Тәуелсіздік жылдарында елімізде елуден астам мемлекеттік және салалық бағдарламалар қабылданып, олар нақты жүзеге асырылып келеді. Мәселен, денсаулық сақтау және білім беру салаларын дамытуға арналған «Саламатты Қазақстан», «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламалары толығымен орындалып, елімізде мыңдаған білім ошақтары мен денсаулық сақтау нысандары бой көтерді. Сонымен қатар өңірлерде химия және фармацевтика өнеркәсібі дамып, кен өндіру саласы мен минералды шикізат кешені алға шықты. Аздаған уақыт ішінде еліміздің бірқатар өңірлерінде отандық машина өнеркәсібін және құрылыс индустриясын дамыту жолға қойылды. Бұл орайда «Бизнестің жол картасы-2020», «Өңірлерді дамыту» сияқты бағдарламалардың еліміз үшін маңызы зор.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына былтырғы Жолдауында «Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік. Жалпы, халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуі нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтады», деген болатын. Елбасы Жолдауында аталған жетістіктер бүгінде өңір халқының әлеуметтік дамуына да оң әсерін тигізіп отыр.
Тәуелсіздік жылдарында Жамбыл облысында 14 аурухана, 3 емхана, 34 дәрігерлік амбулатория және 66 медициналық пункт салынып, пайдалануға берілді. Соңғы уақыттарда өңірде жаңа әлеуметтік нысандар қатары көбейіп, елдің демографиялық ахуалы жаңа сатыға көтерілді. Елбасы Жолдауында айтылған күрделі ота мәселесі елімізде оң шешімін тауып, Қазақстан бүгінде күрделі ота жасауға мүмкіндігі толық жететін 20 мемлекеттің қатарына енді. Тараз қаласындағы «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасында жыл сайын жүрек дертіне шалдыққан азаматтар емделіп, күрделі ота жасатады. Облыс орталығындағы аталған клиника бүгінде еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосып келеді.
Әулиеата өңірінде білім беру жүйесінде де соны серпіліс байқалады. Еліміз егемендік алған жылдардың ішінде өңірде 70-тен аса мектеп пен 20 балабақша салынған. Ал 2012-2014 жылдар аралығында мектепке дейінгі 77 білім мекемесі пайдалануға берілді. Сондай-ақ 2 мектеп пен 3 балабақшаның құрылысына қажетті қаражат «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан бөлініп отыр.
Бүгінде Елбасының назарындағы басты нәрсе – елдің тұрақтылығы. Бұл туралы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Ұлы дала ұлағаттары» деген еңбегінде «Елдің күші – бірлікте. Бұл сөз біздің ұлттық ұранымыз. Бір ел, бір мақсат, бір Отан – біздің ұлттық арманымыздың ақиқат алғышарттары», деп жазған болатын. Ғасырлар бойғы арман бүгінде ақиқатқа айналып, қазақтың бойындағы кісілік пен кішілік қасиет егемендік дәуірінде де ұлттың бойынан көрініс тапты. Бүгінгі таңда Әулиеата өңірін 80-нен аса этнос өкілдері мекен етеді. Қазақ, орыс, әзербайжан, неміс, дүнген, түрік, өзбек, күрді, қырғыз, корей, татар, украин ұлтының өкілдері бүгінде өңірде ынтымақ пен бірлікті насихаттап, татулықты ту етіп тіршілік кешуде. «Біздің Тәуелсіздігіміздің жолы – Отан тағдыры үшін барлық 140 ұлттың жауапкершілігінің жолы» деп Елбасы атап өткендей, бүгінде осы мақсатта өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы шаңырағының астына 26 этномәдени бірлестік бірігіп, жұмыс істеп келеді.
Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына қомақты инвестиция тартылды. Ширек ғасыр ішінде Қазақстанға 255 миллиард доллар көлемінде инвестиция келіп, экономика қарқынды түрде дами түсті. Бұл ретте кейінгі жылдары тіршілігі тұрлаусыз бола бастаған Тараз қаласындағы «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС қайтадан түрлене бастады. Мұнда тек қана жүн түту ғана емес, сонымен қатар оны иіріп шығару мен мата тоқу ісі кешенді түрде жүргізіле бастады. Жүздеген адамға жұмыс орны ашылып, бір кезде өңір әлеуетін арттыруға үлес қосқан өндіріс орны қайта жанданды.
Әулиеата өңірінен ашылған «SUPER PHARM» медициналық жабдықтар шығару өндірісі бұл жерде бұрын-соңды болмаған жоба еді. Сонымен қатар бұрын тек қана шикізат өндірісін дамытып келген өңірде енді ет, сүт өнімдері өңделе бастады. Бұл жұмыс қарқынды жүріп, тұтынушылар аталған өнімді дайын күйінде тұтынуға қол жеткізді. Мәселен, Қордай ауданындағы «Куликово сүт өнімдері» облысты ғана емес, көрші өңірлерді де сүт өнімдерімен қамтып отыр.
Сонымен қатар Мойынқұм ауданындағы «Мыңарал Тас компани» өндіріс орны құрылыс жұмыстары үшін аса қат цемент өнімдерін өндіру арқылы Әулиеата әлеуетінің артуына оң септігін тигізіп келеді. Ал тәуелсіздік жылдарында іске қосылған «Құрылыс-Полимер» кәсіпорны полиэтилен бұйымдарын, «Тараз құбыр зауыты» силикон құбырларды жергілікті жерде әзірлеуді қолға алып отыр. Сондай-ақ «Жасұлан флора» ЖШС жылына 10 миллион дана қызғалдақ өсіруде.
Мемлекетіміздің ширек ғасырлық табыстары мен Елбасының стратегиялық жоспарларына негізделген жобалар елімізді бүгінде әлемге танытты. Өндірісі өркендеген, инновация игілігін көрген мемлекетке айналдық. Өңірлердегі өркенді істер де мемлекеттік бағдарламалар аясында өзінің жемісін беріп келеді. Сан ғасырлық тарихы бар Әулиеата өңірі де солардың қатарында.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы