Аймақтар • 06 Ақпан, 2018

Жаңа техникалар жолдарды тазалауға сақадай сай

280 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтырғы қыс өскемендіктер үшін қатқылдау тиіп, көшелер мен жол бойындағы қар уақтылы тазаланбай қала басшылығына тұрғындар тарапынан сын-ескертпелер көп айтылған еді. «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, биыл осындай олқылыққа жол бермес үшін шаһар билігі «кәрі құданы» күтіп алуға ерте бастан қамданыпты. 

Жаңа техникалар жолдарды тазалауға сақадай сай

Осы мақсатта Гер­ма­ния­дан тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы мен жол құрылысы саласының сарапшысы Эрвин Флейшерді арнайы шақырған. «Неміс ма­маны техникалар мен қызметкерлер санын көбейту қажеттігін айтты. Оның ұсыныс-пікірлерін ескеріп, «Foton» деп аталатын көп функциялы 10 жаңа машина сатып алдық. Бір жақсысы, бұл техниканы қыста да, жазда да жол тазалауға пай­далануға болады. Сонымен қатар автопаркіміз 4 грейдермен және 2 шнекті ротормен толықты. Өткен жылы грейдерлер жол үс­т­індегі мұзды тазалай алма­ғандықтан финдік мұз жар­­ғыш техника сатып ал­­дық. Қала тазалығына жауапты «Өскемен тәртіп» мекемесіндегі жұмысшылар санын 500-ге жеткіздік. Қыс­қасы, техника мен жұмыс­шылар сақадай сай. Алайда қалада былтырғыдай қалың қар мен сірескен мұздың жоқ­тығынан бұл техни­каларды әлі пайдалана алмай отырмыз. Әзірге қаң­тарылып тұр», дейді Өс­кемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев. Неміс сарап­шысы біздегі көбіне ашық-шашық жататын канализациялық люктердің орна­ласуына қатысты да өз ойын біл­ді­­ріпті. Шетелдік маман мұның көлік жүр­гізушілеріне қо­лайсыз екендігін айтып, Еу­ропа мен АҚШ-тағыдай жаяу жүр­гін­шілер жолына орналасқаны дұрыс депті.

Қала басшысы өткен жыл Өске­мен үшін табыс­ты болғанын, облыс орта­лығында Елбасының қаты­суымен «Нұрлы жол» сая­бағы ашылғанын, шаһар­да 23 шақырым жол орташа жөндеуден өткенін, 20 жылға жуық үй кезегінде тұрған тұрғындар баспанаға қол жеткізгенін айтады. Ал 2018 жылы қала көшелерін жарықтандыру, абаттандыру, жолдарды кеңейту жұмыстары жалғасын та­уып, Жібек маталар ша­ғын ауданында үлкен сая­бақ салынады. Тағы бір жа­ғымды жаңалық, жақында осы шағын ауданда 1000 орындық қазақ мектебінің құрылысы басталды.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН