Фото: Тілеубек ШАЯХМЕТ
6 шағын кәсіпорын қалдық қабылдайды
Өскемендегі Экологиялық қауіпсіздік орталығының бізге ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, қазір облыста тұрмыстық қатты қалдықтарды жинаумен және қайта өңдеумен шұғылданып жатқан 6 шағын кәсіпорын бар. Оның төртеуі пластик қалдықтарды, екеуі макулатураны қабылдайды. Жақында біз пластик қалдықтарды қабылдайтын төрт шағын кәсіпорынның бірі «ЭкоВосток-Лидер» компаниясының жұмысымен танысып қайттық. Өскеменде орын тепкен бұл компания өз жұмысын әуелде макулатура жинаудан бастағанымен қазір пластик заттарды да қабылдап, өнім көлемін күннен күнге ұлғайтып келеді. Бастапқыда айына 20 тонна макулатура жинаған компания бүгінде бұл көрсеткішті 100 тоннаға дейін жеткізіпті. Алайда «ЭкоВосток-Лидер» компаниясының директоры Динара Әкімжанова мұның өзі аз екенін айтады. Кәсіпорын қызметкерлері қазір қағаз бен пластик шөлмектерді мекемелерді аралап әупірімдеп жинап жүр. Өздері әкеліп тапсыратын мекемелер де бар екен. Компания қағаз өнімдерінің келісін 20, пластик шөлмектердің келісін 25 теңгеден қабылдайды. Яғни Өскеменнің кез келген тұрғыны бос пластик шөлмектер мен қағаздарды қоқыс жәшігіне лақтырмай осы мекемеге өткізуіне болады. Алайда шаһар тұрғындарының көпшілігі мұны білмегендіктен, білсе де әкелуге ерінетіндіктен кәсіпорын макулатура мен пластик шөлмектерді жинау үшін облыс орталығындағы үйлердің ауласына өз күштерімен 28 экоконтейнер орнатыпты. Алдағы уақытта қала бойынша қағаз қабылдайтын 30, шөлмек қабылдайтын 30 экоконтейнер қоюды жоспарлап отыр. «Біз Өскемендегі Экологиялық қауіпсіздік орталығымен бірлесе отырып, қалаға қанша көлемде қағаз келетінін, оның қайда кететініне сараптама жасадық. Сонда көз жеткізгеніміз, шаһардағы қағаздың 8-10 пайызын ғана біз жинап алады екенбіз. Қалғаны қоқысқа кетеді. Қала тұрғындары мен мекемелерден, базарлардан жиналған өнімді өткізу тұрғысында мәселе жоқ. Біз қазір картонды Омбыдағы зауытқа, қағаздар мен кітаптарды Алматыға өткізіп жатырмыз. Жиналған пластиктерді әлі саудаға шығарған жоқпыз. Мәселе – қағаз бен пластик өнімдерді жинауда болып тұр. Экоконтейнерлер санын көбейту мәселесін облыс пен қала әкімдіктерінің алдына қойғанбыз. Жалпы, біз қаладағы барлық қоқыс алаңдарына экоконтейнерлер қойғымыз келеді. Бірақ әзірге бұған шамамыз келмей жатыр. Осы ретте қала әкімдігі демеушілер табуға жәрдемдессе дейміз. Болашақта жинаумен ғана шектелмей, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуді қолға алғымыз келеді. Бірақ ол үшін жинау көлемін ұлғайтып, аяқтан қаз тұрып алуымыз керек», деген компания директоры қаладағы сот, полиция, басқа да мемлекеттік мекемелерден шығып, өртеліп жатқан қағаздарды өздеріне алып, әрі қарай қайта өңдеуге ниетті екендіктерін жеткізді.
Қалаға орнатылып жатқан экоконтейнерлерді компанияның өздері жасайды. Бір контейнердің бағасы – 30 мың теңге. Динара Әкімжанова қазіргі уақытта шаһардағы мектептер мен жоғары оқу орындарынан экоконтейнерлерді орнату жөнінде ұсыныстар түсіп жатқанын айтады. Бір байқағанымыз, «ЭкоВосток-Лидер» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдау бекеті Өскемендегі түзеу мекемелерінің бірінде орналасыпты. «Компаниямен өзара келісімшарт жасастық. Біз оларға бос тұрған ғимаратты пайдалануға бердік. Олар біздің түзеу мекемесіндегі 5 азаматты жұмыспен қамтып отыр. 40 пен 60 мың теңге аралығында жалақы төлейді. Қыс уағында 5, жаз мезгілінде одан да көп адамды жұмысқа алады. Жалақыларын уақтылы беріп отырады. Бұл біздегі бас бостандығынан айырылған жандар үшін тиімді деп ойлаймыз. Біріншіден, олар тапқан табыстарын отбасына жібереді. Екіншіден, ойы, көңілі басқа жаққа ауады. Күнделікті өмірге бейімделеді», дейді Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ОВ-156/22 мекемесі бастығының сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру және жалпы мәселелер бойынша орынбасары, әділет майоры Зарина Спамбетова.
Қалаға қанша экоконтейнер қажет?
2016 жылдың сәуір айында Экологиялық кодекске енгізілген өзгеріске байланысты 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап полигонға қоқыстың 17 түрін тастауға тыйым салынғандығы белгілі. Өскемендегі Экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Геннадий Корешков бұған қазірден бастап қамданбаса қала қоқысқа толып кетуі мүмкін деген күдігін жасырмады. Оның айтуынша, Өскеменге 1500 экоконтейнер қажет. Бұдан бөлек облысқа құрамында сынабы бар заттарды жинауға арналған 500 (оның 50-і Өскеменге) контейнер керек. Орталық осы мақсатта арнайы бағдарлама әзірлеп, экоконтейнерлерді сатып алу үшін Энергетика министрлігіне өтінім беріпті. «Өскеменде 40-қа жуық көп қабатты тұрғын үйде қоқысты далаға шықпай-ақ тастайтын құбыр орналасқан. Бұл үйлердің тұрғындарының ешқайсысы қоқыстарды бөлу жұмыстарын жүргізбейді. Олар «мынау пластик, мынау қағаз, мынау шыны» деп бөліп отырмайды. Жинайды да тастай салады. Сондықтан халық арасында тәрбиелік жұмыстарды қолға алу керек. Бұл маңызды шаруаға халықпен тікелей жұмыс істейтін ПИК-тер де белсене атсалысып, тұрғындарға түсіндіруі қажет. Бұл – бір. Екіншіден, «ЭкоВосток-Лидер» компаниясы секілді шағын кәсіпорындарға мемлекеттің қолдауы керек. Өйткені бұл компаниялар өз күштерімен жұмыс істеп жатыр. Шетелдерде мұндай кәсіпорындарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі, дотация беріледі. Үшіншіден, экоконтейнерлерді жұрт көп баратын балабақша, мектеп, емхана, әкімдік секілді мемлекеттік мекемелерге қоюдан бастау керек», дейді Г.Корешков.
Орталық басшысының пайымынша, қаладағы қағаз өнімдерін қайта өңдеу үшін өндірістік Шрейдер құрылғысын сатып алу қажет. Сонымен қатар алдағы уақытта облыс орталығында қоқыс қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт салу мәселесін қарастырған жөн. Ол үшін әуелі өнімді жинау мәселесін шешіп алған ләзім. «Өскемен спецкоммутранс» ЖШС мекемесі базасында қоқыстарды бөлу цехын ашу үшін қазір Өскемен қаласы әкімдігімен келісім жасалып жатыр. Біздің білуімізше, шаһарда жылына біржарым тонна қағаз отқа жағылады. Жағылған қағаздың қоршаған ортаға зияны бары айтпаса да белгілі. Сол қағаздарды қайта өңдеу үшін осы мекеме аумағына Шрейдер құрылғысы орнатылса дейміз», дейді ол.
Аялдамаларға жәшіктер орнатыла бастады
Жоғарыда қоқыстарды бөлуге, яғни шынысын бір бөлек, шөлмегін бір бөлек жинауға тұрғындардың көпшілігі үйренбей жатқанын айттық. Дегенмен де қала тұрғындары арасында осы іске өз ынта-ықыласымен белсене кірісіп, жұртқа үлгі болып жүрген жандар да жоқ емес. Сондай қоршаған ортаға бей-жай қарай алмайтын жандардың бірі – Тәуелсіздік көшесіндегі 35 үйдің тұрғыны, зейнеткер Вера Самойлова. Ол өз үйінің ауласына қойылған қоқыс төгуге арналған бірнеше контейнерге салынған тұрмыстық қалдықтардан пластик шөлмектерді іріктеп алып, ерінбей-жалықпай экоконтейнерге салады. Бұл үшін ешкімнен ақы да сұрамайды. Бұған экоконтейнер шөлмекке толған кезде компания қызметкерлеріне қоңырау шалып айтатынын қосыңыз. «Әуелде біздің үйдің жанында шағын экоконтейнер тұрған. Кейін үлкенірегін қойдырдым. Көршілерім қоқысты дорбаға салып әкеледі де қоқыс жәшігіне лақтыра салады. Оларға «келесі келгенде пластик шөлмектерді бөлек әкеліңіздер» деп айтып жатырмын. Мүмкін қоқыс жинайтындар барып өткізер деп қағаздарды бөлек жиып қоямын. Күніне үш-төрт сағат уақытымды осы іске арнаймын. Аяғыма пима киіп шығамын. Қолыма арнайы қолғап киемін. Резеңке қолғап күн сайын жыртылады. Әуелде күн сайын өзім алып жүр едім. Қазір тұрғындар сатып алып беріп, жәрдемдесіп жүр. Өмір бойы мектепте жұмыс істеп, балаларды қоқысты шашпауға, табиғатты аялауға баулыдық қой. Жақында бір кішкентай бала жаныма келіп, маған көмектесіп жатыр. Бұл да болса еңбегімнің нәтижесі шығар деп ойлаймын», деп ойын сабақтаған бұрынғы мұғалім үйінің жанына қойылған экоконтейнер тек пластик қалдықтарды қабылдауға арналғанын айтып, алдағы уақытта қағаз өнімдерін жинайтын контейнер орнатылса деген өтінішін жеткізді.
Ал қала әкімдігі тарапынан бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ержан Қоңырбаев әуелгі кезекте қағаз бен пластик шөлмектерді жинауға көңіл бөлініп жатқанын айтты. Құрамында сынабы бар заттарды жинауға арналған 50 контейнерді орнату үшін қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатыр екен. «Қазір қаладағы білім, денсаулық сақтау мекемелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қоқыстарды бөлуге арналған жәшіктерді міндетті түрде орнату талабын қойып отырмыз. Сонымен қатар шаһардағы қоқыс қалдықтарын жинаумен және өңдеумен шұғылданатын жекеменшік компанияларға қолдау көрсету мәселелері қарастырылып жатыр. Биыл Өскеменде 100 аулаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сол аулаларға да экоконтейнерлер орнататын боламыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл бағыттағы жұмыстар енді-енді жанданып келеді», дейді қала әкімінің орынбасары.
«Өскемен Тәртіп» кәсіпорнына хабарласқанымызда, аталған мекеменің баспасөз хатшысы Әсел Ахметжанова қазір қаладағы 7 аялдамаға шыны, қағаз, пластика және басқа да тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдайтын жәшіктердің орнатылғанын, мұндай жәшіктер алдағы уақытта шаһардағы барлық аялдамаларға қойылатынын жеткізді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН