Қазақстан • 01 Ақпан, 2018

ЭКСПО-2025 Осакада өтуі мүмкін

270 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ербол Шорманов Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабатамен кездесті. 

ЭКСПО-2025 Осакада өтуі мүмкін

Басқарма төрағасы мәртебелі мейманға көрме аяқталған соң, Ұлттық компанияға міндеттелген бірқатар жұмыстар жөнінде айтып берді. Сондай-ақ Е.Шорманов 2017 жылғы қарашаның 10-нан бастап «Нұр Әлем» Ұлттық павильоны, Үз­дік тә­жі­рибелер аймағы, Энер­гия холы және Кон­гресс орта­лы­ғы­ның келушілер үшін қайта іс­ке қо­сылғанына да тоқталды. Кез­десу барысында «Астана» ха­­лық­а­ра­лық қаржы орталығы, «Ast­a­na Hub» ІТ стар­тап­тарының ха­лық­ара­лық технопаркі, Жа­сыл тех­но­логиялар орталығы және өзге де ұй­ым­­дар жайғасатын нысандарды қай­­та жөн­деу жұмыстары жүргізіліп жат­қанын  тілге тиек етті.

Ербол Шорманов Жапоняның Астана ЭКСПО-2017 көрмесінде игі бастамаларға ұйытқы болғанын атап көрсетті. «Жапония көрмеге қа­ты­сатынын алғашқы болып рас­таған мем­лекеттердің бірі болды. Көрме кезінде Күншығыс елінің павильоны ең көп тамашаланған «Үздік 10 павильон» (700 мың адам тамашалаған) қатарынан орын алды. ЭКСПО-2017 барысында, көрмеге келушілер жапон халқының мәде­ни­етімен және дәстүрімен етене танысып, жарық-ди­оды, балдыр биомассасы және су­тек­ті энергетика саласындағы соң­ғы технологияларын тамашалады. Ең бастысы, екі елдің бизнес өкіл­де­рі өзара байланыс орнатты», деді Е.Шорманов.

Өз кезегінде Жапония елшісі ЭКС­ПО-­2017
көрмесінің ұйым­дас­тырылу дең­­гей­­іне жоғары баға бер­ді. «ЭКСПО-2017 ха­лық­аралық мамандандырылған көр­ме­сі­нің өт­­кізілуі екі ел арасындағы дос­тық қа­рым-қатынастың одан әрі ны­ғаюына игі ықпал еткенін үлкен сеніммен айта аламын», деді И.Кавабата.

Сондай-ақ И.Кавабата Жапо­ния­­ның Осака қаласында ЭКСПО-2025 бүкіл­әлем­дік көр­ме­сін өткізу құ­қы­ғына ие болуы бағытындағы жұ­мыс­тардың бас­­тал­ғанын айтып, Қазақстан та­рапы­нан қол­дау жасалатыны­на сенім білдірді. Кез­де­су соңында Ербол Шорманов Итиро Кавабатаға маңызды кездесу үшін алғыс ай­тып, Жапония тарапымен жоғары техно­логиялар және жасыл энергетика саласын­да алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс ат­қа­ра­ты­нына сенім білдірді.

 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»