Аймақтар • 31 Қаңтар, 2018

Ақтөбеде «Адалдық – ардың иесі» атты шара өтті

580 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап  ғылыми кітапханасы  «Қазақстан  Республикасының  сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  жөніндегі  2015-2025  жылдарға  арналған  сыбайлас жемқорлыққа қарсы  стратегиясы»  аясында «Адалдық – ардың иесі» атты ашық алаңда әңгіме өткізді. 

Ақтөбеде «Адалдық – ардың иесі» атты шара өтті

Мақсаты - сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған  шараларды  өткізу арқылы жастарымызға біліммен қоса, дұрыс тәлім – тәрбие  беріп,   адалдыққа, патриоттық  сезімге  баулу.

Жоғарыда атап өткеніміздей бұл дертке қарсы күресті көптеген деректерге сүйеніп, болдырмау жолдарын  қарастырып, жүйелі түрде өз ісінің адал бастамасын  асыл  қасиетімен сақтап қалу үшін күресу – баршамызға ортақ іс.

Шара барысында «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы партиялық бақылау инспекторы – Клара Болатқызы Исламова Елбасының биылғы  «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын Қазақстан халқы ерекше ынтамен тыңдағанын  және  Мемлекет басшысы келешекте жүзеге асырылуы тиісті маңызды стратегиялық қадамдарды белгілеп беріп отырғаны, оның ішінде Жолдаудың тоғызыншы тармағы жемқорлықпен күрес мәселесіне арналғанын айтып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру — Елбасының айқындап берген мемлекеттік саясатының басым бағытының бірі, онымен күресу —қоғамның  және  әрбір азаматтың ортақ ісі, оны әрбір отбасы  түсінуі  керек  деген  ойын  жеткізді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  агенттігінің Ақтөбе облысы  бойынша  департаментінің  бас маманы – Әсел Бауыржанқызы Жұмамұратова адам белгілі бір материалдық жағдайға тәуелді болса, ол ар-ұят пен намысты екінші орынға қояды, егер ар-ұят, намысты  екінші  орынға қойсақ, онда болашақта тұтас бір ұрпақты жоғалтып  алуымыз  мүмкін, бұл дертке қарсы күресе отырып, өмірімізді одан әрі жақсартып, адамгершілік, рухани байлығымызды жоғалтпауымыз керек деп түсіндіріп  берді.

«Жас Отан» жастар қанаты төрағасының орынбасары – Мұрат Мұстафин қазіргі жастар арасындағы жүргізіліп  отырған осы бағыттағы жұмыстарға  нақты  тоқталып, жастарды  адал  еңбек  етуге  шақырды.

Ашық алаңдағы әңгіме аясындағы шараға қатысқан қаламыздағы арнаулы орта оқу орындарының оқытушылары мен студенттері де өз ойларымен  еркін  қосылып  отырды.

Жемқорлықпен күрес — уақытша науқан емес, жүйелі, әрі ұзақ мерзімді қажет ететін мемлекеттік саясат.  Сондықтан, шара қонақтарының  бұл бағыттағы  жұмыстарына кітапхананың оқу залы бөлімінің меңгерушісі – Гүлмайрам Әбубәкірқызы Алатаева табыс тілеп, алғысын жеткізді және қатысушыларға  адалдықты, пәктікті бойына дарытқан, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ұлт болашағына сеніммен қарап, Ұлы Даламыздың ұлағатын бойына сіңірген тұлға ретінде қалыптасуына тілек білдірді.

Шара барысында «Адалдық – асыл қасиет» тақырыбында  кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолуын оқу залы бөлімінің кітапханашысы - Айгөлек Лакибаева жүргізіп, автоматтандыру бөлімінің  қызметкері– Мейірбол Тулебаев бейне жазбалар көрсетті.

Бейсова Гүлзада Бақдаулетқызы

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық

әмбебап ғылыми кітапханасы оқу залы бөлімінің кітапханашысы