Қазақстан • 05 Ақпан, 2018

«Бес саусақ» десе, бес саусақ!

1568 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қалихан Ысқақ, Орал­хан Бөкей, Бошай Кітапбаев, Дидахмет Әшімхан сынды тау тұлғаларды тудырған төр Алтайда жұмбағы шешілмеген, құпиясы ашылмаған тылсым мекендер аз емес. Соның бірі де бірегейі – жергілікті жұрт Бес саусақ атап кеткен катонқарағай мем­лекеттік ұлттық табиғи пар­кінің Чер­новинск орман шаруашылығы аума­ғындағы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Маралды ауы­лының шығысына қа­рай 3 шақырым жерде ор­наласқан гранитті жартас.

«Бес саусақ» десе, бес саусақ!

Жергілікті журналист Шамиль Багаутдинов Ұлттық парк мамандары оң жақ қолдың бес саусағына ұқсас алып саусақтардың көлемін өлшеп шыққанын жазады. «Бас бармақтың» ені – 60 см, ұзындығы – 160 см, «балаң үйректің» ені – 80 см, ұзындығы – 309 см, «ортан теректің» ені – 70 см, ұзындығы – 330 см, «шылдыр шүмектің» ені – 80 см, ұзындығы – 260 см, «кішкене бөбектің» ені – 75, ұзындығы 250 см.

Бес саусақтың нақты қашан салынғанын, қай уақыттан бері тұрғанын нақты ешкім білмейді. Бірақ болжам, долбар көп. Облыстық тарихи өлкетану музейі Катонқарағай аудандық филиалының директоры Оралғазы Қажаев тасқа қашалған ескерткіш неолит дәуіріндегі ежел­гі мүсіншілердің, сәу­летшілердің қолынан шыққан туынды болуы мүмкін деп есептейді. «Бұл жерді бала кезімнен білемін. Бұрын аса мән бермейтін едік. Енді-енді көңіл бөліп, зерттей бастадық. Адам саусағына ұқсас бұл көріністі табиғат құбылыстарынан болған бейне дегенге сену қиын. Яғни бізге петроглифтерді қалай қалдырса, бұл бейне де солай жеткен. Менің ойымша, саусақ іздері әлдебір құралмен тасты ұңғылап жасалмаған, ол тасты жібітетін қандай да бір қышқылмен салын­ған секілді. Әрине, ол қышқылды жасау әдісі біз­дің ғасырға жетпей қалған. Бұл ежелгі дәуір­дегі технологияның қан­шалықты жетік болған­дығын білдіреді», дейді ол.

Оралғазы Қажаев бұл жерді өңірдің киелі орындар картасына енгізу жө­нінде облыстық тарихи өлкетану музейіне ұсы­ныс жіберілгенін, олар бұл ұсынысты облыстық комиссияға жолдағанын, алайда тізімге енбей қал­ғанын айтты. Аудан­дық мәслихат хатшысы Дүйсен Бралинов бұл жер киелі орындар тізіміне енбесе де, жан-жақты зерттеліп, ғылыми тұрғыдан зерделеніп, ға­лым­дар, археологтар мен та­рихшылар назарына алынса дейді.

«Бұрынғы замандарда тастар жұмсақ болған, сол кезде таңбалануы мүмкін» деген пікірлерді де естіп жүрміз. Осыған ұқсас жартастар дүние жүзінің өзге де елдерінде жоқ емес. Алайда біздегі тастың өзіндік өзгешеліктері бар. Сондықтан бұл мекенге туристерді көптеп тартып, туристік нысанға айнал­дыру мәселесін ойлас­тырған жөн», дейді мәслихат хатшысы.

Ұлттық парктің эко­логиялық ағарту және туризм бөлімінің бастығы Александр Кобзевтің ай­туынша, кейбір жер­дегі саусақ іздерінің те­рең­дігі 10 сантиметрден асып кететін көрінеді. «Жер­гілікті тұрғындардың кейбірі бұл саусақ іздерін «Пайғамбардың қолы» деп те атап жүр. Осыдан бір­неше жыл бұрын осында келген канадалық саяхатшы бұл ізді көріп, өз елінде де осындай саусақ іздері бар екендігін, бірақ оның сол жақ қолдікі, бірақ көлемі бұдан үлкенірек екенін айтып кетіпті. Музей мамандарының айтуына қарағанда, ке­зінде әлдекімдер бұл ала­қанның төменгі жағын қазып көрмекші болған екен. Алайда жергілікті халық қарсылық танытып, қаздырмапты», дейді Шамиль Багаутдинов.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы

Сурет Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жеке мұрағатынан алынды