«Көрмес, түйені де көрмес» дегендей, отандық медицинаға деген ондай көзқарастан арылған абзал. Өйткені бұл саладағы бірегей технологиялар мен білікті мамандар біздің ұлттық жетістігіміздің бір бөлшегі. Айталық, қазір обыр дертін емдеуде қазақстандық медицинаның жауапкершілігі озық мемлекеттерден бір мысқал кем емес. Себебі бүгінде Қазақстан обырды емдеудің халқаралық стандартына толығымен көшті. Бұл ретте Еуропа, Азия және Америка елдерінің жетекші клиникаларында қазақстандық жас мамандар оқытылып, түрлі семинарлардан, тәжірибелік шыңдалудан өтті. Сонымен бірге шетелдік мамандардың шеберлік сыныптары шеңберінде еліміздің онкологиялық қызметінің мамандары онкология және радиологияның өзекті мәселелері бойынша білімдерін жетілдіріп жатыр. Олар осы арқылы хирургиялық тәсіл, сәулені қолдану, химиялық терапия мен иммунотерапия арқылы емдеудің озық әдіс-тәсілдерін меңгеруде.
Елімізде 2010 жылдан бастап ауруды ерте анықтау мақсатында 6 негізгі әлеуметтік мәні бар «Ұлттық скрининг» бағдарламасы енгізілді. Осылайша, отандық емханалар онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің жоғары технологиялық әдістерінің ең озық үлгілерімен жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Десе де жарнамасы жүріп тұрған сырттағы елдердің медицинасы біздің науқастарымыз үшін «құтқарушы періштедей» көрінетіні жасырын емес. Өйткені ауру қысқан сайын «мал – жанымның садағасы» деп шыбын жанын шүберекке түйіп, жанұшыра шетел асатын адам көп. Бірақ ғазиз жаныңызға дауа іздеп барған шетеліңіз сізді көбінесе тауар, пайда көзі ретінде ғана қабылдайды. Өйткені өркениетті елдерге жанына сауға сұрап барған науқастар жекеменшік медициналық орталықтарға жатып емделеді. Ал елімізде онкологиялық операцияларды жасау мемлекеттік мекемелерге ғана тиесілі. Сондықтан отандық медицинаның обыр дертіне деген жауапкершілігі ерекше.
– Қазіргі кезде отандық медицина шетелдің кез келген медициналық орталығында жасалатын емдеу тәсілдерінің бәрін игерген. Сондықтан шетел медицинасына бас шұлғи беруден гөрі отандық медицинаға да сенім арта білу керек. Өйткені қандай да бір қиындықты жеңу – сенімге байланысты. Бүгінде шетелге қаржысын шашып, ең соңында қаржы жеткізе алмай, емін толық аяқтамаған отандастарымыздың елге оралуы артып келеді. Әсіресе, химиялық терапиялық емді алуға ақшалары жетпей, отандық медицинаның тегін көмегіне жүгінетіндер көп, – дейді Астана қаласы Онкология орталығы бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары Бақтыбай Оразбеков.
Әрине қатерлі ісікті емдеу оңай емес. Мұндайда науқастың жүйкесіне ғана емес, қалтасына әжептәуір салмақ түседі. Мысалы, қатерлі ісіктің алғашқы сатысына орта есеппен 110-120 мың теңге керек болса, төртінші сатысын емдеуге 27 миллион теңге қажет болады. Небәрі бір айға жететін дәрілердің құны 7-8 мың АҚШ доллары тұрады. Сондықтан елімізде обырды емдеуге мемлекет есебінен арнайы квота қарастырылған. Сол себепті қазіргі медицинаның жылдық кірісі бар-жоғы 1,8 пайызды ғана құрайды. Ал бұл көрсеткіш АҚШ-та – 15, Германияда – 12, Ресейда 8 пайызды құрап отыр. Осыдан-ақ мемлекет тарапының халық денсаулығын жақсарту үшін аянып жатпағанын, үлкен қамқорлығын көруге болады. Ал отандастарымыз жыл сайын 200 миллион АҚШ долларын шетел медицинасына құяды. Қазір шетелге барып емделу қазақстандықтар үшін сәнге айналған деуге де болады.
Бүгінде Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққандар саны Еуропа елдерімен салыстырғанда әлдеқайда аз, бірақ қауіптілігі жағынан Еуропадан асып түседі деуге болады. Өйткені елімізде обыр дерті көп жағдайда 3 немесе 4 сатысына өткенде ғана анықталады. Бұған халықтың өзінің салғырттығы себеп болып отыр. Тұрғындарымыз алдын ала медициналық тексеруден өтпейді, ауру асқынғанда ғана дәрігер көмегіне жүгінеді.
Ал Оңтүстік Кореяда алдын ала тексерілуден өткеннің өзінде пациенттің қатерлі ісікке шалдыққаны анықталса, мемлекет емге қажетті қаржының 70 пайызын, науқас 30 пайызын төлейді. Егер еріншектікпен тексерілуден мүлдем өтпеген болса, мемлекет тарапынан еш көмек берілмейді. Аустрияда 50 жастан асқан адам жыл сайын медициналық тексеруден өтіп тұруы міндеттелген. Егер тексерілуге бармай қалса, банк карточкаларын бұғаттап тастайды екен. Қазақстанға да осы іспетті қатаң медициналық тәртіп қолданылса, халық денсаулығына жауапкершілікпен қарап, саламатты өмір салтын ұстанар еді әрі емделуге жұмсалатын қаражаты да үнемделер еді.
Айжамал КӨПЕЕВА