Қазақстан • 29 Қаңтар, 2018

Дін мен дәстүрді жаңғырту – қасиетті борыш

702 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдас­тыруымен Түркістан шаһарында «Ислам және ұлы дала өркениеті» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

Дін мен дәстүрді жаңғырту – қасиетті борыш

Конференция мақсаты – қазақ топырағынан шыққан танымал тұлғалардың еңбегін насихаттау, рухани біртұтас қоғам құруға үлес қосу, жастардың діни көзқарасының радикалдануы­на жол бермеу, түркі жұ­рт­­­шы­лығының руханиятына­ ерекше ықпал еткен Ясауи шығар­маларын өс­келең ұрпаққа өне­ге ету, дін мен дәстүрді жаң­ғырту.

Конференцияға Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орын­басары Əліпбек Өсербаев, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ Ғұла­малар кеңесінің мү­шелері, облыс­тар­дың бас имам­да­ры, қоғам қай­раткерлері, теолог-ғалымдар қа­тысты.

Облыс әкімінің орынбасары Əліпбек Өсербаев аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың конференция қонақтарына жолдаған құттықтау сөзін жеткізіп, айтулы басқосуға сәттілік тіледі.

Сөз алған Бас мүф­ти Серікбай қажы Ораз қазақ хал­қының дəстүрімен сабақтас орта­а­зиялық діни мектептің рөлін арттыру қажеттігін айрықша атап өтті.

«Біз осыдан 3 жыл бұрын бұ­қа­ралық ақпарат құралдарында дәстүрімізге, болмысымызға, діни саладағы жолымызға жақын келетін ортаазиялық діни мек­тептің рөлін қайта жаңғырту туралы бастама көтердік. Қазақ­стан және Орталық Азияда бір­тұтас мұсылман үмбетін қа­лып­тастыру идеясынан туған бұл бастама көрші елдердегі дін қайраткерлері мен өзіміздің ғұ­лама-ғалымдарымыз тарапынан қолдауға ие болды. Қазақ мұсылмандығында бұрыннан қалыптасып, дала халқының болмысымен, табиғатымен біте­қай­насып кеткен мектеп ежелгі Мауреннахр мұсылмандарын ор­тақ мақсатқа үндеді. Діннің түп не­гізіне сүйенген діни ережелерді берік ұстануымыз бірлігіміздің нығая түсуіне жаңа мүмкіндіктер туғызады деп есептеймін. Бүгінгі қа­зақ қоғамында дін жайлы тү­сінік пен пікір екіге жарылғаны жасырын емес. Бірі – Ислам араб­танудың алғышарты, қазақты жою десе, екіншісі, діни сенімді көрсоқырлық деп бағалайды. Осы екі тараптың ойындағы сауалға ортақ жауапты ортаазиялық діни мектептің жолы мен жөн-жо­рал­ғы­лары дәл бере алады деп тұ­жырымдаймын. Аллаға шүкір, біз әлмисақтан мұсылманбыз. Өзгенің мәдениеті мен діни жолымен жүруге міндетті емеспіз. Өзіміздің дүние таным мен тұр­мыс салтымызбен әдемі үйлес­кен діни жолымыз, Хақты тану дағдымыз бар. Оны осы қасиет­тер­ден ажыратуға, басқа арнаға бұруға ешкімнің қақысы жоқ, – деді Бас мүфти.

Мəдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Əбуов Діни басқарманың Түркістан қаласы бой­ынша өкілдік жұмысын же­тілдіріп, киелі шаһардың кел­бетін айшықтайтын ғылыми жобаларды жүзеге асырып, тың еңбектер шығаруды ұсынды.

Конференцияға Алматы мен Астанадан арнайы келген ға­лым­­дар, тарихшылар, дін­та­ну­шылар киелі Түркістан төрін­де өткен бас­қосуда ұлттық та­би­ғатымызбен сабақтас ша­ри­ғат­тағы мазһабымыз бен та­ным­­­дық мектебімізді тұғыр­лап, үзіл­­ге­німізді жалғап, жоғал­тқа­ны­мыз­ды қайта түгендеп алу мәсе­лелері төңі­регінде баяндама жасады. Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бастамасының мәні мен маңызы, халқымыздың рухани өміріндегі өзгерістер сөз болды.

Конференцияға қатысқан ғалым­дар мүфтияттың бастамасымен жарық көрген салт пен діни са­на­сының үйлесімділігін паш ететін «Дін мен дәстүр» кітап­та­ры мен тарихи-діни жолымызды айшықтайтын «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» еңбегін мектеп пен жоғары оқу орындарында қосымша пән немесе тәрбие сағаты ретінде оқыту туралы ұсынысқа қолдау білдірді.

Айта кетер жайт, Діни басқар­ма ғалымдары бұл ізденіс­термен тоқ­тап қалмай, жуық арада «Ұлы дала төсіндегі Ислам» ат­ты ау­қым­­­ды еңбекті шығаруға кірісіп кет­ті. Ғалым­дар осы игі бастамаға ат­­са­лысуға ниет біл­дірді. Аталған ді­ни һәм рухани бағыттағы еңбек­тер­ді жастардың санасына сіңіру – баршаға ортақ сауапты іс.

Конференция соңында деле­гат­­тар басқосудың негізгі идея­сына айналған діни таным мен сал-дәстүрімізбен үйлескен ор­та­азиялық діни мектебімізді жаң­ғыртып, біртұтас мұсылман үм­бе­тін қалыптастыру бастамасын құп­тап, барша мұсылман қауымды дінді озбырлық әре­кеттер мен саяси және жеке мүд­делер үшін пайдалануды көздейтіндерге ілеспеуге, жал­пыға ортақ адам­гер­шілік құн­дылықтарды насихат­тау­ға ша­қырып, үндеу жолдады.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

журналист

Түркістан