мек­тепке дейінгі тәрбие мен бі­лім берудегі кеткен кемшілік­тер­дің алдын алу үшін коммерция­лық бағыттағы балабақшалар мен шағын орталықтар ашу және оларды мемлекеттік тапсырыс не­гізінде қаржыландыру көздел­ген. Осы мақсатта еліміздің бола­шағы – балаларға білім мен тәр­бие беру үшін “Балапан” жо­ба­сы­ның ұсынылуы болашаққа са­лынған инвестиция десек те болады. Се­нім. Дәстүр. Ашықтық. Төзім­ділік деген ұранмен ішкі тұ­рақ­тылық, этносаралық татулық пен дінаралық келісімнің қазақ­стан­дық моделін ЕҚЫҰ-ға төраға­лық еткен тұста әлем елдеріне ұсыну біз үшін үлкен мәртебе, үлкен же­тістік. Жолдаудағы жаңа мін­деттер мен асуларды бағын­дыру ел игілігіне қызмет ететін жастардың үлесінде деп білемін. Қарағанды облысы, Нұра ауданы. БІРЛІК БІЗГЕ АУАДАЙ ҚАЖЕТ Досмұхамед КІШІБЕКОВ, академик. Біз Президентіміздің  әр жылдық Жолдауына дағдыландық. Әрбір жылдық Жолдау – бұл нақтыланған жоспар, дамуы­мыздың сара жолы. Бірақ, биылғы Жолдаудың ерекшеліктері бар. Біріншіден, ол келесі онжыл­дыққа арналған. Президентіміздің өткен онжылдықтың табыспен аяқталғанын, республикамыздың белгілі дәрежеге көтерілгенін, біздің әлемдік дағдарыстан мықты шық­қанымызды атап көрсетті.  Екін­ші­ден, басталып отырған онжылдық өткеннен де күрделі екенін айтты. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, ғылым, білім, әлеуметтік салаларда көптеген атқарылатын жұмыстарға байланысты Үкіметке, әкімдерге нақты тапсырмалар берілді. Үшін­шіден, мен Президент Жолдауын теледидардан тыңдадым. Алпыс ми­нөтке созылған Жолдауда Пре­зидент бірде-бір рет қағазға қара­май, қанша фактілерді, цифрларды, жұмыс түрлерін, оның толып жат­қан салаларын жатқа айтты. Бұл Президентіміздің елдің өткені мен бүгінін, болашағын бес саусақтай білетінін көрсетті. Оның үстіне Жол­дауды баяндаған кезде, Пре­зи­дент сөзіне сан рет қол шапа­лақ­талды. Тыңдаушылардың – біздің де ризашылығымызды, айтқан сөз­дерді қолдайтынымызды байқатты. Атқарылатын жұмыс өте көп. Елдің мақсатына сай. Мәселе оны іске асыруда. Осыған орай үш мә­селені Президентіміз басып айтты. Бірінші – ол елдің осы атқары­латын іске жігермен қызу кірісуіміз және де осы күрделі мақсаттарды елдің санасына жеткізу. Ол жөнінде “Нұр Отан” партиясы алдына да тапсырмалар қойылды. Екін­­шіден, осы істерді орын­дауда хал­қымыздың денсаулығы­ның мықты бо­луы, халық­тың орта есеп­пен өмір жасы 72-ге же­туі ке­рек деп тап­сыр­ды. Халық денсаулығының мық­ты бо­луы үшін спорттың жап­пай ха­лықтық іске айналуы. Олай болса, мақсат жеке спортшыларды дайындау ғана емес. Үшіншіден, ғылым мен білімді дамыту, оның әлемдік дәрежеден көрінуі. Ал енді осылардың бәрін іске асыру үшін алдымен бірлік керек. Біз – көпэтносты мемлекетпіз. Бір­лік бізге ауадай қажет. Антик фи­лософы Анаксимен “Ауа – жан” деп айтқан болатын. Олай бол­са, біздің бірлігіміз – рес­пуб­ли­ка­мыздың жаны. Оған негіз бізде бар. Ол – біздің мақсаты­мыздың барлық қазақстандықтарға ортақ екендігі. Президентіміздің Жолдауы да осыған дәлел.  Сондықтан басқаша ойлайтындар болса, біздің басты мақсатымызды түсінуі керек, деп Елбасымыз қа­дап айтты. Бұл біздің  табысы­мыздың арқауы болады. Біз Жол­дауды бірауыздан қолдайты­нымызды айтқым келеді. Алматы.