Сонымен «Зорлық-зомбылықсыз өмір» жобасы отбасында зәбір көріп жүргендерге мемлекеттік органдардың араласуымен және ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы тәулік бойы көмек беруді қарастырады. Және кез келген шағым міндетті түрде қарастырылып, қысымға душар болған адамға адвокат тағайындалады. Осы арада отбасындағы озбырлық әйелдерге ғана қатысты емес, кәмелетке толмаған балалар, қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға да қатысты екенін атап өткен жөн. Бұл бастаманың бір артықшылығы – өз жақындарынан зәбір көрушілердің қауіпсіздігі үшін заманауи технологиялардың жүйесін енгізу, жедел көмек қызметінің оперативті әрекеті мен қорғау амалдарын қадағалау болмақ.
Дабыл түймесі арқылы атқарылатын жобаның міндеттері де нақты тармақтарға бөлінген. Біріншіден, цифрлы қауіпсіздік жүйесін енгізу үшін ұйым мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, отбасындағы зәбірленушілерге жедел көмектесуді жолға қояды. Және жәбір көрушілерге жедел көмек көрсетудің техникалық мүмкіндіктері қарастырылады. Оған қоса осындай жағдайға душар болғандарға барынша жылдам әрекет ететін жедел көмек пен қорғау амалдарына қауіпсіздік жүйесін енгізу бас талды.
Сондай-ақ «Отбасындағы озбырлықсыз Қазақстан» жобасы аясында Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің отырысында қолдағы барлық нәтижелерді сараптап, талдайды. Әрі қарай көпшілік оның нәтижелерінен құлағдар болып отырады. Ең бастысы, отбасындағы озбырлыққа қарсы қауіпсіздік жүйесіне арналған заманауи технологияны пайдалануды ел заңнамасына ұсыныс ретінде енгізу көзделіп отыр.
Былтырғы қазан айынан биылғы қазан айына дейін ұласатын жобаның маңыздылығы мынада: отбасындағы қауіпсіздікті жолға қою, заманауи технологияны пайдалана отырып жедел көмек көрсету қызметімен қамтамасыз ету. Ал цифрлы технологиялар арқылы бұлтартпайтын дәлелдер мен дәйектер жинақтау да құқық қорғау саласының қызметін жеңілдетеді. Мемлекеттік орган дар тарапынан мұндай бақылау орнату азаматтарымыздың алаңсыз өмір сүріп, әлімжеттік жасаған қылмыскерлерді жазаға тартып, зорлық-зомбылықтың қайталанбауына ықпал етері анық. Бұл жоба жаңа технологияны өмірде пайдаланудың алғышарты болып табылады. Нәтижелі болған жағдайда мемлекеттің қолдауы негізінде жүйені көлемді етіп енгізу қарастырылған. Мақсатты аудитория Алматы қаласының сегіз ауданында тұратын әртүрлі дәрежедегі отбасында қысым мен жәбір көріп жүрген 400-дей әйел болып тұр.
Сонымен қатар прокуратура мен полициядан 25 қызметкер, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардан 30 адам қатыстыру жоспарда бар. Ең бастысы, отбасындағы озбырлыққа негізделген қауіпсіздік жүйесі мен жедел көмек қылмыстың қайталануын 50 пайызға төмендетеді деп күтілуде. Жобаның нәтижесі ел заңнамасын толықтыруға және өзгерту енгізуге мүмкіндік ашатындығын қайталап айта кеткен жөн. Өз кезегінде бұл шаралар бақылау жүйесін түбірімен өзгертіп, мемлекеттік қызметкерлердің әре кет етуін жүйелейді. Жаңа жоба Қазақстанда бірегей технологиялық базаны жасақтауға септігін тигізеді. Нәтижесінде елімізде 58 мыңдай тұрмыстық жәбір көрушілерге қолдау көрсетілетін болады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ