«Қаланың Ғашықтар аллеясы аумағындағы Ертіс өзенінің ағысында жанармай дағы пайда болғаны туралы дабыл біздің орталықтың «экологиялық сақшы» нөміріне жұма күні келіп түсті. Біз жағдайды бірден облыстық экология департаментіне хабарладық. Сол күні аталған департамент пен біздің орталық мамандары оқиға орнына барып, судың бетінен сынамалар алды. Жүргізген талдаулар судың құрамындағы мұнайдың үлесі мөлшерден 60 есе артқанын көрсетті. Ағыстың сәл жоғары бөлігінде мұнайдың судағы үлесі 14 есе көп екені белгілі болды», дейді Экологиялық қауіпсіздік орталығы ЖШС-нің директоры Геннадий Корешков. Орталық басшысы Ертіске мұнай Кемежай ауданынан жетуі мүмкін деген болжам айтады. Өйткені сол маңда құм таситын қайықтар тұрады.
Ертіс өзенінде орын алған жағдайға байланысты кеше арнайы түсініктеме берген облыстық экология департаментінің басшысы Дмитрий Кавригин оқиғаға қатысты жедел тексеру шаралары қолға алынып, судың ластану көзін анықтау үшін Өскемен қаласының ішкі істер басқармасына хат жолданғанын хабарлады.
«Экология заңнамасын бұзушыларды тапқаннан кейін қоршаған ортаға келген зиян мөлшерін анықтайтын боламыз. Өзенге төгілген мұнай қала тұрғындары үшін қауіп төндірмеуге тиіс. Өйткені өскемендіктер ауыз суды 40 метр тереңдіктегі жер асты суларынан алып пайдаланады», дейді ол.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН