Елбасы отандық заң жүйесіне азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау, оның үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін гумманизациялау мақсатында бірқатар жауапкершілік жүктеді. Соның бір парасы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа заманғы технологиялық керек-жарақтарды қолданысқа кеңінен енгізуге қатысты.
Қоғам ізгілікке қарай ілгерілеген сайын азаматтық ар-ожданнан, кісілік ұяттан жұрдай әрекет-қылықтар азайып, өмір сүріп отырған ортамыз тіршілік үшін қауіпсіз мекенге айналатыны анық. Нақтысы, жақсылыққа қарай басқан кез келген қадам қоғамды ізгілікке бастайды. Осы орайда құқық қорғау саласының жұмысындағы ашықтық пен әділет ұстанымына қоса, азаматтар тарапынан көрсетілетін құрмет пен сенім, тәртіпсүйгіштік пен барлық заң бұзудың жолын кесуге ынта білдіруі сияқты парызға да адалдық қажет-ақ. Қоғамның ізгіленуі деген осы болса керек-ті.
Бейнекамералар қаланы қауіпсіз ете ме?
Мәселен, қалалар мен елді мекендерді смарт технологиялар арқылы бейнебақылауға алу қарулы күзет пен сымтемірлі қоршауларға қарағанда, анағұрлым тиімді әрі өрелі екені аян. Бұл бір жағынан қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа интеллектуал сатысына көшуге әрі еліміздегі цифрландыру жұмыстарының жедел жүруіне де жол ашпақ.
Қазір «Қауіпсіз қала» талабына сай бейнебақылау құрылғыларын іске қосу басты назарда. Бұл жұмыс нәтиежесіз де емес. Әсіресе, жұмыс қарқыны Астана, Алматы сияқты үлкен қалалардың шеңберінде қалып қоймай, аймаққа да жылдам аяқ басқаны ауыз толтырып айтатындай жетістік. Мысалға, Алматы облысындағы тұрғындар көп шоғырланған елді мекендерді бейнебақылау камераларымен жабдықтау қарқынды жалғасып келеді. 2017 жылы өңірдегі 10 әкімшілік орталыққа жалпы саны 766 сыртқы бейнебақылау камералары орнатылған екен. Бейнебақылау құрылғыларының саны жөнінен Талдықорған қаласы алда тұр. Облыс орталығындағы бейсауыт жүрісті қалт жібермейтін 669 камера жұмыс істейді. Және аталған құрылғылардың барлығы ішкі істер органдарының басқару орталығана тікелей жалғанған, бұл тәртіп сақшыларының жедел дабыл беру мен жедел әрекет ету мүмкіндігін еселеп арттырған. Биылғы жылы Жаркент, Қапшағай, Қаскелең, Текелі сияқты шағын қалаларда тағы 550 камера орнатылатын болады.
Әрине, Алматы облысындағы құқық қорғау саласын цифрландыру жұмыстары бейнекамералар орнатумен шектелмейді. Мысалға, 2017 жылы Талдықорған қаласы мен Ескелді, Көксу аудандық ішкі істер бөлімдерінде «Электронды қылмыстық іс» модулі арқылы сот ғимараты мен уақытша ұстау изоляторы арасында онлайн режімінде бейнеконференциялық байланысқа қосылу жолға қойылып, оған қажетті 25 бірлік техникалық жабдық орнатылған. Бұл өз кезегінде біз сөз етіп отырған құқық қорғау саласының қызметтік міндетін жүзеге асыруы мен гуманизм қағидаттарының салтанат құруына жасалған оң қадам ретінде бағалануы керек-ақ.
Смарт технология полиция имиджін көтере ме?
Тәртіп сақшыларының әлеумет алдындағы жағымсыз кейіпкер бейнесінен арылуына, полицияның оң имиджін қалыптастыруға дәл осы смарт жүйелер септігін тигізіп отырғаны рас. Әсіресе, жол-патруль полициясының 810 қызметкерінің портативтік бейнетіркегіштермен жабдықталуы заң бұзушылар тарапынан да, қызметкерлер жағынан да оң нәтиже көрсете бастаған. Бейнежетонды байқаған жолаушы бұрынғыдай мәселені «бармақ басты, көз қыстымен» шешуге батылдық таныта алмайтыны байқалған. Әрине, бұл жол полициясы қызметкерінің жемқорлықтан ада болуына да ықпал ететіні сөзсіз.
Қазір жол-патруль полициясы бейне деректерді жүктеу және сақтау жүйелерімен 93 пайызға қамтамасыз етілген. Оны 100 пайызға жеткізу үшін биыл тағы 61 құрал сатып алынбақшы. Сондай-ақ жақында облыстағы 250 полиция экипажы планшеттермен, принтерлермен және электронды хаттамалар жасауға арналған төлем терминалдарымен толықтай жабдықталады. Мұның сыртында биыл облыс елді мекендерінің геоақпараттық картасы жаңартылып, 741 бекет «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» порталына қосылатын болады.
Тәртіп сақшысы... тәртіп бұзуына бола ма?
Айтпақшы, полиция имиджі дегеннен шығады... Жақында облыстық ішкі істер департаментінің 2017 жылғы жұмысы қорытындыланған еді. Сонда көңілге кірбің түсіретін деректер де жария болды. Сөз, әрине, ішкі істер қызметкерлерінің тәртібіне қатысты. Былтыр 31 полицейге қатысты 33 қылмыстық іс қозғалған екен. Оның ішінде 23 пара алу фактісі, 2 лауазымдық уәкілеттігін асыра пайдалану, 2 лауазымдық уәкілеттігін теріс мақсатқа пайдалану, 2 алаяқтық, 1 қызметтегі әрекетсіздік, 1 салғырттық, 1 кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа мәжбүрлеп көндіру және біреуі заңсыз көші-қон ұйымдастыру сияқты келеңсіздік орын алған. Ал сыбайлас жемқорлыққа қатысты 29 қылмыстық әрекет анықталған екен. Мұның сыртында әкімшілік жауапкершілікке 72 қызметкер, тәртіптік жазаға 16 қызметкер тартылыпты. Сондай-ақ түрлі жағдайдағы жол-көлік оқиғасына 26 полицей себепкер болған...
Әрине, облыстық ішкі істер департаментінің өткен мерзімдегі жұмыс қорытындысында жағымды істер де айтылды. Мысалға, 2017 жылы Алматы облысының аумағында орын алған жол-көлік оқиғасының саны арғы жылмен салыстырғанда азайған.
Облыс жолдарында 2016 жылы 2086 апатты жағдай тіркелсе, бұл көрсеткіш 2017 жылы 1934 оқиғаға дейін төмендегені қуантады. Әділін айтуымыз керек, қылмыспен күрес пен алдын алу жұмыстарына жетісулық тәртіп сақшылары жұмыла кірісіп, барынша нәтижелі әрекет етуде. Ішкі істер органдарының жұмысын жандандыру мақсатында Алматы облысы әкімдігі тарапынан қаржыландыру үлесі артып, 2017 жылы бюджет қоржынынан 11,9 млрд теңге бөлінген. Бірақ аймақтағы қылмыстық ахуал қалыпты жағдайда болғанымен, кейбір бағыттар бойынша алаңдауға негіз бар. Мысалға, бір жыл ішінде пәтер тонау мен ұялы телефон ұрлау фактілері азаймай отыр. Есепті кезеңде үй тонау – 7,1 пайызға, телефон ұрлау 5,8 пайызға көбейген.
Тағы бір жағымды жаңалық жетісулық құқық қорғаушылардың бастамасымен «Малшы – мал иесі – жергілікті атқарушы орган» негізінде үш жақты келісім жасау мен малды жаю ережелерінің жобалары бекітіліп, қабылданды. Бұл өз кезегінде аймақтағы мал ұрлығының алдын алуға үлкен көмек болып отыр. Бұл басқа өңірлердің үйренетін үрдісі болса дейміз...
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы