Бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Айталық диспетчерлік жүйе қондыру жобасы іске қосылып, 9 автоматтық газ таратушы стансасында және 17 газ тарату пунктінде автоматты жүйені диспетчерлік басқару орнатылды. Сол арқылы облыстағы аудандар мен өндірістік кәсіпорындарды қосқанда 114 елді мекенді газбен үзіліссіз қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Осындай шаралардың нәтижесінде апаттар саны азайып келеді. 2016 жылы 74 апат тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 18-ге кеміген.
– Атырау өндірістік филиалы және «РЦКУ-Атырау» ЖШС арасындағы келісім негізінде тұрмыстық газ құрылғылары мен жабдықтарды алдын ала тексеру жұмыстары жүзеге асырылады, алайда тұрмыста газ пайдалану кезінде улану жағдайлары тіркелуде, – дейді филиал директоры Мақсот Әбуов.
Жыл басында Исатай және Қызылқоға аудандарының тұрғын үй секторларында газбен улану бойынша 3 оқиға тіркеліп, оның екеуі адам өліміне әкелді.
Атырау облысы бойынша «Сервис Аймақ Газ» ЖШС, «Батыс Газ Аймақ» ЖШС, «Аймақ Газ Құрылыс» ЖШС, «Аймақ Газ Инвест» ЖШС секілді басқа да түтін шығу мұржасы мен желдеткіш каналдарды тексеру қызметін көрсететін бірнеше кәсіпорын жұмыс істейді.
– Бірақ олардың газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету куәліктері жоқ және қызметтері «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалына байланысты емес, – дейді М.Әбуов.
Газды пайдаланып алып, тиісті ақыларын төлемей отырғандар да бар. Бүгінге дейін өңірлік филиалға тұтынушылардың қарызы 137 млн теңгеден асқан. Оның 46 млн теңгесі бюджеттік мекемелерге тиесілі.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ