Мына бір қызықты қараңыз, қай суретшінің салғанына бас қатырып отырмасаңыз да, бір көргеннен есте қалатын туындылар болады. Бұл – тарихи жанрдағы «Қасиетті Тәуелсіздік» картинасы. Қазақтың басынан кешкен дәуірлі кезеңдерді көз алдыңа лек-легімен алып келетін ауқымды полотно суретшінің интеллектуалдық деңгейін де әйгілейді. Оның көрмелерінде терең кәсіпқойлық, суреткерлік қуат, шығармашылық сезімталдылық қатар салтанат құрады.
Станоктық және монументальды кескіндемеде жігермен жұмыс істейтін суретшінің монументальды кенептері тарихи деректер мен құжаттар негізінде реалистік мәнерде шешімін тапқанын өнертанушылар да бағалайды. Халқымыздың еркіндік пен тәуелсіздік жолындағы көпғасырлық шайқасы көрініс тапқан «Қасиетті Тәуелсіздік» кенебі тұтастылығымен дараланбақ. Монтаждап біріктіру арқылы құрылып, құрамына әр ғасырдағы тұлғалар енген панорамалық композиция эпизодтары жайлы жеке-дара есіп эссе де жазуға болар еді. Бірақ бүгінгі әңгіме Жамбыл Нәтбаевтың жалпы суреткерлігі хақында.
Мәселен суретшілердің көрмесіне саяхат шеккен көрермен оның жансарайына да сапарлайды. Картиналардан шығармашылық иесінің білімі мен талғамы, мінезі танылады. Бұл тұрғыда Жамбыл Нәтбаев суреткерлік қуатының тегеурінділігімен қоса әрі психолог әрі лирик ретінде жұмыс істейді.
Адамдар сияқты, туған жердің де портреті болатындығын дәлелдеген шоқтығы биік қылқалам шеберлерінің сапындағы суретшінің пейзаждары көркем. Қасаңдана бастаған көңіл күйді серпілтіп, көзге біткен шелдің шілтерін сыпырып алғандай әсер қалдыратын тұстан сіз де талай өткенсіз. Бірақ тек суретшілерге ғана көрінетін табиғаттың тылсым сұлулығы бар. Мұның айғағы – үлкен полотналарға бергісіз көркем этюдтер.
Айтқандай суретшіге қазақ кескіндеме өнерінің классигі Орал Таңсықбаев шығармашылығы үлкен әсер еткенін айтпай тұрып, ол Ташкенттегі П.Беньков атындағы көркемсурет училищесін тәмамдап, М.Ұйғыр атындағы Ташкент театр және өнер институтында өзбек живописінің корифейі, Өзбекстанның халық суретшісі Рахим Ахмедовтің шеберлік мектебінен өткенін айту ләзім.
Суретші үшін Ташкенттегі Орал Таңсықбаевтың мұражайы шығармашылық Мекке, шабыт шақырар муза болса, бір жағынан аса талантты ұстазы Рахим Ахмедовтің ықпалы бар. Бірақ Жамбыл Нәтбаев өз жолын тапқан көп қырлы шебер.
Орталық Азияның үлкен пейзаждық мектебінен өткен суретші монументальдық және станоктық кескіндеменің түрлі жанрларында алуан тәсілдермен бояуларды басқара алады. Реңктер оркестріне ғажап билігін жүргізе отырып, кенептің бетінде романдар жазады.
Сөзіміз дәйекті болсын, тарихи тақырыптарға үлкен дайындықпен келетін қылқалам шеберінің тағы бір жалаулы жұмысы «Саурандағы шайқас» (2009-2011) полотносы. Қасиетті тәуелсіздік, бүгінгі егемендік оңай келмеген десек, осының бәрі аталмыш туындыда сайрап тұр. Азаттықтың азапты жолындағы батырлардың жан алысып, жан беріскен сәттері, трагизм үлкен ауқымда кескінделуімен құнды.
Мамандар «Саурандағы шайқас» жұмысы классикалық «Қасиетті Тәуелсіздік» картинасынан түпкілікті басқа екенін мойындайды. Бұл жерде Нәтбаев өзінің табиғи дарынын, суретшілік мүмкіндіктерін еркін, экспрессивті, тіпті импрессионистік тұрғыда пайдалануға шебер. Яғни қылқалам шеберінің тарихи тақырыптарында азаматтық пафос атой салады. Және Жамбылдың шығармашылығын кезең-кезеңдерге бөліп, жеке-дара қарауға болмайды. Картиналары сияқты тұтас, бір деммен жұмыс істейді.
Іңірдегі сұлулық, Қазақстанның түнгі таулары өзінің жазушысын іздеген болса, оның бірі сөзсіз – Жамбыл Нәтбаев.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ