30 Қаңтар, 2018

Қазақ Фабержесіне қолдау қайдан...

450 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қай заманда да халықтық жауһар өнер туындысын тудыруға аса ауқат­ты, салтанатын асырамын деген бай-бағландар мен патшалар, хандар себепкер болған.

Қазақ Фабержесіне қолдау қайдан...

Осылайша не­бір жəдігер дүниеге келіп, ақыр аяғын­да ол бір ғана əулеттің емес, тұтас ұлт­тың, халықтың ауыз толтырып айтар, көзін қуандырар, жанын сүйіндірер қазы­насына айналған.

Он саусағынан өнер тамған небір зер­­гер, ұста, суретшілермен қатар ға­лым­дар мен ақын-жазушыларға сонау ықылым замандарда қолдау, кө­мек көрсетіліп келіпті. Тіпті ежелгі грек­тер мәдениетін зерттеудегі қазба жұ­мыстары уақытында археологтар жеке адамның өнер туындыларының жинағын жергілікті храмға бергендігі жайында тас тақтайшадағы жазуды тапса, көне Рим мемлекет қайраткері, этрустық Гай Цильний Меценат Вергилий, Гораций сынды ақындарды қолдауының үстіне суретшілер мен мүсіншілерге қамқор болуы тұтастай меценат терминін, ұғымын өмірге әкеледі. Ал патшалық Ресейдегі меценаттар көмегімен қанша ұлттық қазына жинақталды. Атақты галереялар, сирек қолжазбалар мен кітаптар жиған бай кітапханалар, музейлер орыс халқының мақтанышына айналды. Мәселен, XVIII ғасырда атақты қолбасшы Петр Румянцев-Задунайскийдің ұлы Ресей сыртқы істер министрі, сенатор Николай Румянцев-Задунайский 28 мыңнан астам кітаптары мен өзі жинаған коллекциясын «Отанымның пайдасына және ағартушылықтың игілігіне тарту еттім» деп, қазіргі Ресей мемлекеттік кітап­ханасының негізін қалады. Кезінде Романовтар әулеті де зергер Фаберже­нің қиялын қанаттандыратын тапсырыстар беріп, талай жауһардың дүниеге келуіне ықпал етті.

Қытай халқы ақылының атасы Кон­фуций өз қаражатына мектеп ашып­ты. Былтыр Бейжіңдегі Гугун му­зейін аралағанда сонау қадымнан сақ­талған өнер туындыларын көрген едік. Сонда музей қызметкері олардың императордың, және аса дәулетті сановниктердің қолдауымен дүниеге келгенін ауыз толтыра әңгімелеген. Сол сәтте музейді тамашалай жүріп, шеберлерге тапсырыс беріп, жауһар тудырып, оны келер ұрпағына сақтап, халқының өлмес мұрасына, ұлтының мақтанышына айналдыра білген адамдардың тегін еместігін бағамдай түскендейсің. Мейлі пенде ретінде кемшілігі де, астамшылығы да болған шығар, алайда сол қателіктерін сан миллион жұрттың көзін суарып, жандарын рухани байытқан  сәттердегі ләззат, рахат сезімдері жууы мүмкін-ау деген ой келген.

Біздің де бабаларымыз жақсылықтың жанашыры бола білген екен. Ақысын беріп, шеберлерді қанаттандырып, ке­рек-жарағын тауып қамтамасыз етіп, тіп­ті соны жасап жатқандағы жылдық тірлігіне қажеттілігін өтеп, жаз сауынын, қыс соғымын беріп, зергердің өзгеге алаңдамай тек алдындағы ісімен айналысуына жағдай туғызған.

Өнерге жанашырлық көрсетуден түркі тектестер де кенде болмаған. Жұрт­­шылыққа «Ғаламат ғасыр» хикая­тынан таныс Осман мемлекетінің билеушісі-сұлтан Сүлеймен бірінші өзі ақын, зергер болуымен қатар заманындағы өнердің қанат жаюына қамқор болып, сол кезеңнің атақты сәулетшілері мен ақындарын, философтарын маңайына жинайды. Көзі ашық, парасатты сұлтанның арқасында Осман империясының шекарасы ұлғайып, Ыстанбұл шаһарының сәу­летін күні бүгінге дейін көріктендіріп тұр­ған мешіт­тер салынды. Ғажайып тәж­дер мен асыл тасты небір туындылар ұлт қазына­сына қосылды.

Тек тамырдан нəр алмаған біздің қазір­гі дәулет иелері осы дəстүрден бей­­хабар болса керек. Егер ұзатылар қы­зына хас шеберге басына сəукелесін, үс­тіне тағымдарын, құлағына сырғасын жа­сатса, ол сол əулеттің құнды, бағалы дүниесі болып, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып жетіп отырса қайтер еді? Сол әулеттің, тұқымның энергетикасын бойына жиған құнды жəдігерге айналмас па еді? Ал оны кімге арналып, қай шебердің қолынан, шығып, кімнен кейін кім таққанының, кигенінің тарихы хатталып отырса, соның өзі тұтас ұлттың рухани құндылығына жатар еді?!

Тіптен қызына арнап тігілген той көйлегі сол тағымдармен бірге кейін музей экспонатына айналса қандай керемет болар еді. Ана бір жылы Вашингтондағы Смитсон институтының Ұлттық аллеяда орналасқан 11 музейінің бірталайын аралаудың сәті түскен. Сонда Ненси Рейганның, Хилари Клинтонның, Мишель Обаманың АҚШ президентін ұлықтау сәтінде киген көйлектері мен таққан әшекейлерін, туфлиі мен сөм­келерінің қойылғанын көрген болатынбыз. Олар президент жұбайларына, елдің тарихына жасалған құрмет болса, бұл жерде ұлттық өнерге жасалған қамқорлық ретінде өзгелерге де үлгі жақ­сы іс өрістер еді ғой.

Ал әзірге біздің бағландардың өре­ле­рі өсе алмай жатқандай көрінеді де тұрады. Тек қазақтың зергерлік бұйым­дарының бай коллекциясын музейге табыстап, жалпы халықтық игілікке, көп­тің көзайымына айналдырған әзірге бір адамның ғана есімі белгілі. Ол – Иман­ғали Тасмағамбетов.

Қазақ Фабержесіне қолдау қайдан келеді?

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»