Қазақстан • 01 Ақпан, 2018

Елбасы Жоғарғы Сот кеңесінің төрағасы Анатолий Смолинді қабылдады

165 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кездесуде Анатолий Смолин Мемлекет басшысына Жоғарғы Сот кеңесінің 2017 жылғы қызметі және Қазақстан судьяларының VII съезінде берілген тапсырмалардың орындалу нәтижелері жөнінде баяндады, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.

Елбасы Жоғарғы Сот кеңесінің төрағасы Анатолий Смолинді қабылдады

Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Сот кеңесінің сот төрелігінің сапасын арттыруды қамтамасыз ету мақсатымен мамандарды іріктеу жөнінде атқарып жатқан жұмысына тоқталды.

«Біз сот жүйесіндегі реформаны заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін жүргізудеміз. Сот кадрларын іріктеуді әділеті жүргізу үшін біз дербес Жоғарғы Сот кеңесін құрдық. Ол тәуелсіз және ешкімге бағынбайды», деді Қазақстан Президенті.

Елбасы Ұлт жоспарының 17-қадамын іске асыру тұрғысынан судья лауазымына үміткерлерді іріктеу барысында меритократия қағидатын басшылыққа алу қажеттігіне назар аударды.

«Бұл кадрларды іріктеудің сапасын арттыруға тиіс. Тек әділ шешім қабылдайтындарды тағайындау керек. Адамдар сонда ғана өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінетін болады», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Анатолий Смолин Нұрсұлтан Назарбаевқа атқарып жатқан қызметінің, соның ішінде Елбасының Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауын іске асыру, сондай-ақ құқық қорғау қызметін реформалау аясында құрылған тергеу соттарының құрамын қалыптастыру барысындағы қызметінің перспективті бағыттары жөнінде баяндады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.