Біз суреткер Марал Ысқақбайұлының мұндай батыл бекзаттығын неден көреміз? Ол – біздіңше, түбегейлі тақырып тауып, соны терең игеруде ғана емес, тәуелсіз игеруде. Бұл – яғни тақырыпқа әдебиет, өнер талабынан келіп, келешектің талғамынан табылу. Ал бұл – нені жазсаң да, бұрын мың рет игерілген кенді қазсаң да, жаңалық – маржан табу, таңдап алған тақырыбыңды: кейіпкердің сұлулығы мен сұмдығын да, өмірдің әділетсіздігі мен шындығын да өліп-өше күйіп-сүйіп жазу – жалын болып жану. Жай қағаз шимайтын жан болып қалмай, жүрек нұрыңды құйып, әдеби ерлік жасау – құрбандыққа бару.
Міне, осындай талап-талантпен, шабыт-талғаммен жазғандықтан батыл да бекзат суреткер Марал Ысқақбайұлының әрбір шығармасы жентек-жентек кен рудасы болып қалмай, құрыш болып құйылған десек қателеспейміз. Жағымды кейіпкерлері еркек болып туған қалпында қалмай, ер адамдарға, қыз-әйелдері ұрғашы болып қалмай, асыл анаға, арда аруларға айналса, ол бедерлеген от сезімдер де – жалаң нәпсі құштарлығы емес, мөлдір де маздақ махаббат болып түзілген. Ол бейнелеген тарих та тарихтың өткенге, өзі билік еткен кезеңге емес, «бүгін мен келешекке қызмет ететінін» (Әбіш Кекілбай) айғақтап, өлмес нар ұғымға, жарқын тағылымға ұласқан. Ол бейнелеген кешегі күндер мен бүгінгі күндер де оқып біткен соң ұмытылып қалмайтын, жанды, жасампаз, оқыған сенің көкірегіңнен көшпей, өшпей өмір сүре беретін көркем кешегі күндер мен бүгінгі күндер. Біз егер әрбір шын, шынайы шығарманың толайым жаңа, жазушы жүрегін жарып шығып жаралған жеке бір әлем екенін, оның өн бойында авторы бойында, сойында, ойында жоқ бірде-бір сөз, толқын мен өрт, әлеуметтік дерт пен суреткерлік серт кездеспесін ескерсек, Марал Ысқақбайұлының біз оқыған қайсыбір әңгімесі мен повестері де, романдары мен, тіпті сын мақалалары да оның қашанда ар алдында табаны таймайтын, батыл, қандай да бір дар алдында да дірілдемейтін бекзат суреткер екенін көрсетеді десек жаңылмаспыз.
* * *
«Қазат құйқылжыған құс үнінен оянды. Күнде естілмейтін тосын үн бүгін неге құлқын сәріден ұйқы бұзғанын әуелде түсінген жоқ. Тәтті ұйқысын қия алмай, маужырап жатып, құлағын сиқырлы әуенге еріксіз тосқан. Бозала таңның сұлу көркіне таңданып, талып түсіп отырған әнші құс таңдайын үсті-үстіне қағып, ішегін ұзақ-ұзақ тартады. Ол үні ағыл-тегіл ән болып төгіліп, құлақ құрышын қандырады...».
Жазушының қазіргі күн тынысын арқау еткен «Ғашық боп көрмеген келіншек» повесі осылай басталады.
Қазат, сөйтіп бүгін ерте оянды. Бұған себеп – курортқа келгендігі, Ыстықкөл бойының бозала таңдағы керемет көркі, соны жырлаған құстың құйқылжыған әні ғана ма? Жоқ. Жүрегіне ғашықтық оты түскендіктен. Ал ғашық болып қалған адамға – көрікті табиғатты айтпағанда, күллі дүние сұлу.
Өзгелерде ұшыраспас бір бөлекше тартымдылығы, «сиқыры» бар сұлулар болады. Бір көргеннен ұнату өз алдына, ғашық боп қаласың. Қырғыз келіншегі Бүбия нақ сондай сұлу сияқты. Мұндай сұлулықты мөлдіретіп жеткізу үшін жазушыға шын шеберлік, бекзат суреткерлік керек. Осыны аңғартатын бір-ақ деталь-үзіндіні алға тарталықшы:
«–Қызықсың сен, Бүбия. Өзің оны сүймеймін дейсің. Сөйтіп отырып абыройын ойлайсың.
– Неге ойламайын. Балаларымның әкесі емес пе ол! Шаңырағымның иесі емес пе?
– Өне бойы ел көзінен жасқанып жүретінің де сол Ермек үшін бе?
– Ермек үшін де, өзім үшін де. Артық сөздің маған керегі не? Бала-шағам бар, ағайын-туған бар, жолдас-жорам бар – солардың көзіне тура қарауым үшін бойымды бақпасам, кім болғаным?!».
Мынадай адамгершілік иесі, мынадай мәдениетті әйелдің сұлу болмауы мүмкін бе?
Біз аталмыш повесте нақ осындай сұлулықпен танысамыз. Ол ғана емес, маздақ та мөлдір, жұмбақ та қымбат махаббатпен табысамыз. Бүбия да сымбатты, ең бастысы – жаны бай, сұлу, бекзат Қазатты бірден ұнатып қалады. Екеуінің де жұбы бар, қос-қостан балалары бар. Қазаттың әйелі Мәрзия жақсы адам болса, Бүбияның күйеуі Ермек те кемітетін жаман жігіт емес. Айырмасы – Қазат Мәрзияға сүйіп қосылса, Ермек Бүбияны енді бойжеткен кезінде алып қашып кеткен. Сүйіп қосылмағандықтан ол ғашықтықтың не екенін әлі білмейді.
Екеуі бірдей: Қазат та, Бүбия да жүректеріне тоқтам салғанмен, болмады. Бірін көліктен опат «болуға», бірін өмірден өлердей опық жеуге жеткізбей, тағдыр табыстырды. Бүбия енді – ғашық боп көрген, махаббатты бастан өткерген келіншек. Алда не күтіп тұр? Оны әл-әзір бұлар білмейді, Құдай біледі.
Жазушы Марал Ысқақбайдың екінші бір ерекше туындысы «Жойқан төбе» романының қаузаған тақырыбы – тарих: әйтеуір тарих емес, нақты, шынайы тарих. Дәлірек түстегенде, 1398 жылы атақты Ақсақ Темірдің өмірінің соңғы кезінде жасаған жойқын жорықтарының бірі – үнді жерін қан-қасапқа ұшыратып, Дели қаласын жаулап алуы. Мұны нысана ете отыра оған керегі – осы жолғы сұрапыл соғыс қимылдары, әйгілі шайқастың тарихтағы орны, әйтпесе теңдессіз қолбасшы Әмір Темір Көрегеннің ақылдылығы, көптен озған қасиеттері де емес, ол жасаған осы жорықтардың адамгершілік тұрғыдан алғандағы шын мәні мен біздің бүгінгі күнімізге де аса қажетті сабағы. Яғни мұндай тарихи оқиғаға ол Ақсақ Темір – өзіміздің барластан тараған, түріктен шыққан сайыпқыран ғой деп саралайтын, өресі тар өзімшіл надандықтан қол үзіп, саясаттан да тыс, парасатпен етене, адамзатқа ортақ ақиқат, әділдік өлшемінен саралайтын бекзаттық суреткерліктен табылған. Бұл мақсатына жету үшін ол Ақсақ Темірді емес, оқымысты-шежіреші әрі ақын Ғиясты басты кейіпкер етіп алған.
Сонымен бұл романдағы барлық оқиға, орда қам-қарекеті, ел мен жер тағдыры, ой мен сезім, бәрі-бәрі Ғияс ақын көзімен беріледі. Ол ақын болғандықтан да мына жорық жайына, қатыгездікке, әсіресе бейбіт халықтың жазықсыз қырылуына селқос, енжар қарай алмайды. Ал тарихтағы іс жүзінде ғұмыр кешкен шежіреші Ғиасадин Әлидің Ақсақ Темірді асқақтатып, бір жол сын айтпай, күдіктенбей, барлық іс-әрекетін ақтап-мақтап, ұлы жиһангер етіп дәріптегеніне дау жоқ. Бірақ ол шеңберден шыға алмаса, қанішерлікті жақтаған жазушының қанқұйлылардан несі артық? Біздіңше «Жойқан төбенің» тарихи тұрғыдан да, көркемдік келеден де ең мықты жері – шындыққа қиянат жасамауы; жорық кезінде және одан кейін болған оқиғалардың өрбуін, өршуін, сабақтастығын, деректерін сақтай отырып, шын сырын, сұмдықтарын қалтқысыз ашуында.
Мына өмірде әділетсіздіктердің де аясына сыймайтын сұмдықтар да болады екен. Мұндай жағдай, әсіресе адам: бұл жерде ол – әрине Ақсақ Темір – өзін өлетін пенде емес, екінші Алла тағала сезіне бастағанда орын алатыны онша дәлел тілемесе керек. Сондай сұмдықтардың біріншісі – жүз мыңнан астам қарусыз Синд тұтқындарын қырып тастау. Екінші ерекше сұмдық – дау жоқ, Делиді алу үшін болған алапат шайқас. Әңгіме бұл соғысқа екі жақтан екі жүз мыңдай адам бір мезгілде қатысып, тұңғыш рет пілдер араласып, «зеңбіректер» оқ атып, адам қаны суша төгілуінде ғана емес. Ол – «екі жақтың да билеушілері мен негізгі күштері бір нәсілден тараған, тілі де, діні де ортақ түріктер», мұсылмандар болуында. Ақсақ Темір он жерден «Құранға» құптатса да бұл соғыстың Алла тағаланың ақ жолына ешқашан қоңсы қонбасы дәлел тілемейді.
Үшінші сұмдық – мұны тіпті сұмдық деген сөз де жеткілікті бейнелей алмайды, бұлардың осы соғыстың алдында Луни түбінде қырып салған бейбіт 100 мыңнан астам тұтқындардың бастарынан төрт қырлы төбе тұрғызуы. Сол маңдағы ең биік қырқа үстіне күншілік жерден көзге шалынардай етіп адам бастарын үю. Ақсақ Темірден үнді жерінде қалар ең басты белгі. Ол мұның алдында оншақты жыл бұрын – 1387 жылы Исфаһанды басып алғанда 70 мың адамның басынан 12 мұнара тұрғызса, мынау содан асқан сойқан. Жазушы Марал Ысқақбай романға тақырып еткен «Жойқан төбеңіз» де – міне, осы төбе... Қысқасы, даңқы жер жарған Ақсақ Темірдің артында қалған ең басты іс – ескерткіш те осы.
Марал Ысқақбайдың «Жойқан төбе» романынан кейін мен Ақсақ Темірдің шын мәнінде кім екенін білдім. Естіп, оқып жүргеніміз – ақиқаты көп шығар, аңыз, асыра мақтау, Ақсақ Темірді қолдан жақсы адам жасап, идеалдандыру екен. Ол – іс жүзінде есірік (қанды көп төккен, көрген адам есірікке ұшырайды) ауру адам екен. Атақты жиһангер, ұлы қолбасшы, ақылды екеніне, оның тарихтың дамуына үлкен әсер етіп, тіпті бағытынан бұрып та жібергеніне күмән жоқ. Әсіресе оның Тоқтамыс ханды, Баязит сұлтанды, Ер Едігені (әрине соғыста) жеңіп, Алтын Орданы құлату арқылы болашақ озбыр орыс отаршылдарына жәрдемдесіп, даңғыл жол ашып беріп, түркі-қыпшақ бабаларымызға, тіпті бүгінгі мына біздерге орасан зор тарихи зиян-зардап келтіргені сәл де айғақ-дәлел тілемейді.
Тұтас қарастырғанда суреткер Марал Ысқақбайдың творчествосында мазмұны нәрсіз, айтары әрсіз, көркемдігі әлсіз дүниелер жоқтығын айтпағанда, басты емес, күллі қазақ әдебиеті аясынан келіп шолғанда да осал, ортақол шығармалар жоқтың қасы. Қай-қайсысы да айтары жөнінен жаңалық, көркемдік келбеті жөнінен даралық білдіретін дарқан дүниелер. Мысал үшін «Ғажайып бала», «Пенде ғұмыр» романдарын алайық немесе «Қырық қыз», «Таң атарда», «Көңіл жұбанышы», «Кезек дүние» повестерімен танысалық – міне, осындай бітім-болмысты, білікті прозашылық даралықты, талғампаз сыншылық саралықты көреміз.
Біз мақаламыз барысында биік парасатты прозашы Марал Ысқақбайдың шығармаларынан бірнеше рет деталь: оқиға, сурет, мінездеме, кейіпкер сөздерін дәйек ретінде ұсынсақ, солардың бәрі дерлік ең кемі қос қабатты, алуан астар-ажарларға ие, жазушының реалистік шыншылдығын, байқағыштығы мен шеберлігін аңғартып қана қоймайды, автордың айтқанына қоса айтпағынан да, шығармасының негізгі идеясы мен автор концепциясынан да жақсы хабар береді. Жазушының аса үздік туындысына жата қоймас «Таң атарда» повесінің бас кейіпкері Ерубайдың «Бүгінгі бейбіт, тоқ күндерде өмір сүрудің өзі – бақыт» дегенге саятын соңғы сөз-байламын еске түсірелік. Осы қорытынды ой-тағылымды соны айтып отырған Ерубайдың бастан кешкенімен және жазушының осы повесімен идеялас, сабақтас басқа да шығармаларымен салыстыра отырып байыптасаңыз, керуен-керуен ой-таным, сезім-тағылым әлеміне шым батып кете барасыз. Өйткені бақыт ұғымы өте кең, жан-жақты, ал Ерубайдың бізге білдіргені – небәрі бір қыры ғана. Осыған орай сұңғыла сыншы, саңлақ суреткер, кемеңгер Әбіш Кекілбайдың керемет танып-тауып айтқан, Марал Ысқақбайдың «Таң атарда» повесінің ғана емес, барлық творчествосының алтын арқауы, Темірқазығы іспеттес мына бір сөздеріне еріксіз бас иесің: «Адамның пенде болмаққа да, Құдай болмаққа да хақысы жоқ. Адам адам болып қалуы керек. Басына бақ қонса да, іс түссе де адамдығынан айнымауы керек. Ысқақбай творчествосының ұқтырары – осы. Шын әдебиет, шын өнердің ұқтырары осы».
Атақты американ жазушысы Теодор Драйзер дәл тап басқандай, әдебиет қана абзал адамды – қайраткерді қалыптастырады. Әрине бұл жерде шын әдебиет, шынайы шығарма тілге тиек етіліп отырғаны өзінен-өзі түсінікті. Ал қазақ қаламгері Марал Ысқақбай – міне, осы жер бетіндегі ең мәртебелі міндетке шынайы шығармалары арқылы үлкен үлес қосқан суреткер. Алдағы уақытта да үлес қоса беретін бекзат қаламгер.
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ