Өнер • 01 Ақпан, 2018

Қоладан құйылған қолөнер

568 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Мейірім» әлеуметтік жобасын жүзеге асыру мақсатында түрлі деңгейдегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Қарым-қатынас және сезім» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Игі шара танымал мүсінші, Суретшілер одағының мүшесі Еркінбек Есімовтің туындыларын тамашалаумен басталды.  

Қоладан құйылған қолөнер

Көрменің басты мақсаты да сол, музейге келуші түрлі деңгейдегі мүмкіндігі шектеулі жандарды жәдігерлермен жақынырақ таныс­тыру арқылы олардың таным көкжиегін кеңейтіп, қазақстандық және шетелдік мәдени құндылықтарды тамашалауларына жағдай жасау болатын. Көрмеге келген жастар қолөнер туындыларымен танысып қана қоймай, олардың авторларымен де сұхбаттасып үлгерді. Өздерінің сұрақтарын қойып, мүсін өнеріне деген қызығушылықтарын білдіріп жатты. Мұндай көрмелер мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық қабілеттерін арттыра отырып, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне де ықпал етеді.

Көрмеге қойыл­ған қолөнер шеберлерінің, мүсін­шілердің, суретшілердің әр туындысынан ұлттық болмыстың бояуын анық аң­ғаруға болады. Ерекше экспонаттарды ке­лушілер қолмен ұстап, білдіріп жатқан пі­кір­­лерінен біз осыны аңғардық. Сондай-ақ көрме экспозициясында Еркінбек Есімовтің ту­ын­­­дыларынан бөлек Юрий Буштрук, Сер­гей Санакоев сынды Қазақстан мен ТМД-ның бел­гілі мүсін­шілерінің туындылары бар.

«Бұл өнермен бала жасымнан айналыстым. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдап, қазіргі таңда елордамызда шәкірт­ тәрбиелеу үстіндемін. Осы уақытқа дейін 500-дей өнер туындым ел назарына ұсы­нылды. Соның екеуін осы музейге сыйға тарттым. Олар бүгін балалар тамашалап жатқан «Тәкаппар түйе» және «Ауыл-түйе» деп аталатын туындым», дейді Е.Есімов.

Көрмеге келушілердің көбісінің түрлі деңгейдегі мүмкіндігі шектеулі болған­дықтан, онда қойылған жәдігерлердің этикетаждары Брайл әліпбиімен жазылған. Құлағы нашар еститін келушілер үшін экскурсия сурдоаударма арқылы жүргізілді.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»