Фото: Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»
Бірақ сол елең-алаң шақтағы тәуелсіздікті аяқтан тұрғызып, нығайту жолындағы көл-көсір еңбек, төгілген тер, азаматтардың тегеурінді іс-қимылы, қажыр-қайраты туралы білгенмен, әрбір істің қандай қиындықтармен жүзеге асқандығын жетік, әрбір уақытты нақпа-нақ біле бермейтініміз ақиқат. Бүгінде тәуелсіздіктің нығаюына, еліміздің іргесі берік ел болуына еңбек етіп, өз үлесімізді қосып жүргенімізге қуанамыз және тәуелсіздік туралы тағылымды әңгімелерді құрметпен тыңдаймыз.
Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік дәуірі» атты шығармасы – елең-алаң шақтан бүгінгі қалыптасып, әлем елдеріне Қазақстанды танытуға дейінгі жүріп өткен жолдың жеңіл болмағандығын, ол үшін жұмсалған күш, Елбасының маңында жұдырықтай жұмылып бірге жүрген азаматтар туралы жан-жақты білуге мүмкіндік береді.
Кітаптың сүбелі төрт бөлімі, оның ішіндегі әр тақырыбының өзі талай тарихтан тағылым берер бөлімдері кешегі күніміздің жазба бейнесі, болашағымыздың жарқын даңғылы іспетті. Бүгінгі қазақстандықтар еліміздің ертеңіне нық сеніммен қарайтынымыз, мемлекетіміздің нығаюы үшін, тәуелсіздігіміздің баяндылығы үшін еңбек етіп, өз үлесімізді қосып жүрміз деп санайтынымыз ақиқат. Көңілге селкеу түсірмейтін бұл сенімнің, алдымызға асқақ мақсат-міндет қоя білген бұл жігердің бастауы қайда жатыр деген сұрақ туындайды. Қазіргідей әлем елдерін дағдарыстың, аштықтың, соғыстың – түрлі зұлматтың шырмауы шырмаған тынышсыз кезеңде қабырғалы еліміз, кең-байтақ жеріміз, парасатты басшымыз болмаса, ертеңге сенім арту тұрмақ, бүгінгіні бағамдап-болжаудың өзі мүмкін болмас еді.
«Тәуелсіздік дәуірі» – мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстанды келешекке жетелеген кемел саясатының нақты көрінісі. Біз сенген, біз арқа сүйеген алып күштің қайдан бастау алып тұрғандығын осы кітаптан оқып білуге болады. Ғалымдарымыз, азаматтар кітапқа «Тәуелсіздік энциклопедиясы» деген атау беруде, расында кітап өз парақтарына тәуелсіздік, оның мәні, еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі мен қиын жылдар, бүгінгі қалыптасқан кезең туралы жан-жақты деректі, терең мәліметті, сансыз сұрақтардың жауабын тоғыстыруымен бұл атауға барынша лайықты басылым.
Бүгінгі Қазақстан жаңғырудың үш толқынын басынан өткеріп, тарихтың, тағдырдың сынына жұтылып кетпей жұлқына, өршелене алға құлаш сермеген, сол сындардан ширығып шығып, әлем назары ауған биік мінбелерден маңызды үн қата білген, төрінде алқалы жиындар өткізіп, нәтижесінде мамыражай мәмілелерге ұйытқы бола алған, өзінің айқын жолын таңдаған нық мемлекет. Сан ұлттың өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, бір мемлекеттің тілегін тілеп, бір мемлекеттің дамуына үлес қосып, оның тыныштығын бір кісідей күзетуімен өзгелерді қайран қалдырып, бейбітшіліктің бесігі, ауызбірліктің үлгісі болған ел.
«Тәуелсіздік дәуірі» – бақ қонақтаған байтақ еліміздің баян-шежіресі, ел мен жерді танимын деген замандастарымыздың да, келер ұрпақтың да тұшынып оқитын туындысы деп білемін.
Пәния САРМУРЗИНА,
Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы
Маңғыстау облысы