Көпшіліктің жаны қысылғанда, айтқан жерден аулақ, ауру алқымнан алғанда дәрігерге жүгіретіні жасырын емес. Әсіресе ауылдағы ағайынға аурудың алдын алу, алғашқы көмекті сапалы көрсету маңызды. Яғни әр ауылдың білікті маманмен және медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі заман талабы.
Бұл орайда Сайрам ауданы, Теспе ауылында таяуда пайдалануға берілген құрамалы модульді медициналық пункт тұрғындар үшін қолжетімді әрі тиімді болып отыр. Құрылысы қыруар қаржыны қажет етпейтін емдеу мекемесін іске қосуға екі-ақ ай уақыт кеткен. Алаңы 125 шаршы метр болатын, медициналық құралдармен жабдықталған модульдік конструкцияның құны – 30 млн теңге. Жалпы, Сайрам ауданында биыл бұдан бөлек осындай 5 медициналық тірек орнатылады. Сөйтіп ауданның денсаулық сақтау нысанына деген қажеттілігі 100 пайыз шешілмекші. Сонымен қатар Сарыағаш ауданында – 13, Бәйдібек ауданында – 3, Түлкібас ауданында 2 модульді медпункт пайдалануға беріледі.
Теспе ауылы тұрғындарының қуанышын бөліскен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев елімізде отандық медицинаны дамытуға баса назар аударылып жатқанын жеткізді.
– Елбасы Н.Назарбаев халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажеттігін атап көрсетті. «Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады. Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс», екені де Елбасы Жолдауында айтылды. Міне, осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында облыс әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, медициналық тіректердің құрылысын жүргізуге модульдік конструкция үлгісі ұсынылып отыр. Оны құрастыру тәсілі уақытты үнемдеуге және бюджет қаражатын тиімді жұмсауға оң әсерін тигізеді. Осындай медициналық тіректе науқастарға бірінші медициналық-санитарлық көмек көрсетілетін болады, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ бүгінде Сайрам ауданының орталығы – Ақсукент ауылында 500 келушіге арналған емхана құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, компьютерлік томограф сатып алынып, инсульт орталығын ашу жоспарланып отыр. Айта кетелік, облыста жыл соңына дейін тағы 47 құрамалы модульді медпункт іске қосылмақ. Жалпы, өңірде 846 медициналық нысан халыққа дәрігерлік көмек көрсетеді, оның 225-і медициналық тірек.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы