Парламент • 30 Қаңтар, 2018

Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының отырысы өтті

464 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мәжілісте «Тәуелсіздік дәуірі» – біздің заманымыздың шежіресі» тақырыбымен Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының отырысы өтті. Жиында халық қалаулылары Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабына өзек болған тарихи кезең туралы ой толғады. 

Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының отырысы өтті

Фото: Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық мең­герушісі Дархан Мыңбай, Мә­жіліс Төрағасының орынбасары Вла­димир Божко, бірқатар де­пу­таттар қатысты. Отырысты Қазақ­стан халқы Ассамблеясы де­пу­таттық тобының жетекшісі Сауыт­бек Абдрахманов жүр­гізді.

Жиында алғаш болып сөз алған Д.Мыңбай Елбасының қа­зақстандықтардың алдына жыл сайын жаңа міндеттер қойып, бір биіктен соң келесі биік­ті бағындыруға жетелеп отыруы­ның астары – мәңгілік қозғалыс, үздіксіз даму философиясын көрсететініне тоқталды.

Еліміз Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың басшылығымен мемлекетті, қоғам­ды, экономиканы ең ауқымды үшінші жаңғыртуға кіріскенін тілге тиек ете отырып, ҚХА Төрағасының орын­­басары Мемлекет бас­шы­­сының Қазақ­станның әлеу­мет­тік-экономикалық табыстарға қол жеткізуінің негізгі бас­тауы ын­ты­мақ пен бірлікті, ұлтаралық жә­не конфессияаралық келісімді сақ­тауы екенін ерекше атап көр­сеткеніне назар аудартты. Қазақстанның шежіресіне, отан­дық тарих ғылымына үлкен үлес ре­тінде қосылған «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының жарық көруі – тәуелсіз­ді­гі­міз­дің 26 жылдығына тамаша сыйлық қана емес, бүкіл ел үшін айтулы оқиға болға­нын атап өтті. Ол туындыда елі­міздің небір «тар жол, тайғақ ке­шуден» өткен сәттері, дәуірге татитын жетіс­тіктері мен жеңіс­ті күндері, эко­номи­ка­ның қалып­тасу, өркендеу сатылары, мем­лекеттік құрылыс пен дамудың қа­зақ­стандық моделі жан-жақты көрсе­тіліп, терең сарапталғанына тоқталды.

«Тәуелсіздік дәуірі» еліміз үшін маңызды кезеңде жарық көрді. Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев­тың басшы­лы­ғымен Қа­зақ­стан халқы мемлекетті, қоғамды, экономиканы ең ау­қым­ды, үшін­ші жаңғыртуға кіріс­ті. Бұл жолда белгіленген меже – әлемдегі ең озық дамыған отыз елдің қа­та­рына ену», деді Д.Мыңбай.

Бұдан бөлек ҚХА Төр­аға­сының орын­басары «Тәуел­сіздік дәуірі» кітабы­ның тағы бірқатар маңызды тұстарына тоқ­талды. Жаппай қарулануға қайта бет бұрған жаңа орталықтар пайда болып, геосаяси текетірес ушы­ғып, этнос­аралық және конфес­сияаралық шиеле­ністер өршіп, бос­­қындар легі арта түскен әлем­­де бейбіт өмірдің бе­сігі деп та­нылған Қазақстан бас­шы­сы­­­ның түрлі этностар мен дін­дер ме­кендеген елде қоғам­дық ке­лі­­сімді сақтау жө­нін­дегі әр пікі­рі салмақты екенін атап көр­­сетті. Сонымен қатар кітап­тың қоғам­­дық сананы жаңғыр­туда, «Руха­ни жаңғыру» бағдар­ла­масын жүзеге асыру барысында әдіс­темелік негізге алынатын хрес­томатия саналатынын жеткізді.

Жиын барысында баяндама жасаған С.Абдрахманов: «Ел­ба­сының кітабы – дәуір туралы эпос, дәуір сагасы. Біздің тәуел­сіздік жылдарындағы бас­­тан кеш­кеніміз, өткен жолдары­мыз, асқан белес­теріміз, тындырған істеріміз, көрген қиын­дық­тары­мыз, ұйқысыз күн­деріміз бен түндеріміз, қазіргі асуға, бүгінгі биікке жетуіміз жөніндегі дәуір­нама. Прези­дент осы кітабында дәуір сөзінің ерек­ше мағынасын жаңа деңгейге көтеріп отыр. «Тәуелсіздік дәуірі» атауы ар­қы­лы қазақтардың, қазақ­стандық­тардың және еліміздің тарихы 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бастап қазіргі заманға дейінгі тұтас дәуір екенін ерекше атап көрсеткен», деді.

Бұдан соң сөз алған Мәжіліс Төрағасының орынбасары В.Бож­­ко «Тәуелсіздік дәуірі» кіта­бы­ның маңыздылығы туралы айта келіп, тәуелсіз Қазақ­стан­ның мемлекеттік құрылысы бас­талғаннан бергі кезеңде Елба­­сының мемлекеттігімізді нығай­ту жолындағы қайраткерлігіне тоқталды.

«Мен ылғи: «Президенттің Қазақстан тәуелсіздігінің ал­ғаш­қы жылдарында және мем­лекет құрудың барлық кезең­інде танытқан алып күш-қуаты­ның сыры неде?» деген ойға қала­мын. Мұның бәріне жауапты Мем­­­лекет басшысының жа­ңа кі­­та­бы­нан тағы да тауып отыр­­­мын. Ел­басының күші оның қоғамда болып жатқан про­цес­­тер­дің қиын­дығын терең ба­ғалай отырып, оны жүзеге асы­ру­да дұ­рыс ше­шім қабылдай ала­тын­­дығында», деді В.Божко.

Сонымен қатар В.Божко Пре­­зи­денттің Қазақстанның әлем­нің саяси картасынан алар орнын айқындау процесін егжей-тегжейлі суреттегеніне де назар аударды. Елбасының сыртқы саясатты қалыптастырудағы қадамдары таңғалдырады. Ол кезеңде Қазақстан шекарасының бүкіл периметрі бойынша жағдай тынышсыз еді. Бірқатар пост­кеңестік республикалардағы қару­лы қақтығыстар, Ауғанстан мен Тәжік­стандағы өзара со­ғыс, Қазақстандағы және мемле­кеті­міздің шегінен тыс жер­лер­дегі бірқатар тұлғалардың әрекет­тері, ел аумағында ор­на­лас­қан яд­­ролық әлеуетке деген ұмты­лыс, алпауыттардың ресурс­тары­­мызға қызығушылығы, көп­­­теген елдерде ядролық қаруы бар және тұрақсыз жағдай қа­лып­­­тасқан ислам мемлекеті етіп көр­сету арқылы біз туралы жағым­­сыз пікір қалыптастыруға тал­пы­нысы біздің дипломаттар­дан белсенді қарқынды әрекет­терді талап етті, деді ол.

Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы мәселе кітапта бірнеше сөй­лем­мен беріл­се де, оның арғы жа­ғында ора­сан жұмыс жүргізіл­генін еске алды. Мәселен, Қы­тай мен Қа­зақ­стан арасындағы ше­караны шегендеуде Елба­сының үлкен рөл атқарғанына тоқ­талды. Өткен дәуірге көз жү­­гірткен ха­лық қалаулысы сол уақытта атқа­рылған жұмыс­тар­дың ауқымын әңгімеге қосты.

Өз кезегінде депутат На­талья Жұмаділдаева егеменді мемлекеттің іргесін қалаудан бастап, оны құру сатылары тү­гел сипатталғанын, тәуелсіз Қазақ­станды қалыптастыру кезеңінде маңызды шешімдер қабылдау тетіктері негізделгенін сөз етті. Оның айтуынша, еңбекте «қа­зақ­стандық даму моделінің» мән-жайы егжей-тегжейлі сипатталып, оның негізгі қағидаттары, тетіктері мен қозғаушы күштері ашып көрсетілген. Сонымен қатар ол білім саласының жай-күйіне де терең талдау жасал­ғанын айтты.

«Қазіргі заманда экономика мен қоғамның жаңа сапасын қалыптастырудың негізгі факторы саналатын білімнің маңызы күн өткен сайын ұлғайып ке­ле­ді. Қазақстан тәуелсіздік алған­нан бергі қысқа уақыт ішінде экономикада, әлемдік өрке­ниетке кірігуде, жаңа прогресшіл технологияларды пайдалануда үлкен серпіліс жасады. Осы тұрғыдан алғанда, заманауи білім беру жүйесінің рөлі мен маңызы артып, оның даму көрсеткіші қоғамдық даму деңгейінің өлшем шартына айналады. Елдің экономикалық қуаты мен ұлттық қауіпсіздігінің маңызды факторына айналып, оның әлемдік қоғамдастықтағы орнын да айқындап береді», деді Н.Жұмаділдаева.

Жиында сөз алған Альберт Рау кітапты еліміздегі әр саланы қамтыған бірегей туынды деп есептейтінін жеткізді. Ол туын­дының әр бөлімінде тәуелсіз да­му кезеңдеріне қатысты құн­ды деректердің мол екеніне, осы тұшымды пікірлер мен мағы­налы ойлардың халыққа жетуі қажеттігіне тоқталды.

«Жоғары оқу орындарында осы кітапқа қатысты қандай да бір пән оқытылуы керек деп есептеймін. Өйткені жастардың көбі тәуелсіздік жылдары атқа­рылған ерен еңбектен хабарсыз. Олар еліміз үшін жасалған ма­ңызды шешімдер жөнінде көп біле бермейді», деді А.Рау.

Іс-шарада сөз алған Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов Ел­басы кітабының маңызын айта отырып, егемен ел атанған тұста Н.Назарбаевтың қауіпсіздік мә­се­лесіне ерекше көңіл аударғаны көрегендік болғаны жөнінде әңгімелеп берді.

«Президенттің Тәуелсіздік туралы Жарлығынан кейін Қа­рулы Күштер мен басқа да күш құрылымдарының офицерлері Қазақстан халқы мен Президент алдында қайтадан ант қабылдау керек деген пікір пайда болды. Сол кезде Елбасы офицерлер антты бір рет қана қабылдайтынын, Отанын, халқын, өзі тұратын жерін қорғау міндетін біржолата мойнына алатынын, офицерлер өздері туып-өскен Қазақстанда қызмет етуге қалып, өздерінің әскери борыштарын адал ниетпен орындайтыны және ол үшін қайтадан ант берудің қажеті жоқ екенін мәлімдеді», деп өткенді еске алды А.Тасболатов.

Депутат Ахмет Мурадов өз сөзінде «Біз жолы болған ұр­пақ­пыз, бәрін көзімізбен көрдік, құрдық және нығайттық. Ендігі сәтте келер ұрпақтың міндеті – Тәуелсіз Қазақстанның туын биік ұстап, ғасырдан ғасырға алып өту. Осы жолда не істеуіміз керектігі Нұрсұлтан Әбішұлы кітабында кеңінен баяндалған», деп атап көрсетсе, Шаймардан Нурумов «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын басқа тілдерге аудару қажеттігін алға тартты.

Жиын барысында Пре­зи­дент Н.Назарбаевтың еліміздің жаңа тари­хын­дағы және болаша­ғындағы рөлі, егемен мемлекет пен отандық парламентаризмді құ­ру­­дың негізгі кезеңдері, жаң­ғырту мәселелері, қоғамдық келі­сім мен жалпыхалықтық бірлік­­тің «қазақстандық мо­делін» жетілдірудегі өзекті мәселе­лер, оның дамуы мен эволюция­сы, негізгі қағидаттары, тетіктері, қозғаушы күштері және тағы да басқа мәселелер талқыланды.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»