«Бүгінгі заманның цифрлы технологиялары ұлттық экономикалардың бет-бейнесін жылдам өзгертіп жатыр және ол қоғамның барлық салаларына қатысты. Сондай салалардың бірі – денсаулық сақтау саласы. Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында да цифрлы технологиялар арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет екенін атап өтті», деген Г.Исимбаева елімізде Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін әзірлеу осыдан 13 жыл бұрын басталғанын еске салды.
Нәтижесінде, бүгінгі таңда стационарда жататын науқастардың электронды тіркелімі, емдеуге жатқызу порталы және емханаға бекітілетін халықтың тіркелімін және басқаларды әзірлеу жұмыстары жолға қойылған. «Цифрландыру бағдарламасы денсаулық сақтау жүйесін, үйге жедел жәрдем мен дәрігерді шақырудан бастап бүкіл профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтерді толық қамтуы тиіс. Бұл ретте, осы қызметтердің барлығы өзара байланысып, бірыңғай республикалық ақпараттық жүйеге біріктірілгені жөн. Осыны ескере келе, біз, ең алдымен, Елбасы тапсырғандай, денсаулық сақтау саласын цифрландыру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, халық үшін қолайлы медицина жасауға тиіспіз», деді Г.Исимбаева.
Одан кейін негізгі баяндама жасау үшін сөз Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа берілді. Ол өз кезегінде келер жылдан бастап аудандық деңгейдегі барлық медициналық ұйымдарда интернет желісі қолжетімді болатындығын жеткізді. Бүгінгі таңда өңірлерде медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, денсаулық сақтау ұйымдарын компьютерлік техникалармен жабдықтау, олардың интернет желісіне қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында оң динамика байқалады. Бүгінгі күні денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу үлесі 75,5 пайызды құраса, 2019 жылдың 1 қаңтарында бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлерді компьютерлік техникалармен қамтамасыз ету 82,7 пайызды құрайды. Ал денсаулық сақтау ұйымының 55,7 пайызына интернет желісі қолжетімді», деді Е.Біртанов.
Министрдің айтуынша, әкімдіктердің деректеріне сәйкес 2018 жылдың І тоқсанының соңына дейін медициналық ақпараттық жүйені Павлодар, Маңғыстау, Жамбыл облыстарында 90 пайыздан астамын денсаулық сақтау ұйымына енгізу жоспарланған. «Ал Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы облыстарында және Астана қаласында медициналық ақпараттық жүйелерін енгізу динамикасының төмен болуы сала мамандарын алаңдатып отырғаны жасырын емес», деді ол.
Сонымен қатар елдегі денсаулық сақтау саласын цифрландырудың бірден-бір тетігі ретінде биылғы жылдың маусым айынан бастап, электронды денсаулық паспорты жобасы қолданысқа енгізілмек. Электронды денсаулық паспорты арқылы дәрігерлер пациенттің денсаулығына қатысты барлық ақпаратты алатын болады. Пациенттер де аталған ақпараттармен таныса алады. Сонымен қатар азаматтар медициналық ұйымның көрсеткен қызметін де бағалай алады. Ол үшін алдымен министрлік денсаулық сақтаудың интеграцияланған тұғырнамасын құрады. Тұғырнама базасында электронды денсаулық сақтау паспорты, пациенттің және дәрігердің жеке кабинеттері ашылып, ол жерде қажетті ақпараттар алмасуға кең мүмкіндіктер беріледі. Дегенмен электронды денсаулық паспортын табысты енгізу үшін барлық медициналық ұйым пациент туралы мәліметтерді беруі және әрбір медициналық қызметті цифрлы форматта жүргізуі тиіс. «Ол үшін барлық денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық ақпараттық жүйелермен 100 пайыз қамтып, интернетке шығатын техникалармен толықтай қамтамасыз ету қажет. Оған қоса, осы мақсатты жүзеге асыру үшін медициналық жоғары оқу орындарында ақпараттық технологияларға бағдарланған оқу бағдарламасын енгізу жоспарланып отыр», деді Е.Біртанов.
Сондай-ақ жиында айтылған ерекше жаңалықтың бірі – бірінші тоқсанның соңына қарай Электронды үкімет порталынан бірнеше анықтаманы алу қызметінің іске қосылатындығы болды. Олардың қатарында еңбекке уақытша жарамсыздық парағы мен туберкулезге қарсы, психоневрологиялық және наркологиялық ұйымдарда есепте тұрғаны туралы анықтама сынды құжаттар бар. Ал халыққа көрсетілген медициналық қызметтер туралы SМS-хабарландырулар ақпан айында енгізілетіндігі де айтылды.
Ал тақырыпқа қатысты қосымша баяндама жасаған Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев Елбасы Жолдауы мен тиісті мемлекеттік бағдарламалар аясында медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде сөз етті. Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс әзірленіп жатқандығын атап өтті. Сондай-ақ депутат қазіргі уақытта Қазақстан бойынша онлайн режімде 22 ақпараттық жүйе жұмыс істейтінін, олар статистикалық ақпаратты жинауға және денсаулық сақтау секторын қаржыландыруға арналғанына тоқталды. Бірақ, басты мәселе олар орталық органдардың базасымен және бір-бірімен өзара біріктірілмегеніне назар аударды.
Жалпы, жиын барысында депутаттар медицина саласындағы көптеген өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешілу жолдарын ұсынды. Сонымен қатар сұрақтар қойып, ұсыныстарын білдірді. Өз кезегінде министр Е.Біртанов депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, түсіндірме берді. Жиналысты қорытындылаған вице-спикер Гүлмира Исимбаева ұсыныстарды тұжырымдап, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне беруді тапсырды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»