Жалпы, Елбасы Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбегі қоғамда, соның ішінде кәсіби тарихшылар мен гуманитарлық сала мамандарының үлкен рухани сілкінісін туғызды. Осы арнада ұлттық рухани өрлеу және қоғамдық сананың жаңғыру мәселелері, білім беру ісі және тарих ғылымының өзекті мәселелерін талдау, архивтер мен музейлердің жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтеру, ұлттық тарих контексіндегі жоғары оқу орындары мен мектеп оқулықтарының мазмұндық жағдайын жақсарту басты назарда болмақ.
Ғылыми форумның пленарлық отырысында сөз сөйлегендер де кітаптың осындай түйінді кезеңдеріне тоқталды. Мемлекет басшысы өзінің жаңа кітабында Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы тарихын публицистикалық жанрда баяндап, еліміздің қазіргі уақыттағы жетістіктеріне қалай қол жеткізгенін өте айшықты тілмен жеткізген. Мәселен, жаңа санаттағы мемлекеттік құрылыстың негіздерінің қалануы, қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрғыда жаңғыруы, рухани өрістегі түбегейлі өзгерістер, жаңа астананың салынуы, сыртқы саясатты түзу, қандастарымызды елге қайтару сынды өзекті тақырыптар өз уақытында өрнекті айтылған.
Алқалы жиынға З.Қабылдинов, Б.Жапаров, Ә.Рақымжанов, М.Ескендіров, М.Кемел, Е.Әбіл, Б.Әбдіғалиұлы, Т.Садықов сынды ғалымдар қатысып, баяндама жасады. Олар гуманитарлық білім беру негіздері күшейген қазіргі заманның даму жағдайында білім мен ғылымның бірегейлігін және қоғамдағы тарих ғылымының рөлінің қарқынды тұрғыда өрлеуін ерекше атап өтті.
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Мейір Ескендіровтің баяндамасында айтылғандай, кезінде бүгінгі Түркия мемлекетінің іргетасын қалаған Ататүрік тарихи зерттеулерде объективтілік қағидасын ұстанудың маңыздылығын «Тарихты жазу, тарихты жасаудай маңызды. Жазған Жасағанға адал болмаса, өзгермейтін ақиқат адамды таңғалдыратын сипат алады» деген сөздерімен түсіндірген. Ататүріктің осы аксиомасы Ұлы Дала кеңістігінде Елбасының еңбегімен дəлелденуде. Аталған іргелі еңбекте мемлекетшілдік ұстаным, елдік сана, ұлттық рух ұтымды үйлесім тапқан. Қазақстанның тəуелсіздік шежіресіне көз жүгірткен əр адамға бұл кітап жол бастаушы болары сөзсіз, деді ғалым М.Ескендіров.
Келелі кеңес өзара келісе келе жиын соңында Президенттің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы негізгі қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қоғамдық сананы жаңғыртуды және ұлттық рухани өрлеуді нақты жүзеге асыру, ұлттық кодты қайта өрістету, қасиетті орындар бағытындағы зерттеулерді, өлкетану мен архив жұмыстарын күшейту және отандық тарих ғылымы мен білімін дамыта жетілдіру мақсатында, жалпы ғылыми және қолданбалық-бағыттама ұстанымдарын келістіре өз ұсыныстарын түзіп, қарар қабылдады.
Атап айтқанда, Білім және ғылым министрлігіне және еліміздің білім беру саласындағы мемлекеттік мекемелеріне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында міндетті оқыту жүйесіне енгізу, «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» оқулықтарының авторларына аталған кітап бойынша дербес параграфтар қосуға, Мәдениет және спорт министрлігіне Президенттің жаңа кітабын БҰҰ тілдеріне аударуға ұсыныс жасады. Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігіне шетелдерде бұл кітаптың тұсаукесер рәсімдерін өткізу, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына кітаптың тұсаукесерін қазақ диаспорасы жинақы тұратын жерлерінде өткізу ұсынылды.
Мұның сыртында ел тұрғындарының барлық әлеуметтік топтарына аталған кітапты оқытып-игерту, насихаттау және оның теориялық мағынасын түсіндіру мақсатында үкіметтік емес ұйымдарға әлеуметтік жобалар беру, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына аталған кітаптың негізгі мазмұны бойынша жоғары сынып оқушыларына, студенттерге, жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне, архивтер, музейлер және гуманитарлық бағыттағы ҒЗО қызметкерлеріне, ЖОО оқытушыларына оқыту семинарларын ұйымдастыру және өткізу жайы да күн тәртібіне көшсе деген тілек айтылды.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»