Іс-шараға қатысқан Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев бүгінгі күні қаланың көше-жол желілерінің жалпы аумағы 1146, 6 км. құрайтынын жеткізді.
«Өткен 2017 жылы полиция қызметкерлері қаланың көше-жол желілеріне 320 рет тексеріс жүргізген, тексеріс барысында 15 мың км жер қамтылған. Тексеріс нәтижесі бойынша Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына, аудан әкімдіктеріне және басқа да мүдделі органдарға 422 ұйғарым берілген. Жауапты адамдардың жұмыс жүргізу кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ көше-жол желілерін күтіп-ұстауға жауапты адамдардың талаптарды орындамағандары үшін 224 лауазымды адам жауапқа тартылды», деді Б.Малыбаев.
Сонымен қатар брифингке Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Тахир Абдурахманов, Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы Жол техникалық инспекция бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Бахытжан Алтыбай қатысты.
Сондай-ақ ол өткізу қабілеттілігін көбейту мақсатында 8 учаскеде жеке бөлінген оң жақты қозғалыс жолақтарының құрылысы жүргізілгендігін, қала көшелерінің 12 учаскесінде «Bus Line» қоғамдық көліктері үшін бөлінген жолақтар қолданылатынын айтты.
«Жылдан жылға ЖЖЕ-ні бұзуды жазып алудың автоматты жүйесі кеңеюде. Қазіргі уақытта қалада жылдамдық режімін жазып алатын «Red Speed» стационарлық жылдамдық өлшеуіші, «Vocord» аппарат кешені, «Интегра КДД» жол қозғалысын бақылау жүйесі сияқты 115 жүйе орнатылған. «Мемлекет-жекеменшік әріптестігі» жобасын іске асыру аясында елордада 2017 жылдың қазанынан бастап 20 желілік жол учаскесінде «Bus Line» бойынша бұзушылықтарды жазып алатын «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені пайдалануға енгізілді. Кешен жол қозғалысын тәулік бойы автоматты бақылау мүмкіндігін ұсынады, сондай-ақ көлік құралдарының ЖЖЕ-ні бұзуын қашықтан жазып алуға арналған. «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенін енгізу қалада жол-көлік оқиғалары санының қысқаруына айтарлықтай ықпал етті. 2017 жылдың қорытындысы бойынша төмендеу 1,7 пайызды құрады. «Сергек» АБК іске қосылғаннан бастап 2017 жылдың аяғына дейін 242 млн теңгеден астам сомаға 35 мыңнан астам құқық бұзушылық өңделді. Үстіміздегі жылы 1580 құқық бұзушылық тіркеліп, айып сомасы 9 млн-нан астам теңгені құрады», деді ол.
Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы жол қозғалысын қадағалауды жүзеге асыру кезінде жол қиылысынан өту қағидасын бұзу, апатты жағдай тудыру, қозғалыстың қарсы жолағына шығу, жылдамдық режімін арттыру, көлік құралын мас күйде басқару сияқты апаттарға әкеліп соқтыратын ЖЖЕ-ні бұзушылыққа ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.
«2017 жылы 197 мыңнан астам жол қозғалысын бұзушылық анықталды, барлық фото-бейнетіркеу жүйесі 939 млн теңгеден астам соманы құрайтын 60 мыңға жуық құқық бұзушылықты тіркеген», деді Бақытжан Малыбаев.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»