Шымкент қаласын толықтай аралаған, барлық ұңғыл-шұңғылын білетін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаяу жүргіншілерге арналған «Арбат» жобасының қай жерлерде орналасатындығын белгілеп берді.
Қаланы қақ ортасынан қиып Қошқарата өзені өтеді. Жердің астын жарып шыққан, ел ауызында әулие Қошқарата бұлағы аталатын су жағалауына бұрынғы әкім Асқар Мырзахметовтің уақытында демалыс орны орналастырылған болатын.
Қысы-жазы бір температурада ағатын Қошқарата бұлағында жылдың төрт мезгілінде адам үзілмейді. Әсіресе аптаптың миды сахараға салғандай қайнатқан уақыттарында тұрғындар «балық» болып кетеді.
Енді Қошқарата жағалауынан бөлек Бекет батыр, А.Асқаров және Бейбітшілік көшелері де «Арбат» жобасына енді.
«Арбат» жобасы әуеден түсе қалған жоқ. Қала тұрғындарымен жиі жүздескен облыс басшысы осы ұсынысты көбірек естіген. Сондықтан да Жансейіт Қансейітұлы осы көшелер бойында орналасқан дәмханалардың біріне тоқтап, тұрғындармен бір шыныаяқ шай үстінде тағы да пікірлерін тыңдады.
«Арбат» жобасы бойынша шаһар тұрғындарының демалыс күндері уақытын жақсы өткізуіне жағдай тұрғызылады. Қолөнер шеберлері, суретшілер көрмесі, кәдесый сияқты шағын дүкендер жұмыс жасайды. Қазақ ұлтының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын көрсетуге де мүмкіндік туғызылады. Халық әндері мен әуесқой сазгерлердің шығармаларын тыңдауға жағдай жасалынбақ.
Жалпы, былтыр Оңтүстікте отыздан астам эскиздік жаңа жобалар бекітілген. Олардың қатарында өңірдегі туризмді дамытуға бағытталған эскиздер, сондай-ақ Шымкент қаласындағы жаңа әуежай және темір жол вокзалы мен шаһардағы көп қабатты тұрғын үй кешендерінің жобалары бар.
Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Бақтыбай Дүйсебеков сәулеттік жобалардың арасында Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени туризмді дамыту тұжырымдамасы, «Қасқасу» демалыс аймағы, Шымкент қаласындағы шатқалдарды көгалдандыру мен жаяу жүргіншілерге арналған «Арбат» типіндегі жолдар, «Ескі қала» аумағы бар екендігін айтады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес облыс аумағындағы 500 ескерткіш анықталып, оның ішінде 100 нысанның тізімі облыстық мәдениет басқармасымен бірлесіп жасалған. Олардың қатарында аудан орталықтарында салынатын «Достық үйі» жобасы, «Қазығұрт» тарихи-этнографиялық кешені, «Карауыл- төбе», Қошқарата өзенінің бойын және «Ордабасы» мемориалдық тарихи-мәдени кешенін абаттандыру мен көгалдандыру, «Көне Түркістан» қалашығын қалпына келтіру, «Ұлы дала» саябағының нобайы сынды жобалар әзірленді», дейді ол.
Биыл Оңтүстікте осындай іргелі жұмыстар атқарылатын болады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы