Қазақстан • 30 Қаңтар, 2018

Цифрландыру – медициналық қызметтің тиімділігін арттырады

2061 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағаты «Денсаулық сақтау саласын цифрландыру» деген тақырыпта өтті. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева төрағалық еткен отырыста Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндама жасап, саланың жай-күйі егжей-тегжейлі талқыланды.

Цифрландыру – медициналық қызметтің тиімділігін арттырады

«Бүгінгі заманның цифрлы технологиялары ұлттық эконо­микалардың бет-бейнесін жылдам өзгертіп жатыр және ол қо­ғамның барлық салаларына қа­тыс­ты. Сондай салалардың бірі – денсаулық сақтау саласы. Мем­лекет басшысы өзінің биыл­ғы Жолдауында да цифр­лы технологиялар арқылы ме­ди­циналық көмектің қолжетім­ділі­гі мен тиімділігін арттыру қа­жет екенін атап өтті», деген Г.Исимбаева елімізде Денсау­лық сақтаудың бірың­ғай ақпарат­тық жүйесін әзір­леу осыдан 13 жыл бұрын бастал­ғанын еске салды.

Нәтижесінде, бүгінгі таңда стационарда жататын науқас­тардың электронды тіркелімі, емдеуге жатқызу порталы және ем­ханаға бекітілетін халықтың тір­келімін және басқаларды әзір­леу жұмыстары жолға қойылған. «Цифрландыру бағдар­ламасы денсаулық сақтау жүйесін, үйге жедел жәрдем мен дәрі­герді шақырудан бас­тап бүкіл профилактикалық, диагности­калық және емдік медициналық қыз­меттерді толық қамтуы тиіс. Бұл ретте, осы қызметтердің бар­лығы өзара байланысып, бірыңғай республикалық ақпараттық жүйе­ге біріктірілгені жөн. Осы­ны ескере келе, біз, ең алды­мен, Елбасы тапсырғандай, ден­саулық сақтау саласын цифр­ландыру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, халық үшін қолайлы медицина жасауға тиіспіз», деді Г.Исимбаева.

Одан кейін негізгі баяндама жасау үшін сөз Денсаулық сақ­тау министрі Елжан Бірта­новқа берілді. Ол өз кезегін­де келер жылдан бастап ау­дан­дық деңгейдегі барлық меди­циналық ұйымдарда интернет желісі қолжетімді бо­ла­тындығын жеткізді. Бүгінгі таңда өңірлерде медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу бойынша қарқынды жұмыстар жүр­гізілуде. Атап айтқанда, денсау­лық сақтау ұйымдарын компью­терлік техникалармен жабдық­тау, олардың интернет желі­сіне қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында оң динамика бай­қалады. Бүгінгі күні денсаулық сақ­тау ұйымдарында медици­налық ақпараттық жүйелерді енгізу үлесі 75,5 пайызды құраса, 2019 жылдың 1 қаңтарында бұл көрсеткішті 100 пайызға жет­кізу жоспарланып отыр. Дәрігер­лер мен орта медициналық қызмет­керлерді компьютерлік техникалармен қамтамасыз ету 82,7 пайызды құрайды. Ал денсаулық сақтау ұйымының 55,7 пайызына интернет желісі қолжетімді», деді Е.Біртанов.

Министрдің айтуынша, әкім­дік­тердің деректеріне сәй­кес 2018 жылдың І тоқса­ны­ның соңына дейін медици­на­лық ақ­па­раттық жүйені Пав­лодар, Маң­ғыстау, Жамбыл об­лыстарында 90 пайыздан астамын денсаулық сақтау ұйы­мына енгізу жоспарланған. «Ал Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Ал­маты облыстарында және Астана қаласында медициналық ақпараттық жүйелерін енгізу ди­намикасының төмен болуы сала мамандарын алаңдатып отыр­­ғаны жасырын емес», деді ол.

Сонымен қатар елдегі ден­­сау­лық сақтау саласын цифр­лан­ды­рудың бірден-бір тетігі ретінде биылғы жылдың маусым айынан бастап, электронды денсаулық паспорты жоба­сы қолданысқа енгізілмек. Элек­тронды денсаулық паспор­ты арқылы дәрігерлер пациенттің денсаулығына қа­тысты барлық ақпаратты алатын болады. Пациенттер де атал­­ған ақпа­рат­тармен таныса алады. Сонымен қатар азамат­тар ме­дициналық ұйымның көрсеткен қызметін де бағалай алады. Ол үшін алдымен министрлік денсаулық сақтаудың интеграцияланған тұ­ғыр­намасын құрады. Тұғыр­нама базасында электронды ден­саулық сақтау паспорты, пациенттің және дәрігердің жеке кабинеттері ашылып, ол жерде қажетті ақпараттар алма­суға кең мүмкіндіктер бері­леді. Дегенмен электронды ден­саулық паспортын табысты енгізу үшін барлық медици­налық ұйым пациент туралы мәліметтерді беруі және әрбір медициналық қызметті цифрлы форматта жүргізуі тиіс. «Ол үшін барлық денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық ақпараттық жүйелермен 100 пайыз қамтып, интернетке шығатын техникалармен толықтай қамта­масыз ету қажет. Оған қоса, осы мақсатты жүзеге асыру үшін медициналық жоғары оқу орын­дарында ақпараттық технология­ларға бағдарланған оқу бағдар­ла­масын енгізу жоспарланып отыр», деді Е.Біртанов.

Сондай-ақ жиында ай­тыл­ған ерекше жаңалықтың бірі – бірінші тоқсанның соңына қарай Электронды үкі­мет порталынан бірнеше анық­таманы алу қыз­метінің іске қо­сы­ла­тындығы бол­ды. Олардың қа­тарында еңбек­ке уақытша жарамсыздық парағы мен тубер­кулезге қарсы, психо­нев­ро­логиялық және нар­коло­гиялық ұйымдарда есепте тұрғаны туралы анықтама сын­ды құжаттар бар. Ал халық­қа көрсетілген меди­цина­лық қызметтер туралы SМS-хабар­ландырулар ақпан айында енгізілетіндігі де айтылды.

Ал тақырыпқа қатысты қо­сымша баяндама жасаған Мәжі­лістегі Әлеуметтік-мәдени даму ко­митетінің хатшысы Бейбіт Мам­раев Елбасы Жолдауы мен тиісті мемлекеттік бағдар­ламалар ая­сында медицина саласында атқа­рылып жатқан жұ­мыстар жөнінде сөз етті. Халық ден­сау­лығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс әзір­леніп жатқандығын атап өтті. Сондай-ақ депутат қазіргі уақыт­та Қазақстан бо­йынша онлайн режімде 22 ақпа­раттық жүйе жұ­мыс істейтінін, олар статисти­калық ақпаратты жинауға және ден­саулық сақтау секторын қаржы­ландыруға арналғанына тоқтал­ды. Бірақ, басты мәселе олар ор­талық органдардың базасымен және бір-бірімен өзара біріктіріл­мегеніне назар аударды.

Жалпы, жиын барысында депутаттар медицина саласындағы көптеген өзекті мәселелерді көте­ріп, олардың шешілу жолдарын ұсынды. Сонымен қатар сұрақ­тар қойып, ұсыныстарын білдірді. Өз кезегінде министр Е.Бір­танов депутаттар тарапынан қо­йылған сұрақтарға жауап бе­ріп, түсіндірме берді. Жина­лысты қорытындылаған вице-спикер Гүлмира Исимбаева ұсы­ныстарды тұжырымдап, Мәжі­лістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне беруді тапсырды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»