Аймақтар • 29 Қаңтар, 2018

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Ақтауда әсем үйлер бой көтерді

722 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданысымен Маңғыстаудың құрылыс саласы қамшы салдырмас екпінмен алға озды. Құрыш қолды құрылысшылар жұмысқа қарқын берсе, екінші жақта қоныс тойын тойлаушы тұрғындар мәз-мейрам. Ал облыстың алыс аудан, қалаларын айтпағанда, көк теңіз жағалауындағы Ақтау қаласы алып аққу сынды қанатын кеңге жая түсті.  

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Ақтауда әсем үйлер бой көтерді

Бағдарламаны жүзеге асыруда тұрғын үй құрылысына басымдық берілгені аян. Бір жыл ішінде Маңғыстау облысында бұл мақсатқа барлық қаржы көздерінен бөлінген қаржыға 833, 022 шаршы метр үй салынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға артық көрсеткіш. Ал салынған пәтер санына шаққанда облыс аумағында 7011 пәтер өз иелерін қуантты деген сөз. Оның ішінде көшіп келушілері көп, жұрттың арманына айналған облыс орталығы Ақтау қаласының үлесі қашанда зор. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Ақтауда жаңа шағын аудандар көлемі ұлғайып, 34-шағын аудан, 32 а, 17, 31 б, 32 б және «Шығыс» шағын аудандарында әсем үйлер бой көтерді. Бұл үйлерге өткен жылы 3952 отбасы қоныс тепті.

Бағдарламада айтарлықтай қарқынға ие бағыт – несиелік тұрғын үй салуға жалпы аумағы 83,641 шаршы метрлік 1198 пәтер үшін 4452,379 млн теңге бөлінді. 528 пәтердің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Ақтау қаласындағы 34-шағын аудандағы жерасты паркингі бар көп пәтерлі тұрғын үй құрылысы мен Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылындағы 24 пәтерлі 12 жалдық үйдің құрылысы аяқталса, облыс орталығындағы көп пәтерлі тұрғын үй құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланған.

Сатып алу құқығынсыз жалдық тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүруде. Аталмыш бағыт үшін 1 404,664 млн теңге бөлініп, екі нысан салынып жатыр. Бірі – Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылында салынып жатқан 24 пәтерлі 8 үй болса, екіншісі – осы ауданның Батыр ауылындағы 4 пәтерлі 40 үй. Мұнайлы – тәуелсіздік алған соң елімізде алғаш ашылған аудан болғанмен, Маңғыстау облысы бойынша халқының саны жағынан алдыңғы қатарда тұр. Оған ауданның облыс орталығына қанаттас орналасуы себеп болса керек. Тұрғындар саны жылдан-жылға артып келе жатқан ауданда тұрғын үй ең басты, ең қажетті мәселе. Батыр ауылында жоспар бойынша салынуға тиісті 64 пәтердің 16-сы салынып бітсе, қалған үйлердің құрылысын биыл аяқтау межеленіп отыр.

«Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруда Қазақстанның ипотекалық компаниясының, ұлттық компаниялардың, жеке компаниялар мен жеке тұрғын үй салушылардың үлесі зор.

2017 жылы Маңғыстау облысында барлық құрылыс-монтаж жұмыстарына 197 млрд теңге бөлінген болса, «Нұрлы жер» бойынша үй салу үшін Ұлттық қордан 9 млрд 675 млн теңге, республикалық бюджеттен 262 млн теңге, барлығы 9 млрд 938 млн теңге бөлініпті. Құрылыс салуға қажетті инфрақұрылым жұмыстары үшін облыста 2017 жылы 4 млрд 081 млн теңге қаралып, бұл қаражатқа 10 нысанның жұмысы жасалған.

– Ақтау қаласында ұзақ жылдар бойы пәтер жалдап жүрдік. Жас отбасына бұл оңай болған жоқ. Ай сайын 60-70 мың теңге ақшаны пәтер иесіне санап бергенше, осы ақшаны өз пәтерімізге салатын күн болса ғой деп армандайтынмын. Арманымыз «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы іске асты. Ақтаудан салынған су жаңа үйден 70 шаршы метрге жуық екі бөлмелі үйдің иесі атанып, тек менің отбасым ғана емес, бүкіл ағайын-туыс, дос-жарандарымызбен бірге мәре-сәре болдық, – дейді Д.Әбдібек есімді депутат.

Демек, «Нұрлы жер» бағдарламасы маңғыстаулықтардың үмітін үкілеп, алыс арманын жақындата түсті. Әлі де үй кезегінде тұрғандар салынып жатқан үй құрылыстарына қызыға көз салып қояды...

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы