Бағдарламалар • 29 Қаңтар, 2018

Көлік полицейлері Жолдауды жүзеге асыру міндеттерін талқылады

312 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы ІІМ Көліктегі ІІД-де кеңейтілген мәжіліс өтті. Оған ведомства басшысы Аманжол Қабылов  төрағалық жасады. Жиында департаменттің 2017 жылғы жедел-қызметтік жұмыстарының қорытындысы талқыланып, көлік полицейлерінің Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтарда жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыру бағытындағы міндеттері нақтыланды. Басқосуға департаменттің басшылық құрамы мен желілік бөлімдердің басшылары қатысты.

Көлік полицейлері Жолдауды жүзеге асыру міндеттерін талқылады

 «Ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде біз ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың алдымызға қойған міндеттерін үнемі басты назарда ұстанамыз. Біздің қызметіміз ең алдымен азаматтардың өмірін, конституциялық құқықтары мен бостандықтарын  қорғауға бағытталуы тиіс»,  деді Аманжол Қабылов. Стратегиялық құжаттың маңыздылығын айта келіп, А. Қабылов полицияға деген азаматтық қоғамның сенімін қызметкерлердің жоғары білімі мен біліктілігінің, сондай-ақ, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің арқасында қол жеткізуге болатынын алға тартты.

Департаменттің Штаб-басқармасының бастығы полиция полковнигі Салтанат Жалғасбаева өз баяндамасында 2017 жылы көлік полицейлерімен жедел жай-күйді тұрақтандыруға бағытталған іс-шаралар кешені ойдағыдай жүзеге асырылғанын жеткізді. Оның айтуынша, Департаменттің қызмет көрсету аумағында өткен жылы барлығы 2441 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, олардың 1575-і қылмыс және 866-ы қылмыстық теріс қылықтар. Өткізілген кешенді ұйымдастырушылық-әдістемелік шаралардың нәтижесінде қылмыстар  11,9  пайызға, оның ішінде ауыр қылмыстар  11,2 пайызға, бұзақылық 14 пайызға, ұрлық 11пайызға, алаяқтық 6,9 пайызға төмендеген. 

Бұдан соң бірқатар желілік бөлініс басшыларының есептері тыңдалды.

Өткен жылдың 12 айы ішінде барлығы 54 мың құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 94,4 млн. теңге әкімшілік айыппұл салынған. Департаменттің желілік бөліністерінің күшімен заңсыз айналымнан 255 келі түрлі есірткі заттары тәркіленіп алынып, есірткі контрабандасының 15 фактісі анықталған.

Басқосу барысында Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттары талқыланды.

Сонымен қатар, қадр саясатын жетілдіру, жауынгерлік-қызметтік дайындық және жеке құрам арасындағы тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шараларды нығайту мәселелері сөз болды.

Мәжілісті қорытындылаған еліміздің бас көлік полицейі өткен жылы жіберілген кемшіліктерді алдағы уақытта болдырмаудың жолдарын айта келіп, ішкі істер желілік бөліністері басшыларына азаматтардың өтініштері мен хабарламаларын толық тіркеу, әуе және темір жол көліктері нысандарында орын алған қылмыстарды ашуды жалғастыру бойынша бірқатар міндеттер жүктеді.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан».