Аймақтар • 06 Ақпан, 2018

Алыптың қайта оралуы

258 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Краснооктябрь боксит кен басқармасының Аят кенішіндегі карьерде сыры кеппеген су жаңа Cat  777F маркалы самосвал кен жынысын тасып жүр. Оның тозып, жұмысқа жарамсыз болып қалғанына 3-4 ай болған еді. Енді міне, түк болмағандай, осыдан он жыл бұрынғы қалпымен жұмысқа кіріскен. 

 

Алыптың қайта оралуы

Бұрын Қазақстанда осындай күрделі техникаларды жөндеп, қай­та іске қосу қолдан кел­мей­тін тірліктей көрінетін. Енді күрделі шетелдік техника­ларды сыртқа қайта тасымай-ақ, өзімізде жөндеу жүзеге асы­­ры­лып жатыр.

– Мен Краснооктябрь боксит кен басқармасында 20 жыл жүргізуші болып ең­бек етіп келемін, – дейді жа­ңар­тыл­ған самосвалдың жүр­гі­зу­-
шісі Александр Калып. – Әр жұмыс күнін осы «темір тұлпар» екеуміз бірге бастаймыз. Бұл «тұлпарыммен» енді кез­деспеймін, оны есептен шы­ғард­ы деген ойда едім. Алай­да күр­делі жөндеуден келген «ес­кі досымды» танымай қал­дым. Бұрынғы самосвалым су жаңа, жұтынып тұр. Карьерде әлі талай жыл жұмыс істейтініне кәміл сенемін.

Иә, Александрдың қуаны­шын­да шек жоқ. Күніне карьерге осы самосвалмен неше мәрте қатынайды, кен жынысын шығарады, кен тасиды. Техника жүріп тұрса, Александр да шаршадым демейді, жұмыс уақыты ол үшін – ақша. Айлық жалақысын уақытылы отбасына апарады. Өзінің ауысымы біткен соң, әріптесі осы самосвалмен жұмысты әрі қарай жалғастырады. Бұл техника алып құмырсқа секілді, бір ты­ным таппайды. Солай ты­ным­сыз қалыппен 10 жыл жұ­мыс­қа жегілді. Темір де тозады екен. Ал бұрынғы кез болса, өзге техникалар секілді мұның да барар жері белгілі еді, тозған техника қайта карьерге кір­гі­зілмейтін. Шетелден оның жа­ңа­сын әкелгенше жүргізуші Александар да мүмкін бос жү­рер ме еді. Бұл жолы тек Александр ғана емес, тұтас боксит басқармасы ұжымы қуанды. Алып самосвалдың карьерге қай­­та оралуы жаңа табыстардың тол­­қыны деп біледі жұмысшы ұжы­мы.

Жақында «Қазақ­стан алю­минийі» АҚ филиалы – Крас­но­­октябрь боксит кен бас­қар­ма­сында Қазақстанда тұң­ғыш рет алып самосвал қа­л­пына кел­тіріліп, сертификатталды. Ма­мандар Краснооктябрь боксит кен басқармасындағы карьерде 10 жыл жұмыс істеген Cat  777F маркалы самосвалдың екінші тынысын ашты. 2008 жылдан пайдалануға берілген, жүк көтерімділігі 91 тонналық қуатты көлік өз техникалық ресурсын толықтай тауысқан деуге болатын. Әдетте, тау-кен техникасының ғұмыры аса ұзақ болмайды. Себебі, жоғарыда айтқандай, оларға бір тыным жоқ. Күн-түн демей ауысыммен бұл техникалар жүздеген тонна кен мен аршылған тау жынысын тасымалдап, көптеген шақырымды жүріп өтеді. Ондай жұмыс ырғағына темір де шыдас бермейді екен. Ал тозған машинаның орнына кәсіпорын миллиондаған теңге қаржы шығарып, жаңасын сатып алар еді. Өткен жылы «Қазақстан алюминийі» АҚ жаңа техниканы сатып алудың тиімді баламасын тапты. Қазақстанда тұңғыш рет Краснооктябрь боксит кен басқармасы базасында сертификатталған қалпына келтіру (CCR) бағдарламасы бойынша бірегей операция бас-
талды. Аталған бағдарламаны Caterpillar  ресми диллері – «Борусан Макина Казахстан» компаниясы жүзеге асырды. Барлық қалпына келтіру жұ­мыс­­тары Қарағанды қала­сын­да орналасқан ком­понен­т­терді қалпына келтіру жөніндегі мамандандырылған орталық базасында жүзеге асты.

Тау-кен алыбын жөндеу соңғы бұрандасына дейін ше­шіп алудан басталды. Тозған бөл­шектер түгел жаңасына ауыс­тырылды. Бұдан кейін кө­лік­тің қалпына келтіру және жөндеуге келетін барлық тораптары мен бөлшектері «Борусан Макина Казахстан» зауыты цехтарына жөнелтілді. Одан кейін әр тетігі сынақтан өтті және сырлан­ды. Жұмыстың соңғы ме­жесінде самосвалды құ­рас­ты­рып, қажетті барлық жа­ғар­май­ларын құйып, машинаны жалпы сынақ-тексеруден өткізді. Бұл ретте осындай қалпына келтіру үдерісінен кейін көліктің жұмыс ресурсы жаңа техникадан кем түскен жоқ. Самосвалға құрастырушы зауыттың барлық инженерлік жаңартулары пай­даланылғанын айта да кеткен жөн.

Cat 777F маркалы самосвалды толық қалпына келтіру 90 күннің ішінде толық сертификатталып, жүзеге асты. Сайып келгенде оның 15 мыңнан астам қосалқы бөлшегі алмастырылды, жаңа оң жақ бампері жасалды және басты тетіктері толығымен жөнделді. Самосвалға жаңа 102 сериялы нөмір берілді, тех­никаны пайдалану сәтінен бастап-ақ кәсіпорында жаңа жүйенің тарихы басталды деуге болады. Жаңа техниканы сатып алуға қарағанда оны осылайша қалпына келтіру қа­ра­жатты орта есеппен 50 пай­ызға үнемдеді. Сонымен қа­тар компания жаңар­т-
қан самосвалға 2 жыл кепілдік береді.

– Кен техникасын сертификаттап, қалпына келтірудің бірінші тәжірибелік жұмысы сәтті өтті. Бұл самосвалды жо­ба­ның алғашқы қарлығашы дей­міз және осы бағдарлама ар­қасында техниканың қыз­мет көрсету мерзімін екі есеге ұзарттық. «Қазақстан алюминийі» АҚ үшін қайта жөндеу жаңа техниканы сатып алуға қарағанда әлдеқайда тиімді екеніне көз жеткіздік, демек жаңа техникамен жабдықтаудың өміршең баламасын таптық, – деді «Қазақстан алюминийі» АҚ техникалық қызмет көрсету және жөндеу департаментінің басшысы Евгений Құрманбеков.

Бұл кен орнындағы өте маңызды келелі істің басы ғана. Қайта жөнделген техниканы пайдалануға беру сәтінен бас­тап-ақ жүйенің жаңа тарихы бас­талды. Алдағы үш жыл­да «Қазақ­стан алюминийі» АҚ мен «Борусан Макина Казах­стан» жауапкершілігі шек­теу­­лі серіктестігі 4 самосвал­ды қал­пын­а келтіруді жоспарлап отыр. Ком­поненттерді қал­пы­на кел­ті­ру ор­талығы Cat® ком­по­не­нт­терін сер­тификаттап жөндеу жүр­гіз­етін өндіріс бо­лып табылады. Әлем­д­егі 175 диллердің 8-і ғана осындай мәртебеге ие. Үш жылда «Қазақстан алюминийі» АҚ мен «Борусан Макина Казахстан» ЖШС алты самосвалды қалпына келтіруді ойластырып отыр.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,
Лисаков қаласы