Ақын Несіпбек Айтұлы тізгінін ұстаған кештің төрінде Баққожа Мұқайдың ұстазы болған Әкім Тарази, Мырзатай Жолдасбеков, Қойшығара Салғара сынды көркем сөздің сардарлары отырды. Әкім Тарази шәкіртінің жазушылық жолына тоқталып, өмір өткелдеріндегі естен кетпес естелігімен бөлісті. «Менің ұғымымда қазақтан асқақ бауырмал халық жоқ. Баққожа үйге келген сайын балалармен аулаға шығып, біраз уақытын бөліп, ойнап келетін. Ауладағы әр балаға тоқтап амандасып, сөзге тартатын. Бұл Баққожаның бойынан көрінген халықтық қасиеті еді» деді Әкім Тарази.
«Баққожаның менен бес-алты жас кішілігі бар. Есімде 70-жылдардың басында алғашқы екі-үш әңгімесін «Жалын» журналына әкелді. Әңгімелерін оқып, журналға баспаған едім. Өйткені бізді тәрбиелеп жүрген Шерағаң: «Егер әңгіме өзінің деңгейіне жетпесе, әкеңдікі болса да, баспа» деп айтатын. «Жалын» журналының дәстүрлі бәйгесі бар еді. Авторы белгісіз шығармалар түседі. Сонда Баққожаның бір повесі жүлде алды. Жақсы шығарма, рецензия жаздым, сөйледім. Махаббатты, адамның ішіндегі рухани тазаруды өте шынайы жеткізген. Жүлде алғаннан кейін Баққожа келіп, өзі менен кешірім сұрап: «салқындау қарап жүр едім, сіздің адамға өте әділ қарайтыныңызға ризамын» деді. Содан бастап сырласатын, әңгімелесетін болдық. Бұл алғашқы таныстығымыздың басталуы еді. Екінші айтайын дегенім 86-жылғы оқиғадан кейін Мәскеу қазақ ұлтшыл деген айып тағу үшін әртүрлі амал іздеді. Оны әдебиеттен тапқысы келді. Мәскеуден бір әйелге тапсырыс беріп, оның көлемді мақаласы жарық көрді. Соның ішінде осы Баққожаның бір шығармасындағы «Алаш» деген сөзді айтыпты. Оның Алаш партиясына, саясатқа қатысы жоқ екенін айтып түсіндіре алмадық. Сол кезде үш әріптің қысымы болған шығар. Оның болмауы мүмкін емес. Соның әсерінен «Өмірзая» деген романы дүниеге келді деп ойлаймын. Өйткені «Өмірзаяда» қазақтың рухани әлеміндегі үлкен мәселелер көтерілген. Кез келген халықтың алдында шешімін күтіп тұратын мәселелер болады. Қазақ халқында да бар. Әдебиетшілердің қолынан келетіні – халықтың санасына әсер ету. Осы орайдан келгенде «Өмірзая» романының орны өте үлкен», деді естелігімен, пікірімен бөліскен жазушы Төлен Әбдік.
Жиында Баққожамен үзеңгілес, сыйлас болған жандардың бәрі естелігін айтып, қаламгердің азаматтық болмысына, адамгершілік қасиетіне ерекше тоқталды. Сейіт Қасқабасов, Алдан Смайыл, Сауытбек Абдрахманов, Көпен Әмірбек, Бауыржан Омаровтың сөйлеген сөздері көпшіліктің көңілін толқытып, жылы әсер қалдырды. Әсіресе, Сауытбек Абдрахманов Баққожа Мұқайдың өмірдегі жайдары, ақпейіл болмысын айтып, көңілдің кейбір кездерінен фрагменттер айтқанда көз алдымызға жазушының портреті көлбең қаққандай болды.
Жазушы дүниеден озғанда Тұманбай Молдағалиев былай деп қоштасыпты інісімен:
Еректер еңбегімен көш бастайды,
Арайлы аппақ таңды кеш баспайды.
Өзіңмен қоштасқанмен, інім, сенің
Қазағың өнеріңмен қоштаспайды.
Тұмағаң жарықтық рас айтады. Асылдың өзіндей боп халқының жүрегінен орын алған шығармалары ұрпақ жадынан өшпек емес.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»